Дана данышпандығынан – дала жусанына
Кір жуып, кіндік кескен жерім – Егіндібұлақ селолық округі. Елге мәлім Едірей тауының баурайындағы қасиетті қоныс. Даланың дара данасы – Қаздауысты Қазыбек бидің өскен жері.
Сондықтан да, базарлы Балқантауда, еңселі Едірейде туғанымды мақтан тұтамын. Туған жер – ғұмырлық тұмарым, өйткені. Қазақтың әулие биі Қаздауысты Қазыбектің қасиетті ізі қалған киелі топырақта туғанын кім мақтаныш қылмайды?!
Менің балдәурен балалық шағымның шуақты сәттеріне осы өңірдің атырабы куә. Әкем Мыңжасар Әдекенұлы Кент тауының маңындағы ата-бабаларымыздың мекені – Қыстаубай қонысында дүниеге келген екен. Еңбекке ерте араласып, сұрапыл соғыс жылдарынан кейін қазіргі Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжін үздік тәмамдап, Алматыдағы зоотехникалық мал дәрігерлік институтына сынақсыз қабылданыпты. 1954 жылы осы институтты да қызыл дипломмен бітіріп шыққан. Сөйтіп, сол кездегі Қу ауданының (кейін Егіндібұлақ ауданы аталды) Қоянды машина-трактор станциясына бас зоотехник жолдамасын алған. Жастық жігері мен жұмысқа деген құлшынысы әкемізді сатылай өсуге жетелеген. Нәтижесінде, аудандық партия комитетінің екінші және бірінші хатшысы қызметіне де сайланған.
Қазыбек Келдібекұлы секілді кемел ойдың кемеңгерімен әкемді қатар қойып, қаптал дәріптеуден аулақпын. Десек те, баба тойы қарсаңында қазақта Қазыбектей әулие өткенін, даланы даналығымен билеген дарабоз болғанын алғаш ардақты әкемнің аузынан естігендіктен, ұрпақ сабақтастығына саналы түрде септігі тиген әке рухына тағзым ете кетуді де ұмытпағаным деп бағалаңыздар.
Әкеміз тек ауыл шаруашылығының білікті маманы ғана емес, қазақтың көне дәуірде салтанат құрған салтын қадірлеп, халқын сүйген ұлтжанды азамат еді. Мен күні ертең 350 жылдық мерейтойы тойланғалы отырған Қазыбек бабамыздың шешендік сөздерін, қара қылды қақ жарған әділдігі туралы әпсаналарды әке аузынан естіп, жадымда сақтап өстім. Яғни, менің ұлтымыздың мәйегі бұзылмаған салт-дәстүрі мен киелі сөз құдіретін сезінуіме әкемнің ықпалы мол болды. Әкем еңбегімен Егіндібұлақты елге, зердесімен Қазыбек бабамызды ұрпағына танытты. Кешені – бүгінге жалғап, үзілмес дәстүрдің шырақшысы бола білді.
Міне, сол уақытта бала болсақ та, көптеген ел ағаларының сөзіне құлақ түрдік. Өмірден түйгендері мен өсиетті әңгімелерін жадымызға сіңіріп өстік. Әкеміз партия қызметі сияқты аса жауапты қызметте жүрсе де, қаламы қуатты, сөзі уәлі адамдармен етене араласты. Әлі есімде, біздің үйге ат арылтып келіп жататын азаматтар қазақтың тарихы, төл мәдениеті, төл әдебиеті, аңыз-әфсаналар, жалпы, руханият тақырыбында терең әңгіме өрбітетін.
Дала дипломатиясының дарабозы атанған аруақты бабамыз – Қаздауысты Қазыбек бидің көрегендігі, шешендігі, бітімгерлігі, ел мен елді елдестірген парасатты ойлары туралы да жастайымыздан жаттап өстік. Әкеміз бен анамыз да Ұлы Бабаның болмыс-бітімі жайлы әріден әңгіме шертетін. Өсиеттерін бізге үнемі үлгі ететін.
Қаздауысты Қазыбек бидің түп тамыры – Қаракесектен (Болатқожа) Ақша, Түйте туады. Қазыбек бидің әкесі Келдібек Шаншардың Айбике есімді әйелінен туады. Шаншар Бұлбұлдың Құбакемпір есімді әйелінен туады. Бұлбұл Бошанның Тазынан тарайды. Бошан – Ақшаның баласы. Бұл шежіре «Ә.Бөкейхановтың шығармалары жинағының» ІV томында (2016 жыл) жазылған.
Яғни, Ақша мен Түйте ұрпақтары – ағайынды бауырлар. Тарихта Қазыбек би жер дауы, жесір дауын шешудегі турашылдығымен танылғаны мәлім. Міне, Қаздауысты Қазыбек Қаракесектен тараған Түйте ұрпақтарына жердің шұрайлысын – Кент тауының баурайын еншілеп берген. Асан қайғының Жерұйығымен пара-пар өлке. Қаздауысты Қазыбек бабамыздың осынау шешімі арқылы тұтастай қазақ халқының бойындағы кең пейілділігін, бауырмалдығын, даладай дархандығын анық аңғарамыз, дос сүйініп қарайтын бет-бейнесін көреміз.
Жартасты баурайлары көптеген шатқалдармен, Жалған, Шыған, Қызымбет, Жанұзақ, Тұйық, Ақтөбе және басқа өзектермен тілімделген Кент тауынан Талды өзенінің Аққияқ, Қараағаш, Қызылкеніш, Қадыр сияқты оң салалары және Түндік өзені бастауларының бірі Ақжарық бастау алатыны белгілі.
Сырдың бойын көбелей көшкен елге Арқаның қоныс етуге кеңес беріп, кемеңгерлікпен кемел байлам жасаған да – Қазыбек би. Ормандай Орта жүз руларының салқар Сарыарқаның шұрайлы жерлерін қоныстануына тікелей Қазыбек бидің зор ықпалы болғанын қасиетті баба дүниеден озғанда айтқан қызы Қамқаның (Маңқан деп те айтылып жүр) жоқтауындағы:
Өсиет қылдың қазаққа:
Сарыарқа болсын қонысың! – деген жолдардан аңғаруға болады. Кемеңгер бидің кеңесімен Арқаға келіп көшін доғарған елдің ұрпағы күні бүгінге дейін түгін тартсаң, май шығатын қасиетті өлкені мекен етіп, баба аруағына мың мәрте разылығын білдіріп отыр. Қазыбек бабаның аманатына адалдық танытқан мұратты мұрагерлері бұл өңірді түлетті. Түрлендірді. Ырысын еселеп, ырзығын осы топырақтан тапты. Міне, әулие бабаның көрегендігі!
Қасиетті топырақ ұлықты ұл, қылықты қыз тудырмай қоя ма?! Қазыбек бабаның өзі де, көзі болып Мәди-ғұмыр өтті бұл атырапта. Күмбезді даланың күй-ғұмыры болып Тәттімбеттің сазы қалды Қарқаралыда. ХХ ғасырда Қасым болып атойлаған қазақ жырының рухы аспандап кеткен. Не керек, Қазыбек баба таңдап қонған қоныстың асқақтаған аты алысқа жетіп, Тоқтардай ұлы ғарышқа самғады. 1991 жылы 2 қазанда «Байқоңыр» ғарыш айлағынан жеті қат көкке көтерілген әуе кемесінде қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров емес, Қазыбек бабаның аманаты самғап бара жатқандай болған. Кемеңгер баба рухы қанатына су бүріккен қазақ қыраны сол жолы бабалар аманатын ғарышқа алып ұшып, Тәуелсіздік атты Тәңір сыйын еншілеп келгенін қалай ұмытармыз?!
Жердің де, елдің де тағдырын батырдың семсерімен емес, ақылдың алдаспанымен кесіп те, шешіп те тастаған әулие бабаның болашаққа деген болжамы бекер болмады. Ендеше, өз салама салмақ салып, ханның биі бола тұра, бір өзі ақыл-ойдың патшасындай кемеңгерлік танытқан би бабаның ата жұртындағы бүгінгі игілік жайында сөз сабақтайын.
Қасиетті өлкенің шұрайлы жері малдың азығына ғана жарап қоймай, адам жанының арашасына айналғаны Жер ғаламшары үшін айтулы жаңалық болды. Мәселен, жусанның қатерлі ісікке қарсы ем болатын мыңнан бір түрі осы Кент тауының етегінен табылды.
Емдік өсімдіктен арнайы препарат әзірлеу ісі қолға алынып, 1997 жылы «Арглабин» препаратының жасалуы Қазақстан үшін үлкен жаңалық болған еді. Алғашқы сынақ барысында дәріні қабылдаған 72 науқастың 44%-ында ісіктің өсуі тоқтағаны байқалды.
Тек, Қазақстан аумағында ғана емес, әлем нарығында үлкен сұранысқа ие болған бұл өнімді дайындайтын «Фитохимия» институты Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 07.04.95 ж. №430 Қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қамқорлығымен Қарағанды қаласында ұйымдастырылды.
2005 жылы Елбасының жеке тапсырмасы бойынша, Үкіметтің 27.09.2005ж. №953 Қаулысына сәйкес «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ болып қайта құрылды.
Тек қана Қарқаралы өңірінде өсетін эндемикалық өсімдік – тықыр жусаннан алынатын «Арглабинге» деген сұраныс жылына 5 миллион ампуланы құрайды. Еліміздегі барлық онкологиялық клиникалар «Арглабинді» пайдалануда. Осы күні «Арглабин» препаратымен 3500-ден аса адам емделіп жатыр, оның клиникалық тиімділігі 76% болып табылады. Бұл тиімділік алыс және шет елдердің ірі-ірі орталықтарында дәлелденген. Қазіргі таңда бұл дәрі онкологиялық аурулардың кейбір түрлерін тиімді емдейтін құралға айналып, оның алу және пайдалану тәсілдері 11 мемлекетте патенттеліп, қолданысын табуда. Мәскеуде Н.Блохин атындағы Ресей онкологиялық ғылыми орталығында «Қатерлі ісікке қарсы «Арглабин» препаратын қолданудың тәжірибелік және клиникалық аспектілері» тақырыбына өткізілген халықаралық симпозиумде Н.Блохин атындағы Ресей онкологиялық ғылыми орталығының ісіктердің тәжірибелік диагностикасы және терапиясы институтының директоры, академик А.Барышников, Ресей онкологиялық орталығының профессорлары – Л.Горбачева, Л.Манзюк, А.Вайнсон, С.Ткачев, Белоруссия профессоры Н.Луд, Украина профессоры Г.Кулик қатысқан жаңа бірегей қатерлі ісікке қарсы «Арглабин» препаратының өмірге келгендігін бірауыздан мақұлдады.
Аталмыш препараттың тиімділігі Леонардис Клиник (Германия, Бад-Хайльбрунн қ.), Онколоджи Лабз, МД Андерсон (Хьюстон, АҚШ), Ресей медицина ғылымдары академиясының Н.Блохин атындағы Ресей онкологиялық ғылыми орталығы, Ресей медицина ғылымдары академиясының Н.Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу институты жанындағы интерферон және цитокиндер жөніндегі Орталық, Ресей медицина ғылымдары академиясының В.Закусов атындағы фармакология ғылыми-зерттеу институты (Мәскеу қ.), Грузия Республикасы Онкологиялық ұлттық орталығы (Тбилиси қ.), Қырғызстан Республикасы Онкологиялық ұлттық орталығы (Бішкек қ.) сияқты алыс және таяу шетелдің ірі онкологиялық орталықтарында дәлелденіп бекітілген. Ал, Қазақстанда «Арглабин» препараты Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Қызылорда, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Көкшетау және Семей клиникаларында қолданысқа енген.
Бұл жұмыс 2007 жылы лайықты бағасын алып, ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың қазық қаққан қазыналы Қарқаралысының Кент тауы өңірінен алтын адамның табылуы да – тарихи жаңалықтардың қатарын толықтырып, халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртуға септігін тигізді. Бұл Сақ дәуірі патшалығының бек, бекзадалары осы аймақты мекендегенін көрсетеді. Өлкенің тарихы тереңнен тамыр тартатынын айғақтайды.
Яғни, Қарқаралы жерінің қойнауы құтты екендігін таныған Қаздауысты Қазыбек бидің көрегендігінде де терең мән жатса керек.
Әрине, біз сөз еткен Егіндібұлақ ауданының жабылып қалуына «тоқырау жылдарының» ызғары тиген болар. Дегенмен, қазіргі күні сол өңір қайта түлеуде. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының нәтижесінде, шалғайдағы ауылдарға да бетбұрыс жасалып, қамқорлық көрсетілуде. Қазақтың түп тамыры, алтын бесігі – ауыл-ауылдар жанданып, халықтың әл-ауқаты жақсарды. «Алтай Полиметалл» сияқты өндіріс ошақтары ашылып, халықтың игілігіне бағытталған әлеуметтік-тұрмыстық нысандар да көптеп салынуда.
Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының да өңірді қайта түлетуге негіз болары сөзсіз. Бір ғана «Туған жерге туың тік!» бағдарламасының өзі елінің, жерінің қамын жеген азаматтарға ой салса, игі!
Бабаның таңдайындағы сөз бен даланың шалғайындағы жусан Мәңгілік Еліміздің ұрпақтарына мәңгілік мұра болып қала береді.
Қазыбек бабаның әр сөзінде – кие, Бейбарыс бабамыз аңсап келіп, аңқасын ашқан Арқа жусанында – қасиет барын естен шығармасақ – болғаны, ағайын!
Серғазы ӘДЕКЕНОВ,
ҚР ҰҒА академигі,
облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы