Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жыл

ДАЛАНЫҢ ДАРА ДАНАСЫ

Астана қаласында алғаш тұрғызылған ескерткіштің бірі Бейбітшілік көшесі мен Омаров көшелерінің қиылысындағы сол кездегі Жоғары сот ғимаратының оң қапталына орнатылған үш бидің тұлғасы еді. Оған мұрындық болған Сол кездегі Жоғары Сот Төрағасы Мақсұт Нәрікбаев екенін біреу біліп, біреулердің білмеуі де мүмкін.

Қызық болғанда мен осы ескерткіштен айырылып қала жаздағаным бар, – деп еске алып жүрді кейіннен ағамыз, – ол Қарағанды қаласында құйылып, дайын болғаннан кейін, қойылатын орны парламентте қызу талқыға түсіп қалғаны бар. «Билер заң шығарудың басында тұрған тұлғалар. Сондықтан, олардың ескерткіші де Парламент ғимаратының алдында тұруы керек» деп депутаттар отырып алмаса болар ма!? Әрине, олардың да сөздерінің жаны бар, алайда, билердің ең алымен соттың ролін атқарғаны рас қой. Осыны мықтап дәлелдеуге тура келді. Ақыры әрі ырғасып, бері ырғасып, бұл ескерткіш Сот пен Парламент ғимаратының ортасына осы қазіргі тұрған орнына орнатылатын болып шешілген еді.

Бұл жерде депутаттардың да, сот өкілінің де уәждерін жоққа шығара алмайсыз. Қазақ билерінің қызметіне осы екі міндеттің де кіргені рас. Оданда гөрі таратып айтар болсақ, тек бұл екеуі ғана емес, олардың қызметі сан-салалы болған.

Билердің, ең алдымен, әділ шешім шығарумен аты шығып, сол арқылы атағы аспандайтыны өтірік емес. Қазақ даласында олар тағайындалмаған да, сайланбаған. Өзінің білгірлігімен, біліктілігімен, даналығымен аты шығып, ауызға ілігіп, халықтың ойынан шыққан.

Міне, үш жарым ғасырлық мерейтойын бүкіл алаш жұрты болып атап өткелі отырған Қаздауысты Қазыбек бабамыз осындай тарихымыздың төрінде, еліміздің есінде қалған сөз бастаған шешен де, ел бастаған көсем де болған дара дарын иесі болғаны әмбеге аян. Біріншіден ол – арғысы әз Тәукеден бастап, бергісі Сәмеке, Әбілмәмбет және Абылай замандарында қазақ даласының Төбе биі болған ұлы тұлға. Оған атақты үш биіміздің билікке таласқан әйгілі сөз сайысы анық дәлел. Бірі алда тұрған ағалығын, екіншісі шаңырақ ұстар кішілігін алға тартқан Төле мен Әйтеке биге Қазыбек бабамыз: «Айбар қылар алдында ағасы бар, қаймығарлық артында інісі бар,екі жағынан қаупі зор ортаншы емеспін бе, ендеше, түпкі билік ортаншыда болмақ керек» деп Төбе билікті ұтқыр ой, ұтымды уәжбен жеңіп алған ғой.

Бір қынжыларлығы, бүгінгі күні жүздің ретімен Төле биді бірінші, Қазыбек биді екінші, ал Әйтекені үшінші қою дәстүрге айналып кетті. Негізінде осы үшеуінің үлкені – Әйтеке би, ол 56 жасында ертерек бақилық болған, ал, Төле Қазыбектен кіші. Оған ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіптің : «Жолы үлкен, жасы кіші Төле бидің, Әйтеке, Қаздауысты Қазыбектен» деген сөздері дәлел. Ол кезде қазақтың сөзге тоқтаған, үлкенді сыйлаған салихалы кезі ғой. Бабамыздың бас төреші болуына осы жайттар да әсерін тигізген болар. Жалпы «Орта жүзді қамшы беріп, дауға қой» деген белгілі тәмсіл осы тұста қалыптасқан тәрізді.

Өздерінің алдындағы Әйтеке бидің аманаттарына адал болған екі би өмір бойы бірін-бірі қатты құрметтеп өткен деседі. Қайырлас інісінің қайтқанын естігенде Қазыбек бабамыз: «Төлеби өлді дегенше, әділет өлді десейші» деп қатты күңіренген екен жарықтық. Бұл үшеуінің татулығы іргесі енді бекіп келе жатқан қазақ елінің ұлт болып ұйысуына ұйытқы болғаны да сөзсіз.

Біз жоғарыда билердің заң шығарушы да болып, қазіргі парламенттің функциясында қоса атқарғанын жоғары да айттық. Тіпті, «заң» деген терминнің өзі сол кезде ауызға алына бастаған тәрізді. «Ойнап жүрген жас бала, заң білетін есті болар» деген Қазыбек биден бұрын бұл сөздің өз басым бұдан бұрын айтылғанын кездестірмеппін. «Қазаққа арнап жол салдың, қолайлы қылып әр заңға» дейді бидің қызы Қамқа әкесіне арналған жоқтауында.

Үш ұлы бидің есімін еске алғанда алдымен даланың тұңғыш конституциясы деп атауға әбден тұратын «Жеті жарғы» тілімізге бірінші оралады. Өзінің алдындағы «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» сияқты дала заңдарының ,әсіресе, сол тұстағы «қанға –қан» приципіне негізделген тұстарын жұмсартып, оларды құн төлеумен алмастырып, қазіргі тілмен айтқанда «ізгілендірілген» бұл көшпенділер кодексін түзуде де Қазыбек би басты роль атқарған деп айтуға негіз бар. «Жеті жарғы» деп аталатын белгілі дастанда:

Шығайдан соң орнында Тәуке

қалды,

Кезінде әз Тәуке деп атақ алды.

Қазыбек, Төле, Әйтеке ақылшы

боп,

Дейтұғын «Жеті жарғы» заң шығарды,– деген жолдар бар. Осы жерде ұлы баба есімінің бірінші аталып тұруы бекер емес. Бұрынғы жүзіне байланысты үрдіспен Төле би бірінші аталып тұруға тиіс еді. Қазыбек бидің аты алға шығып тұрғаны ол кісінің осы құжатты жасаудағы орнын да айқындаса керек деген ойға еріксіз жетелейді.

Дала дипломатиясының бастауында да Қазыбек бабамыздың тұрғаны даусыз. Біртуар Шоқанның жазуынша, Абылай хан: «Екі кісіге таңқалуға болады. Олар –тоқсан туысын тұтқыннан құтқарып алған Қаракесек Қазыбек және тағы да сондай өзінің тұтқында жатқан туыстарын босатып алған уақ Дербісәлі…» деген екен.

Ғұлама ғалым Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың жазуынша, бабамыз сол кездегі бізбен соғыс жағдайындағы қалмақ еліне үш рет елші болып барған көрінеді. Және үшеуінде де ұтып қайтқан. Алғашқы сапардың басшысы Тайкелтір би бұқпалау адам болса керек. Қалмақтың қоқырайған Қонтайшысына сыр беріп, сөзін «алдияр тақсырдан» бастап, «Берсең алдық, бермесең қалдық, сөзді өзіңе салдық» деп бүгежектеп қалғанда, бабамыз ортаға бауырынан жараған бабырдай қарғып шығып, «Біз қазақ деген мал баққан елміз …» деп басталатын әйгілі сөзін селдей ағызып, төгіп-төгіп жіберген ғой.

Мен хан болғалы, басыма бақыт қонғалы ешбір жанға тізе бүгіп көрген жоқ едім, жығылғанымды білдіріп сіздерге біраз сый қылайын,– деп Қазыбек бабамызға басқалардан бөлек қос сыбаға берген екен сол жолы дала көкжалы. Оның үніне қарап «Қаздауысты» деп атамызға алғаш ат берген де осы қонтайшы дейді бізге жеткен дала аңызы. Қазақ атағы зор, аруағы басым азаматтарды әлі күнге «қос сыбағалы» деп дәріптейді. Мәселен, қаламы жүйрік қарағандылық журналист Мирас Асан інімнің бір мақаласынан осы сөзді кездестіріп сүйсініп қалғаным бар.

Аса ірі мемлекет қайраткері болған бабамыздың сұңғыла саясаткер болғанына да ешкімнің күмәні жоқ. Батагөй бабамыздың:

Сарыарқа болсын қонысың!

Қалмақ, сартпен жауықпа,

Болмасын онда жұмысың.

Біреу саған жау болса,

Паналауға жарайды,

Мынау көрші орысың,– деген өсиеті одан бері үш ғасыр өтсе де дәл бүгінгі саясатпен мәнзелдесіп, осы қазір айтылғандай емес пе?!

Қазыбек Келдібекұлы қазақ елінің зайырлы мемлекет болуына үлкен ықпал жасаған сол кездегі билер институтының негізін қалаушы болғаны белгілі. Және қалай мықтап қалаған десеңізші!

Билер соты орыстың қырық жылдық ықпалына қарамастан жүз жылғы, бәлкім, одан да көп бұрынғы қалпын сақтап қалған, – деп тамсана жазады этнограф-ғалым Шоқан Уәлиханов ол, халықтың ішкі даму күші де, орыс мекемелері мен заңдары да оның ежелгі,қарапайым үлгісін өзгерте алмады.

Қазірде көпшілік билерді тек қана судьялардың орнына қоюға бейім. Әрине, бұл да шындықтың ауылынан алыс емес. Алайда, сол кездегі билердің міндеті сан салалы болғаны анық.

Анықтап қарап, байыптап көз жіберсек, одан тек қана сот емес, прокурордың да тұлғасын аңғару қиын емес. Әсіресе, биге заң ғылымдарының абызы С.Зимановтың «құқықтық дәстүрлерді сақтаушы» деп сипаттама беруі оларды прокурорлық қадағалау қызметіне тіпті, жақындата түседі. Яғни, олар дала ережелерінің сақталуы мен мүлтіксіз орындалуын қадағалап отырған.

Егер билер соты «айттым бітті, кестім үзілді» деген бірақ тараптан, дара пікірден тұрса әділдіктің болуы, әрине, мүмкін емес. Ендеше билер сотында қазіргі сот процесіне қатысушылардың, яғни сот, прокуратура, адвокатура элементтерінің бәрі де болғаны даусыз. Билер осы функциялардың бәрінде атқарып отырған.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың: «Ертедегі бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, милицияның да, қаншама мекеме, ұйым басшыларының да қызметін атқарып келген ғой» деген сөзі шырайы келген шындық.

Билер сотындағы әділдікке жетудің үлкен бір жолы сайысушылық процесі болды. Яғни, шындыққа жету жолында сөз таластыру. Қазақ даласында сөз білгіріне айрықша мән берілгені сондай, тіпті, биді көбіне шешендігіне қарай бағалайтын болған. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «От тілді, орақ ауызды» деген мәтелдер сол кезде туса керек.

Қазіргі сот ісіне қатысып отырған прокурорға да қойылатын талап та дәл осындай. Осы арада «Айбатпен сотқа кірген прокурордай» деген Біржан салдың әні еріксіз еске түседі.

Билердің сотта прокурор қызметімен қоса, оның алдында тергеу амалдарымен айналысқанын олар туралы аңыз-әңгімелерден анық аңғаруға болады.

Бір мысал. Бірде би бабамызға «Мынау аңда жүргенімізде атымды орға жығып, соққан түлкімді де бермей кетті» деп бір адамға шағым айтып келеді. Істің бүге-шігесін әбден зерттеген би оларды шақырып алып, өз үкімін айтады:

Сенің мінген атыңның оң жақ көзі соқыр екен. Жүргенде ылғи да оң жағымен қарағыштап, жолдың сол жағындағы шөпті жұлып жеп отырыпты. Демек, орға көрмейтін жағымен өзі құлаған. Түлкі де сенікі емес. Сен сайдың оң жағынан келіп қосылыпсың. Ал түлкіні жыққан оқ сол жақтан бүйірден қадалған.

Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғанымыз Қазыбек бабамыздың сол кездегі билерге жүктелген ауыр салмақты қайыспай көтеріп, абырой бигінің асқар шыңына жете білгенін көрсету екенін оқырман түсініп отырған шығар деп ойлаймын.

Курстас досым Жүрсін Ерман еліміздің рухани дүниесінің түгенделуіне бір кісідей еңбек сіңіріп жүрген айтулы азамат қой. Ол қайсыбір жылы бабамыздың исі сіңген шапанын тауып, тауып қана қоймай, Амангелді Ермегияев ағамызды салып жүріп сый-сыяпатын жасап, әлгі тәберік бұйымды Астанаға алып келді. Ол кезде Мырзатай Жолдасбеков басқаратын Президенттің мәдени орталығында әлгі шапанды қабылдап алу рәсімі өтті. Оны бабамыздың шапанды осы уақытқа дейін сақтап келген әлгі ұрпағы өз қолымен тапсырды. Жүзінен нұры тамған өте бір кепиетті қария екен.

Бабамыздың өзі де осындай болған шығар, – деп Мырзакеңнің өзі де айрықша сүйсінгені есімізде.

«Бабамыз ұзын бойлы, шымыр денелі, ақ-сары кісі еді» депті оны көзімен көрген , 104-ке келіп қайтыс болған Ықылас Кеңдарұлы деген ақсақал кезінде.

Шежіре бойынша Қазыбектің Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет деген 5 ұлы және Қамқа есімді жалғыз қызы болған. (Маңқан) Бұлардан ұрпақ баршылық. Екінші ұлы Қазымбеттен тікелей тарайтын Марат Әлихан бүгінде еліміздің Бас көлік прокуроры. Бойы екі метрге жуық, өте келісті жігіт.Тұлғасына қарап тұрсаң, бабамыздың 18 жасында жауға жалғыз шауып жылқы айырып алғаны еріксіз еске түседі. Осы Марат Әлиханның тағы бір Марат Ахметжанов деп аталатын генерал досы бар. Ол болса атақты Шоң бидің ұрпағы. Екеуі де орысша оқыған. Бұл тек дегенді қойсаңшы, соған қарамай қазақша сөйлегенде кесек-кесек ой тастап, түйіп-түйіп сөз тастайды екеуі. Сөздері де, өздері де аса ірі.

Ал Бекболат бидің төртінші ұрпағы Мәдиді білмейтін қазақ жоқ, сірә. Осы Мәдидің әкесі Бәпидің ағасы Түсіптің қызы Ділда – Абайдың бәйбішесі. Демек, Мәди сонда Абайдың туған балдызы болып тұр ғой. Міне, ұлылардың қандарының араласқан жері. Абайдың аты шыққан ұлдары Әбдірахман, Мағауия мен Ақылбайдың үшеуі де осы Ділда апамыздан. Бұдан әрі айта түссек, Құнекең «осы қаракесектерден жаманшылық көргеніміз жоқ, сүйек жаңғыртсақ» деген ниетпен тағы бір ұлы Құдайбердіге де осы елден қыз алып береді ғой. Одан туған ұл – Шәкерім! Абайдың өз шешесі Ұлжан да атақты Қантай-Тонтай, Битан-Шитандардың тұқымы екені тағы белгілі.

Сөзімді Софы Сматаев ағамның сөзімен аяқтасам, қазақ елінің әдет-ғұрып заңдарын қалыптастыруға ерен еңбегін сіңірген, халқының еркіндігі мен азаттығын ойлап, ұзақ ғұмырын ат үстінде, ел шетінде, жау бетінде өткізген кемеңгер ойшыл, қажымас қайраткер қаракесек Қазыбек есімі ұлтының есінде мәңгі сақталатыны аян. Ұлы бидің үш жарым ғасырлық мерейтойын бүкіл қазақ елінің бір кісідей жұмылып қарсы алып жатқаны соның бір дәлелі болса керек.

Сәулебек Жәмкенұлы,

әділет полковнигі,

заңгер-журналист.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button