Биыл облыста 493 шақырым жолды жөндеу жоспарланған
Жол – экономиканың күретамыры. Күрежолдың сапасы артып, алыс пен жақынның арасы ғана емес, халықтың әл-ауқаты мен мүмкіндіктері де кеңейе түспек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың V отырысында атап өткендей, көлік инфрақұрылымын жаңғырту – ел дамуының стратегиялық арқауы. Еліміздің тоғыз жолдың торабында орналасқан Арқа өңірі үшін жол сапасын жақсарту – кезек күттірмес басымдықтың бірі.

Жүйелі жұмыс
Соңғы жылдар мұғдарында жол инфрақұрылымын дамыту бағытында жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, ірі жобалар арқылы өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті артып келеді. Негізгі басымдық республикалық маңызы бар күрежолдарды жаңғыртуға және өңіраралық байланысты күшейтуге берілді.
Бүгінде облыс аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 9 350 шақырым. Биыл осы желінің сапасын жақсарту мақсатында 493 шақырым жолды жөндеу жоспарланған.
– Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 1 930 шақырым. Былтыр осы бағыттағы 9 жол учаскесінде жалпы ұзындығы 276 шақырым болатын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл тағы 280 шақырымды қамтитын 9 учаскеде осындай жұмыстарды іске асыру жоспарланған. Қазіргі таңда бірқатар учаскелерде жол құрылыс материалдарын дайындау жұмыстары басталып, мердігер ұйымдарды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүріп жатыр. Сонымен қатар, бір жол өткелі мен екі көпірді күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Бұл жобалар бойынша қажетті құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының автомобиль жолдары және инфрақұрылымын дамыту бөлімінің басшысы Арғынғазы Қуанышев.
Арғынғазы Бейбітұлының мәліметінше, соңғы жылдары жолдарды жөндеу қарқыны тұрақты. Мәселен, 2024 жылы 1 032 шақырым жол жөнделсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 673 шақырымды құрады. Биыл 493 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Жөндеу жұмыстары бірнеше бағытта қатар жүріп жатыр.
Облыстық маңызы бар жол ұзындығы – 2 500 шақырым. Бұл санатта «Саран-Шахтинск» бағытында күрделі жөндеу жалғасып, Шерубай-Нұра өзені арқылы өтетін көпір қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар, «Осакаровка-Есіл» автожолындағы көпірді реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп, «Шахан-Жаңаталап» учаскесінде жөндеу жалғасуда.
Инфрақұрылым игілігі
Іргелі жұмыстардың өзегі – стратегиялық жобалар екені хақ. Солардың бірі – көптен күткен «Қарағанды-Жезқазған» күрежолы. Бұл бағыттағы мәселеге де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтай отырысында «Қарағанды-Жезқазған» бағытындағы жол талай жылдан бері тозып тұр. Биыл ескі жолдың қапталына екі жолақты жаңа жол салуға кірісеміз. Кейін ескі жолды да жаңғыртып, төрт жолақты ету жоспарлануда», – деп тоқталып өтті.
Осы тапсырма аясында «Қаз- АвтоЖол» ұлттық компаниясының Қарағанды облыстық филиалының директоры Думан Қалабиевтің мәліметінше, бұл учаскеде жол құрылыс жұмыстары биыл басталады. Жоба толыққанды реконструкцияны қамтып, нәтижесінде күрежол төрт жолақты заманауи магистральға айналады.

Жоталы жоба халықаралық қаржы институттарының қолдауымен жүзеге асырылмақ. Қаржыландыру Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арқылы қарастырылған. Жобаны іске асыру 2026-2029 жылдарға жоспарланған.
Жоба тек жол жамылғысын жаңартумен шектелмейді. «Қарағанды-Жезқазған» автожолы бойында барлығы 270 көпір мен жол айрығын салу қарастырылған. Бұдан бөлек, диаметрі 1,5 метр болатын 450-ден астам су өткізгіш құбыр орнатылады. Сондай-ақ, әр 20 шақырым сайын мал мен ауыл шаруашылығы техникаларының қауіпсіз өтуіне арналған арнайы өткелдер салу көзделген.
Өңірдегі тағы бір ірі жоба – «Қарағанды-Балқаш» және «Балқаш-Бурылбайтал» күрежолдары. Жалпы ұзындығы 413 шақырымды құрайтын бұл бағыттағы жұмыстар былтыр толық аяқталып, өңірдің көлік инфрақұрылымына серпіліс әкелді.
Жаңғырту жұмыстары барысында жолдың техникалық параметрлері толықтай халықаралық талаптарға сәйкестендіріліп, заманауи қауіпсіздік элементтері енгізілді. Көпірлер мен жол өткелдері жаңартылып, жол бойындағы инфрақұрылым да кешенді түрде жақсартылды.
Жол инфрақұрылымын дамыту – тек жаңа жол салумен немесе ескісінің бетін жаңартумен шектелмейтін кешенді процесс. Бүгінгі таңда басты назар – жұмыс сапасына және пайдалану мерзімінің ұзақтығында. Өңірішілік қатынасты жақсартуда «Қарағанды-Қарқаралы» тасжолының маңызы айрықша. Бұл бағыт – тек ауданаралық байланыс қана емес, облыстың туристік әлеуетін арттыратын негізгі күретамыр. Былтыр бұл жол толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілсе, биыл жұмыстар ары қарай жалғасады. Атап айтқанда, «Егіндібұлақ-Бүркітті» аралығындағы бөлікті жаңғырту – шалғайдағы ауылдардың орталықпен байланысын нығайтып, ауыл шаруашылығы мен ішкі туризмнің дамуына жаңа серпін бермек.
Сервис пен қауіпсіздік
Жол салу – бір бөлек, ал, төселген асфальттың ғұмырын ұзарту – одан да жауапты міндет. Арқаның қатал климаты, қыстағы қары мен жаздағы аптабы жол жамылғысын нағыз сынға алады. Оған қоса, тәулік бойы толассыз ағылған ауыр жүк көліктері тасжолдың иығына үлкен салмақ салып, табиғи тозу процесін жеделдетеді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бүгінде өңір жолдарында заманауи қорғаныс қабаттары қолданылуда. Асфальттың беріктігін арттыру үшін төзімділігі жоғары, инновациялық битум қоспалары пайдаланылып, жолдың жауын-шашынға төтеп беруі үшін су ағызу жүйелері түбегейлі жетілдірілуде.
Заманауи күрежол – тек тақтайдай тегіс емес, ең алдымен, жолаушының қауіпсіздігіне де мән берсе керек. Бүгінде жол сапасын бағалаудың өлшемі өзгерді. Бұл бағыттағы серпінді қадамдардың бірі ретінде республикалық маңызы бар «Астана-Алматы» автожолының Балқаш пен Сарышаған аралығындағы учаскесін айтуға болады. Мұнда орнатылған жаңа жылдамдық өлшегіш камералар – цифрлық қырағылықтың жарқын үлгісі. Екі бағытты да қалт жібермейтін құрылғылар жол қозғалысын реттеп, жүргізушілерді жауапкершілікке үндейді. Сонымен қатар, ірі жобалар аясында көпірлер мен жол өткелдері жаңғыртылып, су өткізу құбырлары мен қауіпсіз кері бұрылу алаңдары салынуда. Бұл инженерлік шешімдердің барлығы – адам өмірін сақтауға бағытталған қадамдар.
Жол мәдениетінің тағы бір маңызды көрсеткіші – сервис. Бүгінде жол бойында тек жанармай бекеттері емес, заманауи демалыс алаңдары, автобус аялдамалары мен сервистік нысандар бой көтеруде. Әсіресе, жылы дәретханалармен жабдықталған санитарлық тораптардың орнатылуы – бұрынғы ескі сүрлеуден арылып, өркениетті көштің жаңа стандарттарына бет бұрғанымыздың айғағы.
Түйін
Жол – өңірдің әлеуетін танытатын, тыныс-тіршілігін айқындайтын басты өлшем. Сапалы күрежол бар жерде – тіршілік бар, даму бар, болашаққа деген нық сенім бар. Бүгінгі жол саласындағы жетелі жобалар жаңа мазмұнға ие болып, қауіпсіздік, жайлылық және мәдениет ұғымдарымен біте қайнасып кетті. Тақтайдай тегіс жол – тәртіптің, ал, тәртіп – тұрақты өркендеудің алтын қазығы. Ендеше, Арқа төсіндегі ағылған жолдар тек қала мен даланы ғана емес, елдің ертеңі мен бүгінін жалғайтын алтын көпір болып қала бермек. Сапалы жол – сәтті сапардың ғана емес, кемел келешектің кепілі.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



