Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен Балқаш қаласында болды. Сапар аясында аймақ басшысы өңірдегі бірқатар мәдени, туристік, өндірістік нысанды аралап, жұмыстарымен танысты. Көлік жолдарын шұғыл түрде қалпына келтіру қажеттігін айтты. Әр салаға жеке-жеке тоқталып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыс басшысы алдымен еңбек ұжымдарымен жүздесті. Мәселен, Балқаш жылу электр орталығындағы кездесуде көптеген мәселелер көтерілді.
– Өздеріңіз білетіндей, жыл бойы мен тұрғындармен кездесулер өткіземін, бірақ олардың арасында жұмыс ұжымдарының өкілдері үнемі бола бермейді. Сондықтан, бүгін сіздердің ұсыныстарыңыз бен сұрақтарыңызды тыңдау үшін келдім. Биыл Президенттің бастамасымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Мемлекет басшысы жұмысшы мамандықтары – экономиканың негізгі қозғаушы күші екендігін ерекше атап өтті. Сіздерге адал еңбектеріңіз бен өңірдің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтқым келеді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Басқосуда азықтүлік бағасының өсуіне қатысты мәселе көтерілді. Қала әкімі Сапар Сатаев көпті алаңдатқан мәселенің шешімі коммуналдық базар салу арқылы шешіледі деген жоспарымен таныстырды. Онда кәсіпкерлер жалға алу ақысы төленбейтін сауда орындарын алады. Осының есебінен бағалар төмендеуі ықтимал. Барлық қажетті инфрақұрылымы бар ғимаратты кең және жылы, ауа баптағыштары бар, санитариялық тораптарымен салу көзделген. Бұдан басқа, қалада коммуналдық павильондар орнатылмақ.
Жасыратын несі бар, бүгінде қаланың жолдары бойынша сын көп. Әйтеуір жерлестеріміз оған түсіністікпен қарайды. Өйткені, өткен жылы инженерлік желілерді қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Қыс қаһарына мінбей тұрып, орталық жылу жүйесі іске қосылды. Және жылу беру құбырларындағы апаттық жағдайлар саны едәуір азайған.
Нақты айтсақ, 32 шақырым жылу желілері мен 44 шақырым су құбыры жөнделді. Биыл тағы 21 шақырым жаңа құбыр салу жоспарланған.
Сапар Қайыркенұлы уәде еткендей, автожолдарды жөндеу жұмыстарының қарқыны биыл артпақ. Жиырмаға жуық көшенің бойында жол жөнделеді.
Баспана мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Кездесуде «Отбасы банкі» филиалының директоры Бауыржан Жуасбаев жұмысшы мамандарға арналған «Наурыз жұмыскер» жаңа ипотекалық бағдарламасы туралы айтып берді. Ол үстіміздегі жылдың 17 наурызында іске қосылады.
Ермағанбет Бөлекпаев «Қазақмыс» компаниясының өнеркәсіптік нысандарын да аралады. Ол «Kazakhmys Progress» ЖШС жұмысымен, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Металлургия және байыту институтының ғалымдары әзірлеген вакуумдық дистилляцияның жаңа технологиясы бойынша шығарылған техникалық селен өндірісімен танысты.
Сондай-ақ, облыс басшысы Балқаш мыс балқыту зауытының қымбат металл цехының өндірісін, «Қазақмыс» компаниялар тобының талдау зертханасын аралап көрді.
Ермағанбет Қабдулаұлы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынған №12 мектепке де арнайы барып, білім ошағының ұжымымен жүздесті.
Ангиографиялық операциялық жапсарлас ғимарат салынып жатқан қалалық ауруханаға да арнайы барды. «Коунрад» қорының қолдауымен ашылған «Jas Space» жастар орталығында болып, оның жабдықталуы – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі деген баға берді.
Бұдан соң облыс басшысы қаланы дамыту жөнінде кеңес өткізді.
– Өткен жылы Балқашта тұрақты өсу байқалды. Қала негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасын сақтап қалды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,8%-ға артты. Қала экономикасына 58,6 млрд теңге инвестиция тартылды, – деп атап өтті облыс басшысы.
Биыл қандай жұмыстар атқарылмақ? Бұл туралы қала әкімі Сапар Сатаев баяндады.
Шаһар басшысы атап өткендей, Балқаш-Тораңғылық кенті магистральды су құбырның құрылысын бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Байқау қорытындысы бойынша мердігер анықталды. Жобаны іске асыру туризмді дамытуға ықпал ететіні сөзсіз.
– 2 жыл ішінде 31,6 шақырым жылу желісі жөнделді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде олардың тозуы 75-тен 65% -ға дейін, апаттар саны 30%-ға төмендеді. Бұдан басқа, қаланың проблемалы аудандарын үздіксіз орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету үшін Ағыбай батыр көшесіндегі сорғы станциясын қайта жаңартуға және Желтоқсан көшесіндегі қуаттылығы бар сорғы станциясын салуға ЖСҚ әзірленеді, – деді Сапар Қайыркенұлы.
Саяқ кенті де назардан тыс қалмайды. Сумен жабдықтауды жақсарту үшін мұнда желілердің жартысы ауыстырылды. Тоқырауын-Саяқ су құбырын жөндеу жалғасады. Бұған қоса, Саяққа ауызсу беретін тозған сорғы станцияларының көп жылғы мәселесін шешу қолға алынған. Жабдықтар өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері жөнделмеген.
Өткен жылы басты сорғы станциясында жабдықтар толығымен ауыстырылды, қорғаныс жүйелері және станция мен жерасты ұңғымаларының автономды жұмысы үшін екі генератор орнатылды.
«Алматы-Екатеринбург» автожолы бойындағы сервисті дамыту мақсатында бизнес нысандарының құрылысына қосымша жер учаскелерін бөлу үшін ТЖЖ әзірлеу басталды.
Мәселен, Балқаш пен Бектауата аралығындағы автобан бойында жалпы аумағы 4240 шаршы метр көпфункционалды кешен, бес кафе және супермаркеттер, бес нарық кешені, екі мотель және кемпинг, екі медициналық пункт салу көзделіп отыр.
– Кәсіпкерлер мұндай жағдайда жалғыз қалдық деп ойламасын. Олармен жұмыс істеңіздер, түсіндіріңіздер, – деді Ермағанбет Бөлекпаев қала басшылығына.
Сапар Қайыркенұлы атап өткендей, қаланы көгалдандыру, көпқабатты үйлердің қасбетін, көл жағалауын абаттандыру жұмыстары биыл да жалғасады. Қала басшысы білім беру саласындағы жаңа мүмкіндіктер мен колледждердің түлектерін жұмыспен қамту көрсеткіштерін де таныстырды. Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі әрбір жұмыстың сапалы орындалуын жіті бақылаудың маңызын қадап айтты. Қала дамып, гүлденіп келеді, атқарылатын жұмыс та көп. Маңызды мәселелерді жедел шешіп, халық үшін қолайлы жағдай жасауға күш саламыз.
Биыл Тораңғылық және Шұбартүбек курорттық елдімекендерін сумен қамтамасыз ету үшін магистральдік су құбырының құрылысын бастаймыз.
Қалалық әуежайды қайта құру жалғасуда. Жүру жолдары мен перронды қайта құруды аяқтадық. Қазір ғимарат ішінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жақын арада ұшу географиясы кеңейіп, жолаушылар үшін жағдай жақсарады.
70 үйдің қасбеті мен шатыры жөнделеді, – деді облыс басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі Балқаш қаласындағы одан әрі дамыту және халықтың өзекті мәселелерін шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ