Дайындық мұқият жүргізілуде
Биылғы жылы қардың шамадан тыс көп мөлшерде түсуі бірқатар өңірлерге қауіп төндіріп отыр. Олардың қатарында Қарқаралы ауданы да бар. Сәйкесінше, көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары – қарқынды. Су басу қаупі басым 12 елді мекендегі жағдай қатаң бақылауда.
Тасқынға дайындық шараларымен танысу мақсатында ауданға облыстың төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы И.Күлшімбаев арнайы келді. Көктас, Жарлы, Ақшоқы, Тегісшілдік, Матақ, Ынталы ауылдарын аралады. Жыл сайын арнасынан асып, теміржолды басып қалатын Қарасор көліне барды. «Қазақстан Темір жолы» АҚ өкілдерімен кездесіп, жағдайды талқылады.
Көл арқылы өтетін шойын жолдың 166 шақырымының 10-шы пикетінде және Тоқтар ауылы арқылы өтетін Жарлы өзенінің арнасына жиналған мұз жарылды.
Аудан арқылы өтетін Нұра, Матақ, Түндік, Жарлы өзендері күнделікті бақылауда. Сонымен қатар, республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдарға жоғары сыйымдылықтағы су өткізгіш құбырлары қойылып, Нұркен, Тоқтар, Ынталы, Матақ, Жаңатоған, Қаракөл елді мекендерінің су келетін жағына қорғаныс бөгеттері жасалған. Аталмыш жұмыстарды жүргізуге аудандық бюджеттен 2 млн. теңге қаражат бөлінген. Облыстық маңызы бар «Қарағанды-АягөзБұғаз» автокөлік жолы бағытындағы «Қоянды-Егіндібұлақ-Бүркітті» жолына және «Қарқаралы-Нұркен-Жамбыл» бағытындағы жол бойына қосымша су өткізгіш құбырлары қойылған. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 77 млн. 345 мың теңге қаражат қарастырылды. Аудандық маңызы бар жол бойындағы су өткізгіш құбырлары тазаланып, 150 тонна инерттік материалдармен қамтамасыз етілген. Қыс ішінде елді мекендерден 11300 текше метр қар шығарылып, тазалық жұмыстары жүргізілді. Өзендер мен көлдердің су деңгейі күнделікті тексеріліп отыр.
Көктем келісімен жоғарыда аталған елді мекендердегі халықтан маза кетеді. Көктемгі су тасқынына байланысты түрлі оқужаттығу жұмыстары, дайындық жүргізіліп, сақадай-сай болғанымен, табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұру кейде мүмкін болмай қалады. Егер, күн күрт жылынса, қауіп төнері анық. Дегенмен, күнделікті жүргізіліп отырған мониторинг нәтижесі, әзірге, ойдағыдай.
Су тасқынына дайындық қызу жүргізілуде. Алдын алу жұмыстары да жасалған. Өткен жылдардағы олқылықтардың орнын толтыруда құзіретті органдар қауіпсіздік шараларын күшейткен. Тыңғылықты дайындық төтенше жағдай орын ала қалса тосқауыл бола алады деген үміттеміз.
Сағыныш ӘБІЛ