Даланың үні
Арқа даласының еркесі Аққыз АХМЕТҚЫЗЫ жастайынан домбыра ұстап, ән айтып, күй шертіп өскен. Бұл өнерді үлгі еткен Арқа қазағы күйшінің әрбір күйін нақышына келтіріп орындауымен ерекшеленіп жүр. Өз жанынан бірнеше күй шығарған Аққыз өнерін дәріптеуші бүгінгі ұрпақтары Қарағандыдағы “Теміржолшылар” мәдениет сарайында күйлерінен шашу шашты.
Биыл Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызының туғанына – 120 жыл. Осыны ескерген облыстық «Күй-керуен» шертпе күй орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайролла Сәдуақасов мұрындық болып, «Қайран елім» атты күй кешін ұйымдастырды.
Кешке келген қонақтар Арқа күйшілік мектебі өкілдерінің шығармашылығынан сыр шертті. «Арғынғазы» домбырашылар ансамблінің орындауындағы күйлер сарынына көпшілік қошеметпен қол соқты. Ақ әженің «Қайран елім», «Жетім қыз» күйлерін Қалкен Қасымовтың орындауында тыңдады.
Жалпы, ерке қылығымен жеке ат ұстап мінген, аппақ өңді Мүгілсімді жеңгелері, құрбы-құрдастары еркелетіп, «Аққыз» деп атап кеткені белгілі. Аққыздың күйшілік өнерінің сарыны, шығармаларының аталуының өзі өмір сүрген кезеңі мен жүрген ортасындағы жағдайлармен байланысты. Әсіресе, Қазан төңкерісімен бірге келген қоғамда орын алған өзгерістер байдың қызы Аққызға әсер еткен. Белсенділердің көзіне түсуден қорқып домбырасын жасырын ұстайтын болған. «Жетім қыз», «Қосбасар», «Қайран елім», «Он тоғыз» деген күйлері өткен өмірдің өксігіндей, кешкен ғұмырының өкінішіндей болып есептелетіні де сондықтан.
Бүгінгі таңда «Күй-керуен» шертпе күй орталығының ұжымындағы өнерпаздар Арқа шертпе күй өнерін насихаттап келеді. Оның үстіне «Теміржолшылар» мәдениет сарайының директоры Серік Мұқанов «Күй-керуен» шертпе күй орталығының жұмысының белсенді жүруіне мұрындық болып отыр. «Алдағы уақытта Арқа күйшілік мектебі өкілдерінің, әсіресе, шертпе күй өнерінің дамуына үлес қосып, кейінгі буынға насихаттаймыз», дейді облыстық «Күй керуен» шертпе күй орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайролла Дәулетбекұлы.
Қайролла СӘДУАҚАСОВ, облыстық «Күй-керуен» шертпе күй орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Ақтоғай өңірінде қалыптасып, дамыған күйшілік мектептің көрнекті өкілдерінің бірі – Аққыз Ахметқызы. Әкесі Ахмет бай дәулетті ән-күйге ықыласты болыпты. Ауылына атақты күйшілер – Қыздарбек, Дайрабай, Тоқа, Ықылас, Әшімтайлар жиі келетін қонақтары болған. Алғашқы күйін тыңдап, бата берген Қыздарбек күйшінің өзі екен.
Музыка зерттеуші, күйші-домбырашы Уәли Бекенов өзінің 1980 жылы жазған «Күй табиғаты» атты кітабында: «Ақтоғай атырабындағы домбырашылар Аққыздың «Қосбасар» күйінің бірнеше түрін орындайды. Әсіресе, Жақсылық Омашев, Ғалия Ақбергенов, Тұрған Түсіпбаев, Амантай Тойшыбеков, Әшімбек Әбдіғұловтар. Арқа жерінде дамыған Тәттімбеттің күй тарту мектебін жалғастырушы Аққыз әженің алдын көріп, қолынан домбыра үйренген домбырашылар», – деп жазады.
Бүгінгі таңда Арқа жұрты «Ақ әже» атаған күйшінің әулеті де мәуелі бәйтеректей өркендеп өскен. Кеште шөберелері Ақ әженің күйлерін нақышына келтіріп орындады. Осының өзі күй өнерінің өлмейтіндігінің айғағы.
Аяулым СОВЕТ