Дархан МАЛДЫБАЕВ: Қарағанды қаласындағы референдум барысын 835 байқаушы бақылауда
Бүгін елімізде республикалық референдум өтіп жатыр. Дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталып, барлық өңірде референдум учаскелері жұмысын бастады. Қарағанды қаласында да тұрғындар азаматтық ұстанымын білдіріп, ерекше белсінділік танытуда. Референдумның өту барысы, қатысушылардың белсенділігі туралы Қарағанды қаласы аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Дархан Малдыбаевпен сұхбаттастық.

– Референдум учаскелерінде жұмыс дәл қазір қауырт екені белгілі. Дегенмен, Қарағанды қаласындағы ахуалға кеңірек тоқталып өтсек…
– «Сайлау туралы» Заңға сәйкес Қарағанды қаласындағы сайлау учаскелері таңғы 7.00-де ашылып, жұмысын бастап кетті. Барлық комиссия төрағалары, мүшелері өз міндеттерін жетік біледі. Азаматтардың дауыс беруі үшін қажеттілік толықтай қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда барша учаскеде жұмыс белсенді түрде жүріп жатыр.
Жалпы, Қарағанды қаласында 189 учаскелік референдум комиссиясы бар. Онда 1513 референдум комиссиясының мүшелері жұмыс істеуде.
– Референдумға дейін нақтыланған тізім бойынша Қарағанды қаласы бойынша дауыс беруге құқылы қанша азамат тіркелген?
– Қарағанды қаласында дауыс беруге құқылы азаматтар саны 359 770-тен асады. Қазіргі уақытқа дейін шамамен 254-255 мыңдай азамат дауыс беріп үлгерді. Бұл жалпы тізімдегі азаматтардың 70 пайыздан астамын құрайды.
– Тұрғындардың референдум барысындағы белсенділігін қалай бағалайсыз?
– Дауыс берушілердің белсенділігі өте жоғары. Оны жоғарыдағы көрсеткіштен-ақ білуге болады. Сонымен қатар, учаскелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай жасалған. Пандус, шақыратын түймеше, тактильді жолақ орнатылған. Одан бөлек, әр учаскеде бір кабина арбамен кіруге ыңғайланып жасалды. Сонымен қатар, арнайы бұрыш бар. Онда әріп үлкейткіш, құлаққап, ноутбук, брайль шрифті бар.
– Үйден дауыс беруге қанша өтініш түсті?
– Бүгін 12:00-ге дейін мүмкіндігі шектеулі және денсаулығына байланысты келе алмайтын азаматтардың өтінішін қабылдап, 12:00-ден бастап, комиссия мүшелері үйіне барып, дауысын жинап жатырмыз. Екі мыңнан астам өтініш түсті. Оларға 83 инвотакси, 19 сурдоаудармашы жұмылдырылған.
– Учаскелерде референдум барысын бақылайтын қанша байқаушы мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысып отыр?
– Аккредидациядан өткен қоғамдық ұйымдардан, жергілікті байқау жүргізетін ұйымдардан 835 байқаушы бар. Сонымен қатар, шет елдерден келген 28 байқаушы референдум учаскелерді аралап жүр. 49 БАҚ өкілдері референдумды жариялауға атсалысуда.
– Қазіргі уақытқа дейін қандай да бір заңбұзушылық немесе шағым тіркелді ме?
– Дәл қазіргі уақытқа дейін Қарағанды қаласындағы референдум учаскелерінде ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ.
– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР



