Дария кеуде, тау мүсін
…Ауылға аңсарым ауып отыр. Біздің ауылдың бірлігін айт! Бірлікпен бекемделген берекесін айт! Айт! Айта түс! Қазына қарттарын айт! Әрқайсысы – бір төбе. Төбе емес-ау, тау! Даладай дархан, баладай аңғал ғой, шіркін! Біздің ауылдың қариялары! Қатары сиреп барады. Сол – өкініш. Дегенмен, біздің ауылдың қарттарынан қалған қазына мен қасиет сарқылмақ емес. Қазақы қасиеттің қайнар бұлағының көзін ашып, біздерге аманаттап отыр. Осындай көкірегіне көмбе бөктіріп, тұла бойына қасиет тұндырған ақсақалымыздың бірі – Өмірзақ Мәмбетов.
Қарияны қадірлеуде сақалының түсіне қарамаған біздің қазақ. Яғни, кәрілікке иек артып, сақал-шашын қырау шалғанның бәрі Ақсақал емес. Кешегі күні ел алдындағы еңбегі жемісті, кісілік келбеті келісті, бүгінгі өнегесі өрісті болғанын ғана ақсақал деп пір тұтамыз. Біздің Өмкең – нағыз ақсақал!
Жасыратыны жоқ, көп қариямыз қора мен үйдің ортасында қартайды. Қорадағы қойдың санына жете алмай, бала-шаға, немерелермен жағаласып жүріп, жүйке жұқартып алды. Иманынан жиғанын қымбат көреді олар. Біздің Өмкең олардың қатарынан емес.
***
Өмкең – балалықтың балдәуренін басынан кешпеген буыннан. 1937 жылы туған. Сұрапыл соғыс басталғанда төрт жаста ғана. Әкесі Мәмбет еңбек армиясына алынды. Анасы ала таңнан қас қарайғанша колхоз даласында. Құлдыраңдаған бала Өмірзақтың ойын алаңы – есігі бұрнағы жылы колхоз меншігіне берілген қасқа өгіздің бас жібімен маталған киіз үй. Анасы жарықтық мың торғай қамасаң, бір торғай қалмайтын қараша үйдің түндігін де түріп үлгермейді. Алайда, түндік түріп те қажеті жоқ. Күннің нұры үйдің қырық-шұрық жыртығынан да төгіледі.
…Соғыстан кейінгі жылдары да біразға дейін ел еңсе көтере қоймады. Ер-азаматтың көбі майданнан оралмады. Колхозда жұмыс күші жеткіліксіз. Өмкеңдер бейнетке жегіліп, ауыр еңбекке бұғанасы бекімей араласты.
Аралтөбенің маңы – колхоздың егіс алқабы. Ақсайдағы қырман басы – абыр-сабыр. Құмкөл мен Жаркөлде үйрек ұшып, қаз қонып жатады. Өмкең бастаған ауылдың қарасирақтарының міндеті – егінді құстан қору. Масаққа құс тұрмақ, маса қондырмайтын. Өйткені, енді ғана есі кірген ойын баласы болса да, саңылаулы санасы үлкендердің еңбегін, табан ақы-маңдай терін еш жібермеу деген жауапкершілікті сезініп қалған. Өздері сабаққа барғанша, құс жылы жаққа қайтқанша, бұлар да дамыл таппайтын.
Міне, жалақы төленбейтіні, еңбек кітапшасына жазба жазылмайтыны болмаса, Өмкеңдердің еңбек жолы осылай басталған-ды. Содан бері ат үстінде. Қамсыз қарттық бақытына кенеліп, алаңсыз ғұмыр кешіп жатқаны осы ғана. Оның өзінде ел қадірлісі, ауыл ардақтысы ретінде ел ішіндегі ірілі-ұсақты ортақ мүдделі істерден оқшау қалған кезі жоқ.
***
…Қыс. Үскірік жел жыландай ысқырып, үдеп тұр. Жарықтық қыстың келте күні шолтаң ете қалмай ма?! Әлгінде ғана түстік асын ішіп болған еді. Енді, міне, күн жарықтық көкжиекке төніп тұр. Әне-міне дегенше айдаһардың аузына іліккен алтын жұмыртқадай жұтылып кетпек. Жеңіл шапанын желбегей жамылып тысқа шыққан Өмкең бойының мұздағанын сезгенімен, үйге асығар емес. Таңмен таласа жолға шыққан кенже ұлы Ерболаттың қайтар уақыты болды. Соғым уақыты болған соң, қаладағы тұрақты тұтынушылары тапсырыс берген. Соларды жеткізіп беруге сапарлап кеткен Ерболаттың жолына қарап, көңіліне алаң кірген Өмірзақ ақсақалдың ойына өзінің өткен өмірі шырмала кетті.
Бұлар да науқан кезінде үй бетін көрмей кетуші еді ғой. Үйдегі жары Шолпан да, інісі Жәкеннің қолында тұратын қарт әке-шеше де бүгінгі өзі секілді алаңдап отырды-ау сонда. Әсіресе, әкесі Мәңкең бәйгенің алдын бермейтін «Водовоз» атты тұлпарымен күніне бірнеше мәрте соғып:
– Өмірзақтан хабар ма? Контордағы басқармалар рациямен сөйлесіп отырған шығар, барып білмедіңдер ме? – деп, келіні Шолпанның мазасын алады екен. Қайта қазір ұялы телефон бар ғой. Ол уақыттың ұялы байланысы – әлгі рация. Ауылдан алты қыр асып шыққан соң, оның өзі қырылдап-сырылдап қалатын.
Міне, өз әке-шешесінің басынан өткен жағдай енді өзі басына түсіп тұр. Балалары жолға шығамын десе болды, дегбірі қашып, ауа райына болжам жасап, аяқ астынан жұлдызшы бола қалады.
Жұлдызшы демекші, ана бір жылы қыс қатты болып, К.Маркс атындағы совхоздың шаруашылығы күйзеліп еді ғой. Ұмытпаса, 1986 жылдың қысы. Иә, сол жылы еді ғой, совхоз басшылығы танымал жұлдызшы марқұм Назарбек Қожамсейітовті алдырып, қыс бойы «кәрі құданың» әр күніне болжам жасатып отырды. Иә, сол жылы еді ғой, өзі де үй бетін көрмей, қыс бойы жылқышылар қосында болғаны. Қыс қаһары үдеп, жылқы жарықтық жүдеп барады. Қара жер хабар айтпасын, Назарбек жұлдызшының болжамы бірде келіп, бірде келе бермейді. Қыс ішінде жаңбыр жауып, жылқы қар үстінде коньки теуіп кеткен. Қыс бойы тебінде болатын Қамбар ата түлегіне арнайы жемшөп дайындалмайды. Әй, бір қиналып еді-ау сол жылы. Ол кезде Өмкең №1 бөлімшенің меңгерушісі еді. Қотандағы қойы аман болатын бұл бөлімшенің. Жемшөбі – жеткілікті. Алайда, совхоз басшылығы:
– Жылқы фермасындағы жағдай қиын. Ол жерге Сіздің тәжірибеңіз ауадай қажет. Уақытша сол жаққа бара тұрасыз, – деп қолқа салған соң, амалсыз келісім берген. Өйткені, Өмкең ортақ істен оқшаулану, өзімнің ұпайым түгел, қалғаның не болсаң ол бол дегенді ғұмырында білмейтін еді. «Осы күнгінің адамынан мейірім кеткен-ау». Өткенді орағытып тұрған жүйрік ойы осы иірімге келгенде селт ете қалсын. Өзі селк еткендей болды. Шынымен де, қазір «пәленшенің көлігі бұзылып, жолда қалыпты» десе, елең етпей отыра беретін болған осы күнгінің адамы. Өмкеңдердің заманында ше? Апыр-ай, адамға қауіп төнген былай тұрсын, совхоздың бір қойы пысқырынса, бір бөлімше атқа қонушы еді ғой.
…Ауылға кірер тас жолдан осы көшеге қарай бұрылған «Джип» көлігін бірден таныды.
– Иә, Алла, бергеніңе шүкір! Ерболат қой мынау, – деп күбірлеген күйі үйге беттеген. Бойының мұздап қалғанын енді сезді. – Шолпан, Алуа! Ерболат келе жатыр, шәйін демдеңдер. Шаршап келе жатыр ғой, – деді де, өз бөлмесіне өтті. Қалың дәптерін қолына алып, көзілдірігін киді. Әлденені түртіп қойды. Әлгінде ойша саяхаттап қайтқан өткен күндер бедерінен есіне бірдеңе түскен болу керек. Зерделі қарт көрген-білгенін, жадында жаңғырғанын ақ қағазға түртіп жүретін әдеті бар-ды.
***
…Өмкеңдер өмірдің өзінде шыңдалған. Ол үшін мектеп те, университет те, академия да – өмір. Ерте есейді. Иә, ел басындағы соғыстан кейінгі ауыр уақыт ерте есейтіп жіберді. Әрине, жалғыз Өмкең емес. Соғыс салған жара – сол буынның қасіреті. Мектепте оқыды, қара таныды дегені болмаса, қағаз болса – қалам жоқ, қалам болса – қағаз жоқ уақыт бұйырды ғой бұл буынның маңдайына. «Правда» газетінің ақ шетіне шығарма жазып, «Известия» газетінің ақ шетіне есеп шығарып жүріп оқыды.
Еңбекке ерте араласып, бір әулет бетіне қарап қалғандықтан болар, жоғары білім алуға мұршасы болмады. Әйтпесе, қабілетті еді. Кейін Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне оқуға түскен. Сырттай бөліміне, әрине. Үшінші курсын бітірген жылы үлкен баласы Балапан мектеп бітірді. Студент әке студент баланы қалай оқытсын?! Өзі оқуын доғарып, балаларын оқытуды ойлады. Одан кейін Қарлығашы, одан кейін Сапы… Шолпан шешеміз екеуінің кіндігінен өрбіген ұл-қыздың аралары жиі болатын. Бірінен кейін бір есейді. Бірінен кейін бірі оқыды. Өмкең әкелік парызын адал атқарды. Ешбір баласын қатарынан кем қылмады. Барлығын оқытты. Әрқайсысын өз алдына үй етті.
Біздің ауылда совхоз кезінде 5 бөлімше болатын. Өмкең осының барлығында меңгеруші болды. Совхоз басшылығы үнемі Өмкеңді шаруашылығынан күй кетіп, кежегесі кейін тартқан бөлімшеге жіберетін. Сондықтан болар, Өмкең өзі басқарып отырған бөлімшенің ғана шаруасын күйттеп қоймай, көршілерде не ахуал болып жатыр, жіті назарда ұстап отырды. Өйткені, бүгін болмаса – ертең, ертең болмаса – арғы күні совхоз басшылығы сол бөлімшенің тізгінін ұстата салуы мүмкін. Әйтеуір, Өмкең басқарған бөлімше аз уақытта «Социалистік жарыстың» жеңімпазы атанып, сол кездегі жүлденің төресі «Ауыспалы Қызыл Ту» Өмкеңмен бірге жүретін. Аты ауыспалы болғанымен, Өмірзақ Мәмбетов басқарған бөлімшеден басқаға ауыспайтын. Өмкең тізгін ауыстырғанда ғана ауысады.
Өмір мектебінің түлегі болғандықтан болар, Өмкең – ауыл шаруашылығының бесаспап маманы. Жердің күйін қолағаштай дипломы бар агрономыңнан артық, малдың жайын ветеринарыңнан артық біліп тұрады. Техникаңызды оталдырып қойыңыз, диагнозын тамыршыдай дөп басады. Ең бастысы, Өмкең – тәлімгер. Қаншама жастарды тәрбиеледі. Небір жалқауларыңыздан – озат, берекесізден – белсенді шығаратын. Біздің К.Маркс атындағы совхозды (қазіргі Ералиев ауылы) алты жыл басқарып, шаруашылықтың ең бір дәуірлеген кезеңінде тізгін ұстаған білікті басшы Бейбіт Хасенов:
– Тентексіз ауыл бола ма?! Ал, біздің міндет – сол тентекті тезге салып, оларды мемлекеттік мүддеден оқшауландырмау. Әр істің басын бір шалып, еш жерден береке таппай жүргендер болды бұл ауылда да. Сондайларды Өмекеңнің қарамағына бере қоятынбыз. Өмекеңе барған соң дыбысы шықпай қалады әлгілердің. Не ұрысқанға, не алдағанға көнбейтін солармен әйтеуір, Өмекең тіл табысады. Кейін солардың болмысы да, тұрмысы да түзеліп шыға келетін, – деді Өмірзақ ақсақал туралы ортақ әңгімеміздің бірінде. Мүмкін, тәсіл шығар. Бірақ, мен үшін бұл – тәлімгерліктің тәмсілі бөлек тәжірибесі.
***
Өмкең жаңа заман, жаңа жүйеге тез бейімделді. Өзіне қарасты әулеттің несібесін де, елдің игілігін де еселеп отырған «Нұрбол» шаруа қожалығы 1995 жылы құрылған. Шағын ғана малмен, ұлтарақтай ғана жер алып, шаруашылық басқаруда тәжірибесі мол Өмірзақ ақсақал өзі бас-көз болып, тығырықтан жол табуға ұмтылды. Қажырлы өмірлік тәжірибесі жарап берді шаруашылықты аяғынан тік тұрғызуға. Еншілеріне тигені – жүргенінен тұрғаны көп көкжөтел трактор.
– Ал, балалар, іске сәт! Ешкімнің аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ. Жоқтан бар жасайтын заман туды. Осы бұйырғанды ілдебайлап күн көреміз. Тек қана қажымай еңбек ету керек. Ертең-ақ, дүрілдеген шаруашылық болып шыға келеміз. Естеріңде болсын, өз төлінен өскен мал берекелі болады. Қанша қиналсақ та, малды үнемді жұмсауға тырысыңдар, – деген Өмекең ақсақал. Айтқаны айдай келді. Мал өсті. Сенімі ақталды. Сәт сайын кеңейіп, мал саны өз төлі есебінен өсіп жатқан «Нұрбол» шаруа қожалығының ешкімге алақан жаяр жағдайы жоқ.
Қанаттын кеңге жайған шаруашылықтың бүгінгі тынысында Өмкеңнің өмірден де, шаруашылық басқарудан жинаған мол тәжірибесі жатыр.
***
Өмірзақ ақсақал Шолпан шешемізбен көңіл қосып, бүгінде ақ ордаға айналған шаттықты шаңырақтың уығын 1958 жылы қадапты. Жұптары жазылмағанына 60 жылға жуықтап қалды. Аппақ пейілдеріне Алла да үйіп-төгіп берді. Түпсіз өнегені де, мал-дәулетті де. Асқақтаған абыройды айтыңыз! Бәрібір Өмірзақ ақсақал мен Шолпан шешеміз түздегі мал-дәулетті, арзан абыройды емес, үйдегі бала-шағаның амандығы мен елдің тыныштығын байлық санайды. Өрен-жараны да бойларына әкенің күшімен, ананың сүтімен дарыған өнегені дәулетке балайды. Ата-ананың ұрпақ үшін жасаған еңбегі алдындағы перзенттік парызын абыроймен өткерсек деген мақсатпен ғұмыр кешіп жатыр.
Тұңғышы Балапан ғалым-агроном мамандығын игеріп, Жаңаарқа ауданының бірнеше совхозында бас агроном, бөлімше меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқарды. Қарлығашы – Шет ауданы бойынша қазынашылық басқармасын басқарады. Сапы – мектепте ұстаз. Сапы ән салғанда, Сапалай сері тіріліп келгендей рухтанады ауыл. Алма, Анар, Ардақ, Сандуғаш, Алтынай есімді қыздары әр салада қызмет етіп, абырой биігінен көрініп жүр. Ізтөлеуі – ауылдағы іргелі фермердің бірі. «Аққұдық» шаруа қожалығының жетекшісі. Жомарттығымен жолдан жығылмай жүрген Атымтай азамат. Кенжесі Ерболат – қарашаңырақта. Зайыбы Алуа екеуі қарт ата-ананың бабын тауып, батасына кенеліп отырған жайы бар.
Сексеннің сеңгіріне көтерілген ақсақалдың сергектігі – бір бөлек әңгіме. Біздің «Орталықты» бір әрпін қалдырмай оқитын оқырманымыз. Ауылға барған сайын арнайы барып сәлем беремін. Басылым бетінен мақалам көрінбей кетсе:
– Кейінгі кезде жазбай жүрсің ғой. Жалқаулыққа тізгін беріп қойдың ба? – дейтіні бар.
Кенже ұлы Ерболат – жан жолдасым. Баласымен дос болған соң мақтап отыр демеңіз… Мақала емес, тұтас бір кітапқа жүк болар өнеге бар Өмекеңнің бойында.
Айтпақшы, Өмкең – «Орталықтың» оқырманы ғана емес, басылымның демеушісі. Өткен жылы ордалы басылымның 85 жылдық мерейтойына бір жылқысын сойып тастап, аузымыздан ақ май ағызғаны бар. Жалпы, Өмкеңнің босағасына бақ байланып, жүрегіне жомарттық ұя салған. Ауылдың жоқ-жітігі мен жетім-жесіріне қайрымдылық жасау, ауыл мешітінің жөндеу жұмыстарын қаржыландыру секілді көпке ортақ игіліктің басы-қасында Өмкең жүреді. Өткен жылы ауылымыздың жарты ғасырлық мерейтойын ұйымдастырдық. Сол шарада да Өмкең әулеті туған жер киесін қастерлеудің тамаша үлгісін танытты. Кенжесі Ерболат екеуі қарашаңырақ атынан ту биені көлденең тартып, әр отауы қомақты қаржы салды ортақ қазанға.
***
20 ақпан күні Өмкең ақсақал 80 жасқа толды. Алла бойыңызға қуат, жаныңызға шуақ сыйласын! Тамыры тереңге тартқан бәйтеректей болмысыңызға жамандық жоламасын! Дария кеудеңіз сарқылмасын, тау мүсініңіз аласармасын!
Ауылға аңсарым ауып кетті. Даланың иісі бұрқыраған дария кеуде, тау мүсін қарияларды сағынып…
Ерсін МҰСАБЕК
ЖАҢААРҚА ауданы.
Суреттерде: 1. еңбек ардагері Өмірзақ МӘМБЕТОВ;
2. Өмірзақ ақсақал мен Шолпан шешеміз – кенжелері Ерболатпен.
Тамаша жазылған! Автордың кейіпкер болмысын ашудағы шеберлігіне сөзім жоқ