Даму жолында іркілмес үшін
Қазақстанда АЭС салу, иә салмау – аса маңызды экономикалық әрі саяси мәселе. Толғауы тоқсан бұл тақырып сонау 90 жылдардан бермен қарай тынбай талқыланып келе жатыр. Осыған орай, түрлі деңгейдегі мінбелерден әрісі шетел, берісі отандық энергетик мамандар тарапынан сантүрлі көзқарас қылаңытып келеді. Әл-әзір бір тоқтам жоқтың қасы. Тоқетерін Мемлекет басшысы мәлімдеді. Былтыр 1 қыркүйекте Парламентте халыққа кезекті Жолдауын жариялаған Президент «Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан, оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сарап пен сапа
Президент меңзегендей әңгіменің түп төркіні энергетикалық тәуелсіздікке кеп тіреледі. Уранның қор көлемі бойынша әлемде қара үзген Қазақстанда атом электр стансасының құрылысы көмірсутектер импортына және мұнай мен газға әлемдік бағам ауытқуына көзқаранды қылмай, өз байлығын өзі пайдалану мәртебесіне қол жеткізеді. Сайып келгенде, өз ырысымыз өз қолымызда тұрғанда келешекке көз тіккен бостан ел жаңа әрі қауіпсіз технологиядан бас тартып отырған жоқ. Әлбетте, үздік атом реакторын сала қою айтқанға оңай болғанымен, іс жүзінде жеті рет емес-ау, жетпіс рет өлшеп, бір рет кесетін сындарлы шешім. Бұл орайда, қоғам белсенділері мен кәнігі мамандар көбіне Оңтүстік Кореяның «APR-1400» моделін қауіпсіздік кепілі жоғары деп бағамдайды. Оңтүстік Корея өзінің ядролық бағдарламасын АҚШ-тан алынған заманауи үздік технологиялар арқылы дамытып, бүгінде реакторларын өз бетінше экспорттау үстінде.
– Менің жеке өз ойыма келсек, иә, атом электр станциясын салу керек. Референдум өткізу қажет! Жапония, Франция, Оңтүстік Корея, Қытай және Ресей сияқты елдер Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі. Өйткені, 2000 жылдардың өзінде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық операторы осы мемлекеттермен тығыз байланыста болды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табуда деп ойлаймын. Тек, осы бір мән-маңызы жоғары мәселеде аса дайындықпен халық болып бірегей шешім қабылдаған абзал, – деп тұжырды ойын Қазақстан Халық партиясының облыстық филиалының төрағасы Халел Мақсұтов.
Екінші бір тарап франциялық PWR типті реакторға риясыздық танытады. Франция электр энергиясының шамамен 70%-ы атом станцияларында өндірілетіндігімен танымал, бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Осылайша EDF (Électricité de France) және Orano компаниялары ел ішінде де, одан тыс жерлерде де атом станцияларын жобалау мен салуда шешуші рөл атқарады. Есесіне қауіпсіз саналған бұл қос ел өндірушілерінің бағамы да жоғары. Бұл жайт мемлекет қаржыгерлерін терең ойландырады.
«Қазақстан маман дайындауы керек»
– Бүгінде «АЭС салу, салмау» тақырыбы әлеуметтік желінің басты тақырыптарының біріне айналды. Билік тарабы жақтап, халық қарсы болып жатады. Меніңше, ресми биліктен тәуелсіз кәсіби мамандарға жүгінген де дұрыс шығар. Көзі қарақты жұрт ақпаратты ақтарып, салыстырып жатқан да болар. Қысқасы, Қазақстан әуелі мықты мамандарды өзі қаржы бөліп, дайындау керек. Олар жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Сондықтан, болашақта заманауи технология жетілдірілгенде АЭС салуға болатын шығар. Осы мамандардың байламына сай қауіпсіздігі мен пайдасы анықталғанына көзіміз әбден жету керек, – деп пікір білдірді тәуелсіз журналист Жаңабек Нар.
Ал, ендігі кезекте көршілес Ресей елі де тұр. Көрші ел әлемдегі ең байырғы және дамыған ядролық бағдарламалардың біріне ие. Ол VVER (Water-Water energetic Reactor) типті реакторларды белсенді түрде Үндістан, Қытай, Иран және Түркия елдеріне экспорттайды. Росатом (Rosatom) – мұқым әлем бойынша атом станцияларын салумен де, пайдаланумен де айналысатын атом энергетикасы саласындағы жетекші корпорация. Бірақ, «Чернобыльдің кебін киеміз» деген қарақан жұрттың ішіндегі үрейге жол бергендердің уәжін де қабылдамасқа болмас. Онан соң қарқынды өсім мен айқын мақсатқа бас қойған Қытайдың ядролық әлеуеті – дүние жүзіндегі ең жылдам әрі алапат қарқынмен дамып келе жатқан бағдарламалардың бірі. Қытай ядролық технологияларды дамытуға және жаңа реакторлар салуға қомақты инвестиция құюда. Шығыстағы алпауыт халық Hualong One (HPR1000) сияқты реакторларын дамыта түсіп, озық технологияны игеру үшін шетелдік үздік компаниялармен бірлесіп жұмыс істейді.
Бұл елдер атом энергетикасын дамытуға қосқан сүбелі үлесімен, инновациялық технологияларымен және мейілінше қауіпсіздігімен ерекшеленеді. АЭС салу үшін серіктес таңдау саяси тұрақтылық, экономикалық тиімділік, техникалық мүмкіндіктер және қауіпсіздік беделін қоса алғанда, көптеген факторларға жанама да, тікелей де байланысты. Қазақстан атом электр станциясының құрылысын қарастыра отырып, осы елдердің бірін ядролық энергетика саласындағы тәжірибесі мен технологияларын ескере отырып, серіктес ретінде таңдай алады.
«Қалауын тапса, қар жанады»
Енді, бұл күрделі мәселе түптеп келгенде халық қалауымен жүзеге асатыны аян. Эколог Дмитрий Калмыковтың сөзіне сенсек, мәселені жалпы талқылауға барынша ашықтық негізінде бүкпесіз шығару қажет.
– Мемлекет халықпен сөйлесуі керек. Швейцарияның бір тәжірибесі ұнайды. Ол жақта ондай маңызды мәселелер бойынша жылына бес-алты референдум өтеді. Ал, бізде құр сөз рәсуа ету бар. Ядролық энергетиканы жақтайтындар «салу керек, біз бәрін есептеп қойдық» дейді, алайда, іс жүзінде ешқандай есеп жоқ. Ал, біреулер кімге, не үшін керек екенін түсінбей тұрып, «референдумда талқылайық» дейді. Қоғамдағы диалогтың сыңайы осы әзірге. Халықтың бір бөлігі қорқады, тарихи радиофобия бар. Нақты ақпарат болмаған соң, Үкімет тарабы жарытып ештеңе түсіндірмеген соң, халықты маңызды тақырыптарға жұмылдырмаған соң, қорқады. Сондықтан, салғырттық пен радиофобияның болуы – қалыпты нәрсе, – дейді спикер.
Түптеп келгенде атом тәуекелінің астарында алдымен энергетикалық қауіпсіздік бой көрсетеді. «Себебі біз электрмен жабдықтау жүйесінің жұмысында тұрақты іркілістерге тап болдық. Оған мысал ретінде жақында елдің оңтүстігіндегі электр қуатының өшірілуін айтуға болады. Біз шекаралас мемлекеттердің энергия жүйесіндегі жұмыстың сапасына ішінара тәуелдіміз. Сондықтан да, елдің энергетикалық қауіпсіздігі проблемасын шұғыл шешу керек», – деді Президент. Ал, атом энергиясы кенжелеп қалса, бастабында экономика төменге құлдилайды. Аймақтағы көшбасшылығымыздан қол үземіз. Оның үстіне жыл жылжыған сайын энергия тапшылығы артпаса, кемімейді. Тұтастай қалғанда, бір мемлекет даму көшінен қағаберіс қалады.
Сөз соңында, аты мәшһүр ғұлама Альберт Эйнштейннің «Егер сіз әлем игілігі үшін ядролық физика жаңалықтарын сауатты қолдана білсеңіз, бұл жерді жерұйық етеді» деген нақылы еске түсіп тұрғаны. Рас, атом тәуекелі бәрімізді вундеркинд болуға итермелемесе де, жаһан жаңалығына ілесе білуге меңзегендей. Әлбетте, мұнда көзсіз ерлікке барып та қажеті шамалы шығар. Тек болашақ энергияның жалқынсары нұрын оңтайлы, бастысы егемен елдің ертеңіне ұтымды пайдаланғанда айып жоқ секілді. Білмекке құштар жұрт, дүрмекке ермейді…
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz