Поэзия

Дарабоз

Жасынан жүріп текті ізбен,

Қайратқа жігер жеккізген,

Қазақтың бокс спортын,

Ұшпағына жеткізген,

Спорттағы табысы,

Әлемді елең еткізген,

Одақта сан мықтыға,

Беделмен сөзін өткізген.

Жеңімпаздар баптаған,

Мақсатсыз таңы атпаған,

Тауып берген қазаққа,

Іздеген жоғын таппаған,

Жан-жағынан қаптаған,

Кедергіні таптаған.

Ел жұртының қамы үшін,

Ұрпақтың жарқын таңы үшін,

Талаптың мініп тұлпарын,

Байрақ етіп намысын

Жеңістен жеткен жеңіске,

Білген соң істің мәнісін.

Көңілде жоқ аласы,

Отаны – қазақ даласы,

Осындай еді Ер Ғалым,

Аралбай батыр ұрпағы

Жарылғаптың баласы.

Қайраткердің өзі еді,

Қиынға қайсар төзеді.

Жарқылдаған алмастай,

Ұлтының дарабозы еді.

Армандары бар еді,

Тұлғасы – намыс, ар еді.

Дәуірдің жүгін көтерген,

Қайыспас қара нар еді.

Бижамалдай спортшы,

Сүйген жары бар еді.

Нұрғазы мен Сәулесі,

Өмірінің нәрі еді.

Құлатты ажал бақ шыңын!

Көзім жеткен нақ шыным-

Ғұмыры қысқа болады,

Дарындар мен жақсының.

Таң қылған досын, қасын да,

Жібіткен ізгі ниеті,

Таудың қара тасын да,

Өтті Ғалым фәниден,

Қырық бес қыршын жасында.

Иманы болып саналы ар,

Өмірден өткен даналар.

Мезгілсіз ажал жан алар,

Орнында бар оңалар.

Ғұмырының нұр жазы,

Жүрегінің сыр, назы,

Жетілді бүгін ұрпағы –

Сәуле менен Нұрғазы.

Пендеге ардақ қадір ғой,

Дарыған ақыл, сабыр ой.

Екеуінің жиғаны,

Білім мен табыс, абырой.

Еңбекпен бастап қадамды,

Қадірімен баурап адамды,

Басқарып кеден Нұрғазы,

Полковник атанды.

Бар алуан өнері,

Бокстың спорт шебері

Нұрғазы туған ұлтының,

Көңілі Көктей кең ері.

Ұстазы қазақ жасының,

Ойнатқан бокс жасынын.

Еңбек сіңірген

жаттықтырушысы,

Қазақстан Республикасының.

Айбары бар барыстың,

Бірегейлі арыстың.

Чемпионы болған ол

Одақтық спорт жарыстың.

Қарсы жүзді ағысқа,

Табыстан жетті табысқа.

Ұлы – Әлихан, қызы – Делила,

Оқып жүр бүгін АҚШ-та.

Тегі де асқар бел еді,

Биіктермен тел еді.

Нұрғалымы – оқушы,

Құлпырып өсіп келеді.

Сәуле игеріп кәсіпті,

Кәсіптен тапты нәсіпті.

Білім алып жоғары,

Аспирантурадан асыпты.

Қатарына бағалы,

Ақкөңіл ақ жағалы,

Жолдасы Руслан екеуі,

Бизнесмен бала-шағалы.

Тектіліктен жаралып,

Ғалекең болды дара алып.

Өтеді жылда турнирі,

Беделді халықаралық.

Ұрпағы гүлі ізгінің,

Үлгісі бір іздінің.

Сәуле менен Нұрғазы,

Ұстаған турнир тізгінін.

Атағын елден асырған,

Спортқа жастай бас ұрған,

Ғалымның абзал есімі,

Елімен бірге жасайды,

Асады талай ғасырдан!

Қалкен Смайыл,

Қазақстан Журналистер одағының, Халықаралық Жазушылар одағының

мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button