Бас тақырып

Дайын үй неге дауға қалды?

Бұдан біраз бұрын, атап айтқанда, өткен жылы Қарағандыда құрылыс қарқын алды деп, бөркімізді аспанға атқан едік. Шынында да, салынып жатқан құрылыс халықты баспанамен қамту сұранысын толық жаппаса да, кейінгі жылдары тұрғын үй салу бірнеше есе өсті. Бұған біз айтпасақ та, жазбасақ та, облыс орталығында бой көтерген түрлі үй құрылыстарының өзі куә еді. Бірақ, солай бола тұра, айдың, күннің аманында 298 пәтер иесі далада қалмақшы. Себебі, ішпей-жемей, «түн ұйықтамай, күндіз отырмай» арқа еті арша болып жинаған қаражатына алған пәтерлері облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен рұқсат етілмеген құрылыс ретінде танылды. Нақтыласақ, қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі «Хан» және «Al-Farabi» тұрғын үй кешендерін құрылыс салушы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап, 30 жұмыс күнінде өз қаражаты есебінен сүруі тиіс.

Жалпы, құрылысы бітіп, дайын тұрған үйлерді сүру мәселесі кеше ғана басталған жоқ-тын. Былтыр облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сержан Аймақов бой көтерген үйлердің бұзылуы мүмкін екенін айтып, ескерткен болатын. Бұл жердегі негізгі проблема – сараптама қорытындысының жоқтығы. Одан бөлек, жарнама арқылы үлескерлерді тартқан компанияларға әкімшілік сипаттағы жаза қолданған.

Сол кезде басқарма басшысы құрылыс­ты тоқтата тұру туралы сот шешімі шықса да, жұмыстарын жүргізіп жатқан компаниялар бар екенін айтқан болатын. Қатарында бүгінде құрылысы дайын тұрған «Хан» және «Al-Farabi» тұрғын үй кешендері бар екені әуелден белгілі болған. Сот шешіміне бейжай қарап, қой десе де, қоймаған компанияның әрекетінен сан-саққа түскен тұрғындар бүгінде құзырлы органдарға жүгініп, проблемаларын шешіп беруді өтінуде. Не үйі, не күйі жоқ олардың тағдыры енді қалай болатыны беймәлім.

Жалпы, соттың шешімі облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жүргізген тексеріс нәтижесіне байланысты.

– Тексеру барысында «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін мемлекеттік реттеу» туралы Заңға сәйкес, тұрғын үй кешендері бекітілген жобалау құжаттамасынсыз, оларды жүзеге асыруға мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына құрылысты бастау туралы хабарламасынсыз, жобаны сараптаусыз, техникалық және сәулеттік қадағалаусыз құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқаны анықталды. Сондай-ақ, пәтерлерді сатып алу-сату бойынша алдын ала жасалған келісімдер бойынша 250 үлескерден қаражат тартқан, бірақ олар жергілікті атқарушы органнан қаражат тартуға рұқсат алмағаны анықталды, – дейді облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметі.

Соңғы ақшаларын салып, пәтер алған «Al-Farabi» тұрғын үй кешенінің тұрғындары биліктің қолдауынан үмітті.

Пәтер алмақ түгілі, жөндеу жұмысын жасап, кіріп алған қарағандылық Сәуле Әбілова соттың шешімін өзгертіп, тыныш өмір сүруге рұқсат беруін талап етеміз дейді. Айтуынша, үйін кеңейтпек ниетпен, ескі пәтерін сатып, үй құрылысына 14 млн. теңге салған. Бұл – пәтер құнының 50 пайызы. Одан бөлек, жөндеу жұмыстары үшін банктен несие алған.

– Сот шешімін негізсіз әрі әділетсіз деп санаймыз. Барлық инстанцияларға жүгінуге ниеттіміз. Сот үйді бұзып, қоныс­танған адамдарды қыстың көзі қырауда далаға шығарып тастау туралы шешім қабылдады, – дейді қарағандылықтар.

Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Қамзин болса, аптаның соңына дейін сот органдарымен және құрылыс салушымен келіссөздер жүргіземіз деп отыр.

– Осы үйлер салына бастағанда тұрғын үй кешенінің құрылысы үш рет тоқтатылды. Әйткенмен, бұл шешім орындалмай, құрылыс компаниясы жаңа қабаттарды тұрғызып үлгерді. Біз заң аясында ғана әрекет етеміз. Құрылысты тоқтату үшін осы жерге келіп, жатып ала алмаймыз. Тұрғындар ақша салмас бұрын, алдымен, облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына, әкімдікке қоңырау шалып, құрылыс салушы туралы, құжаттардың бар-жоғы туралы білу қажет. Облыста үлескерлердің қаражатын тартуға құқығы бар бірде-бір құрылыс салушы жоқ, – дейді Қайрат Қамзин.

Ал, «Al-Farabi» тұрғын үй кешенін салушы компания «Building СК» ЖШС үлескерлер алдындағы міндеттемелерді орындау үшін тұрғын үй кешенінің құрылысын жалғастырғанын айтып отыр.

– Рұқсат құжаттарын алып үлгереміз деп ойладық. Құрылыстың сапасына сенімдімін. Техникалық сараптамаларды аккредиттелген компаниялар жүргізді. Үй сапалы салынған. Сот шешімі өте күтпеген жағдай болды. Жауапкершіліктен қашпаймыз, міндеттемелерді орындаймыз. Алдағы уақытта біз сот шешіміне шағымданамыз, қала басшылығы жәрдемдесуге дайын, – дейді компания өкілі Абылайхан Әмірбеков.

Үлескерлермен Парламент Мәжілі­сінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов пен қала әкімі Мейрам Қожухов та кездес­ті.

– Заң бойынша бірінші инстанциядағы сот шешімі әлі күшіне енген жоқ. Қазір апелляцияға беру үшін талап-арызын дайындау керек. Осы уақыт аралығында құрылыс салушылармен кездесіп, құжаттарды дайындау қандай сатыда екенін білеміз. Себебі, үй салынып қойды. Мемлекеттік құрылыс сараптамасын тағайындауды талап етеміз. Үй сүрілмейді деп сенейік. Бәрі сараптама дайын болғаннан кейін белгілі болады. Сотта үлескерлердің атынан үйді сүруді кейінге қалдыруды сұрайтын боламыз, – деді қала басшысы.

Ендігі үміт – апелляциялық шағымда. Сот мемлекеттік сараптама тағайындауға келіссе, үй орнында қалады деген сенім бар. Оның үстіне, құрылыс салушының өкілі де үй сапасына кепілдік беріп отыр.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button