Бас тақырып

Даланың дәмі – қаланың қамы

Сенбі күні ертемен қала тұрғындары «Global City» көтерме-сауда орталығына ағылды. Өйткені, күздің алғашқы ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтпек. Дархан дала дәмі қалаға өзі келді. Мұнда құстың сүтінен басқасының барлығы бар. Сөредегілер нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төменге сатылады. Мұнда келгендердің көбі күздік сатып алып кетті. Сүт тағамдарын алып қысқы азығын қамдағандар да аз емес.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сөйтіп, жәрмеңкедегі сауда таңғы 06:00-ден бастап қызған. Әсіресе, бұл уақытта «еттің таңдап жүріп, тәуірін алушылар» келеді дейді сатушылар. Абай ауданы Ақбастау ауылындағы «Арқа таңы» шаруа қожалығы жемде тұрған бір жылқы мен он бес қой әкеліпті.

– Ауыл әкімдігінен жәрмеңке өтетінін естіп, қуана қатысқымыз келді. Биыл алғаш рет етімізді жәрмеңке сөресіне қойдық. Бұған дейін базарға әкеп делдалдарға өткізетін едік. Оңтүстіктен де келіп алып кететін. Бірақ, бұл жолы өзіміз саттық. Дәл қазір елдің күздік соятын уақыты ғой. Сол себепті, ет алған ел көп. Үш-төрт сағаттың ішінде әкелген етіміз өтіп кетті. Жылқы етін 2350 теңгеден, қой етін 2100 теңгеден саудаладық. Негізі, бұл екі тарап үшін де тиімді дер едік. Келесі жәрмеңкелерге келеміз деп отыр­мыз, – дейді Нұрсұлтан Сейсенов.

Бұл күзгі жәрмеңкенің «Global City» сауда орталығында өтіп жатқанына да көп бола қойған жоқ. Мұндағы орынның кеңдігі сатып алушылар мен жүк тасушыларға ыңғайлы болды. Бір аңғарғанымыз, кезек күткендерде кептеліс болған жоқ.

– Мен таңнан тұрып, келдім. Мұздатқышымызда ет азайса, көңіліміз түсіп кетеді. Күздік іздеп, жұмыстан шыға алмаймыз. Содан әлеуметтік желіден жәрмеңке өтетінін көріп қалдым. Жаңаарқаның етін алдым. Сиыр етінің келісі 2100 теңгеден саудаланды. Семіз, далада жайылған малдың етін таңдап алдым. Жарты сиырдың еті әзірге жетеді. Келіншегім тұшпара, мантыға, бәлішке тапсырыс қабылдайды. Сол үшін де ет керек. Алдағы уақытта тағы да жәрмеңке өтеді екен. Сонда тағы келіп, соғымды да алып аламыз деп отырмыз, – дейді қала тұрғыны Жалғас Советқалиұлы.

Осы аптаның сенбісінде Астанада Қарағанды облысының жәрмеңкесі өтеді. 24 қазан, 2 қарашада Қарағанды қаласында, 9 қарашада Балқаш, Теміртау, Шахтинск, Приозерск, Саранда өтеді.

– Жылда дәстүрлі түрде өтетін жәрмеңкенің алғашқысына 7 ауданнан 100-ден аса ауыл шаруашылығы тауарын әкеліп сатты. Басқа да өңіріміздегі «Natige» ЖШС секілді кәсіпорындар да өз өнімдерін сөреге шығарды. Яғни, бұл сауданың тиімдісі тауарларын нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен бағамен ұсынуында. Бірінші жәрмеңкеде 538 тонна ауыл шаруашылығы өнімі, оның ішінде, 52 тонна ет, 340 тонна картоп, 110 тонна көкөніс, 16 тонна сүт өнімі, 7 тонна балық пен 175 мың тауық жұмыртқасы, 10 тонна өзге де өнімдер өтті, – дейді ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Саят Мусин.

Бұқар жырау ауданы Құрылыс ауылынан келген Анар Алпысбайқызының алып келген сүт тауарларының саудасы қызу. Әсіресе, мамырда шайқаған сап-сары майына сұраныс көп.

– Жаз бойғы еңбегіміз ғой. 20 келі май әкелгенмін. Бәрі өтіп кетті. 5500 теңгеден саттым. 100 келі сүзбе, 50 литр қымыз алып келдім ауылдан. Бәрін өз қолымызбен дайындадық. Қолдың қаймағы да тез өтіп кетті. Оның келісін 3000 теңгеден өткіздік. Жазда жайған құртымызды да көптеп сатып алды. Түске қарай сөреміз бос қалды. Елдің бәрі қысқы азығын жинап алып жатыр ғой. Оның үстіне алғашқы жәрмеңке болған соң да шығар сауда кәдімгідей қызу. Бұл қала тұрғындары үшін ғана емес, өзіміз үшін де мүмкіндік. Ақ адал еңбегімізбен жинаған сөреміздегі сүт тауарымызды қолайлы бағаға саудаладық. Қала тұрғындарының қалтасында қақпайды. Енді жәрмеңкеден қалмаймын деп отырмын. Бізде өнімімізді саудалау арқылы қажетімізді өтеп аламыз. Қысқа көмір, шөп түсіреміз деген секілді шаруаларды тапқан пайдамызбен шешеміз ғой. Айналып келгенде барлығы еңбек, – дейді Анар Алпысбайқызы.

Жәрмеңкедегі ұзын-сонар кезек жергілікті шаруашылықтар әкелген көкөністерге мен жұмыртқаға болды. Әсіресе, Абайдан келіп, картоп пен пияз саудалаған «КамАЗ» жүк көлігінің қап-қап өнімі түске дейін өтіп кетті.

– Мұнда өтетін әр жәрмеңкені қалт жібермеймін. Өйткені, ауылдың қазағы болған соң, даланың дәмін аңсап тұрамыз. Мұнда балаларымды ертіп келдім. Көкөністі үйіп-төгіп аламыз. Пияз, картоп, сәбіз, орамжапырақ секілді ас әзірлеуге қажетті көкөністі қабымен алдық. Бағасы базардағыдан тиімді. Мұнымен қоса, айран, қымыз алдық. Барлық витамин осында. Бұл жолы ет алмадық. Келесі жәрмеңкеде аламыз. Жылқының етін. Балаларым түйенің жүнінен жасалған аяқ киім сыйлады. Сол үшін ерекше қуаныштымын, – дейді қала тұрғыны Неғизама Иманғалиқызы.

Жәрмеңкенің жуан ортасынан облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Бауыржан Асанов табылды. Сауданың қалай өтіп жатқанын бақылап, бағаларын бір қадағалап өтті.

– Жәрмеңкенің ырысы мол. Шаруалардың тек тауары ғана емес, жаз бойғы еңбегі сөреге қойылады. Дархан даланың дәмін аңсаған қала жұрты қыстың азығын түгендеп, қамын жасайды. Бұл үрдісті үзбейміз. Ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне сұраныс жоғары. Шаруалар тарапынан да, қала тұрғындарынан да, – дейді Бауыржан Қоңырбайұлы.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button