Дарынды ғалым – ұлағатты ұстаз
Мерейтой – әр адамның өмірінде болатын тамаша оқиға, өткендегіге есеп беретін, жаңа идеялар мен жүйелі ойлардың туындауына себеп болатын ерекше кезең.

Міне, Салтанат Қуатқызы да осы жылдар аралығында соңына қарайлап, есіне түсіріп, мақтан тұтатындай біраз өмірлік тәжірибе жинақтаған. Оның өмірлік тәжірибесінде маңызды жетістіктері мен кіршіксіз адал еңбегі, алдына қойған міндеттерді шешудегі жоғары кәсіби беделі, сарқылмас күш-қуаты, жоғары азаматтық жауапкершілігі, болашақ мұғалімдердің білімі мен тәрбиесі жүйесінің дамуына қосқан елеулі үлесі көрініс алады.
Салтанат Қуатқызы 1989 жылы Жезқазған педагогикалық училищесін үздік тәмамдап, Қарағанды педагогикалық институтының педагогика факультетіне «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша оқуға қабылданады. Жетекші ғалымдардан дәріс алады. Өзінің оқуға, білімге деген ынта-ықыласымен, алғырлығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түседі. Факультеттегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, әртүрлі конкурстарға қатысады. Әрбір тапсырманы жауапкершілікпен атқарып, оқу озаты атанады.
«Білім – адамның болашағы» екенін жақсы түсінген Салтанат Қуатқызы өзінің барлық ынта-зейінін білімге аударады, көп ізденіп, көп оқиды. Курстық және дипломдық жұмыстар, рефераттар жазып, баяндамалар жасау арқылы ғылымның қыр-сырын меңгереді.
«Ғылыми жұмыс өмірдің мән-мағынасына айналғанда ғана жемісті болмақ» деген оймен Салтанат Қуатқызы өзінің институт қабырғасында алған білімін 1994 жылы аспирантурада жалғастырады. Аспирантураны мерзімінде аяқтап Салтанат Қуатқызы оқытушылық қызметіне қайта оралып, кафедрада педагогикалық және жеке әдістемелік пәндер бойынша: педагогика, педагогикалық менеджмент, ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістемесі, тәрбие жұмысының әдістемесі, педагогикалық шеберлік, бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту теориясы мен технологиясы бойынша дәріс және практикалық сабақтар жүргізеді.
1999 жылы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің диссертациялық кеңесінде Салтанат Қуатқызы педагогика ғылымдарының докторы, профессор РФ ХПББҒА-ның академигі, Сақыпжамал Асқарқызы Ұзақбаеваның жетекшілігінде «Болашақ мұғалімдерді қазақ халқының ауызекі шығармашылығы арқылы бастауыш сынып оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеуге даярлығын қалыптастыру» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғайды. 2000-2022 жылдар аралығында кафедраның меңгерушісі болып қызмет атқарады.
2010 жылы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ж.Наурызбайдың ғылыми жетекшілігінде «Оқушылардың этномәдени білімінің қалыптасуы мен дамуы» тақырыбына докторлық диссертация қорғайды. 2017 жылы ҚР ЖАК шешімімен «педагогика профессоры» ғылыми атағы беріледі.
Салтанат Қуатқызының кандидаттық диссертациясы мен докторлық диссертация және соның негізінде жазған монографиялары бүгінгі жас ғалымдардың зерттеулеріне бағыт-бағдар беріп, мектеп мұғалімдеріне көмекші құрал ретінде септігін тигізіп отыр.
Салтанат Қуатқызының өмір өткелдеріне тереңірек бойласақ, ғылым мен білімді, қоғамдық жұмыс пен қызметті қатар алып жүргенін аңғарамыз. Егер, олардың кейбіріне тоқталатын болсақ, дарынды ұстаз:
ҚР ҒБМ бұйрығына сәйкес бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі, тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі бойынша тест тапсырмаларын әзірлеуші және сарапшы; Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің (АРТА) сарапшысы;
Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы ҚР ҒБМ РОӘК «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласындағы оқу-әдістемелік бірлестігінің мүшесі;
ЖАК ұсынған ғылыми журналдардың («ҚарМУ хабаршысы» Педагогика сериясы, «ҚР ҰҒА хабаршысы»; «Алтынсарин академиясының хабаршысы») редакциялық алқа мүшесі;
«Педагогика және психология» білім беру бағдарламалары бойынша Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің PhD диссертациялық кеңес мүшесі;
ҚР БҒМ Ұлттық Ғылыми Кеңесінің мүшесі, ҚР БҒМ Ұлттық Ғылыми Кеңесінің төрағасы;
«Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «Педагогика және психология» білім беру бағдарламалары бойынша Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің диссертациялық кеңес төрағасы қызметін атқарады, оны да үлкен жауапкершілікпен атқарып, көптеген PhD докторанттардың сапалы деңгейде қорғап шығуына бағыт-бағдар береді.
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген халық даналығын негізге ала отырып, өзі де жас ғалымдарды докторлық диссертация қорғауға даярлайды. Нәтижесінде осы жылдар аралығында Салтанат Қуатқызының жетекшілігінде 10-ға жуық педагогика ғылымдарының кандидаттары мен PhD докторлары (Г.К.Бельгибаева, Қ.Б.Аданов, Г.С.Аяпбергенова, Ж.Б.Әбішев, С.А.Кеңесбекова және т.б.) мен 30-дан астам магистранттар диссертацияларын қорғайды. Бүгінгі таңда беделі биік ұстаздан диссертация қорғаған шәкірттер еліміздің танымал оқу орындарында дәріс беріп жүр.
Салтанат Қуатқызының жылдар бойы жинаған мол тәжірибесі мен өз ісіне деген жауапкершілігі, кәсіби шеберлігі ғылымға жаңадан келген жас ғалымдарға өмірде, ғылымда өзінің орнын таба білуге және Қазақстанның педагогика ғылымын дамытуда өз үлесін қосуына көмектесуде. Шәкірттерінің айтуына қарағанда Салтанат Қуатқызы күнделікті жұмысбастылығына қарамастан өзінің шәкірттеріне әрқашан уақыт таба білген, олардың өзіне деген сенімін арттырып, ғылымға қызығушылығын оятқан, өзінің көзқарасын ешқашан шәкірттеріне орынсыз міндеттемеген, олардың ғылыми көзқарасы мен идеясын қоштап, жүзеге асыруына мүмкіндік берген.
Ғалым-ұстаз ғылыми зерттеу жұмыстарына студенттерді де көптеп баулуда. Оның студенттерінің жұмыс нәтижелері әртүрлі дәрежелі ғылыми жинақтарда және халықаралық конференциялар материалдарында жарияланым көрсе, ғылыми жұмыстарға арналған республикалық конкурстар мен республикалық пәндік олимпиадаларға қатысқан студенттері мен магистранттары жүлделі орындарды иеленуде.
Осы айтылғанның бәрі Салтанат Қуатқызының білімдарлығын, парасаттылығын, кісілік келбетін, тектілік кемелдігін айғақтайды. Салтанат Қуатқызының тектілігі отбасынан алған тәрбиесінен, адамдармен қарым-қатынас мәдениетінен, парасатты ойы мен істеген ісінің ірілігінен, өзінің білімін шәкірттерінің жүрегіне жеткізе білуінен және т.б. байқалады.
Салтанат Қуатқызы шәкірттеріне қоятын биік талапты өзіне де қоюдан жалықпайды: жылма-жыл алыс және жақын шет мемлекеттердің жетекші университеттерінде тағылымдамада болып білімін көтереді; Халықаралық республикалық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, бүгінгі білім жүйесіндегі өзекті мәселелерге баяндамалар жасайды; Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы жоғары мектеп оқытушыларына арналған қарқынды ағылшын тілі курсын бітіреді.
Салтанат Қуатқызының ғылыми ізденістерінің нәтижесі оның басылым көрген 450-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік сипаттағы еңбектерінде көрініс табады. Соның ішінде, 8 монография, 2 оқулық, 18 оқу құралы, 2 терминологиялық сөздік, 35-тен астам электронды оқулық. Бірқатар мақалалары импакт-факторы бар жоғары рейтингті журналдарда басылым көреді. 5 – Хиршасы (Scopus) 1 – Web of Science индексі тағы бар.
Салтанат Қуатқызы еңбектерінің санына және бүгінгі толып отырған жасына қарап, еріксіз қайран қаласыз. Тіпті, «бұның бәрін қай уақытта жазып үлгерген, әлде демалыссыз күні-түні кітап жазумен айналыса ма?» деген сұрақ туындамай қоймайды. Бұл орынды да.
Әйтсе де, сырт көзге бәрі оңай көрінгенімен, мұндай жетістікке кез келген ғалым оңайлықпен жете қоймайды. Бұл — тынымсыз еңбек пен ұйқысыз түндердің, қабілет пен біліктіліктің, шыдамдылық пен төзімділіктің, үздіксіз ізденістің нәтижесі.
Міне, осындай ғылым шыңына жетер жолдағы кезеңдерден өткен Салтанат Қуатқызының қол жеткен жетістіктері бүгінгі жас мамандар үшін еліктеуге тұрарлық өнеге десе болады.
Салтанат Қуатқызының ғылыми-педагогикалық қызметі, ғылымды дамытудағы және ғылыми кадрлар даярлаудағы еңбегі ҚР Білім және Ғылым Министрлігі тарапынан жоғары бағаланады: ҚРБжҒМ «ЖОО үздік оқытушысы – 2008, 2014» мемлекеттік грантының иегері, Т.К.Камзабаев атындағы Премия лауреаты, ҚР ғылым мен техниканың дамуына қосқан еңбегі үшін Мемлекеттік ғылыми стипендия иегері, 2020 ж. – ҚР педагогикалық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі) академиялық атағы берілді. ҚР Білім және ғылым Министрінің Құрмет грамотасы – 2018 ж., ҚР Білім және ғылым Министрінің Құрмет грамотасы – 2019 ж., «Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы.Алтынарин» белгісі – 2020 ж., «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медалімен (Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығы) марапатталған.
Қорыта айтқанда, Салтанат Қуатқызы педагогика ғылымы мен білімінде «өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан дарынды ғалым, ұлағатты ұстаз».
Мен шәкіртімнің осындай беделі биік жетістікке жеткенін, қаламы ұшталып, ойы толысып, кәсіби білімі шыңдалып, өзінің ғылыми мектебінің іргетасын қалай бастағанын мақтан тұтамын!
Бергенінен берері, алғанынан алар асулары көп шәкіртімнің айтылмай қалған қырлары баршылық. Мен, тек оның кісілік келбеті мен тұлғалық қасиеттерінің және қол жеткен жетістіктерінің кейбір қырларына ғана тоқталып өттім.
Бүгінгі мерейтойда, шәкіртім Салтанат Қуатқызына – зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт, ойда жүрген тың идеяларының жүзеге асырылуына сәттілік тілеймін!
Сақыпжамал Асқарқызы Ұзақбаева,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор,
РФ ХПББҒА-ның академигі,
Абылайхан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ-нің
педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі
№196