Дәуір тынысының тамыршысы
Бердібек Соқпақбаев – тоталитарлық тәртіп өктемдік құрған уақыттың өзінде-ақ дәуір шындығын астарлап, ишарат-емеурінмен бере білген жампоз жазушы.
Көп жазушының балалар үшін тұшымды дүниелер жазуға жүрегі дауалай бермейтіні, балалар әлеміне бейкүнә көзбен қарауға жүрексінетіні белгілі. Балалар әдебиетінің дамуына айрықша үлес қосқан Бердібек Соқпақбаев қоғамға балалар көзімен үңілуді мақсат тұтты. Ұстанымы қалыптасқан жазушы шын мәнінде, ешқандай саяси, қауіпті тақырыпты таңдап алмаса да, астарлай отырып, сол заманның дертіне білгір тамыршы бола алды.
Ресми органдар, цензуралық бақылау мекемесі – бәрі де сол кезде аса ділгір қажетті салаға жататын балалар әдебиеті шығармаларына «кеңпейілділік» танытты. Соның арқасында жазушы тікелей қауіпті айыптаулардан аман қалды. Алайда, партиялық ұйымдар тарапынан аздаған сенімсіздік, күдіктену болғанын жасырмаған жөн.
Шыңғырған шындықты жас маманның көзімен бейнелеуі идеологиялық кеңістікте қалың жұртшылыққа ерекше ұнағанымен, цензура жүйесі мүлтіксіз аңдып отырған әдебиеттану ғылымында соншалықты жоғары бағаға ие болған жоқ.
Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романын талдап, баға берген сыншылар небәрі он бестер шамасындағы жастың сол кезеңдегі ауыр оқиғалар аясында (екінші дүниежүзілік соғыс, ер-азаматтардың майданға аттануы, елдегі күрделі жағдайлар) іс-әрекет жасауы, еңбек етуі, яғни, қалыпты жағдайға орай деп сараптайды. Ержеткен Еркіннің келіншегі Зағипамен бірге алыстағы облысқа арнайы жолдамамен барып, мұғалім болып жүргенде басынан кешкен құқайларын егжей-тегжейлі баяндауын бәлендей дұрыс деп таппайды.
Асылы романдағы Нұралы, Сегізбай секілді кейіпкерлерді бұрынғы әдетпен «жағымсыз» деп қысқаша қайыра салғаннан гөрі, қанды қасаптың оларға майдай жаққанын, іс-әрекеттеріндегі лас қылықтардың, түп-төркініне үңілген абзал. Демек, «қоғам деген ұғымның өзі адамдар тобынан тұрады» дегенді қаперге алсақ, сол қоғамның өзі әлгі Нұралы, Сегізбай секілді жандарды, сондай-ақ, ауданның кейбір басшылары мен «ақ» дегені алғыс, «қара» дегені қарғыс сол өңірдегі мектеп директорларын уақыт сахнасына еркінсіте шығарғаны ма? Билік те, тіпті, қоғам да ондай адамдарды жатырқамайды, ел ішінде олардың әпербақан ғана емес, шын қаласа, қарсы келген адамды құртып жіберер қауіпті адамдар екенін біле тұра, айтуға қорқатын жандар көп.
Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі өзіне бағынышты мектеп директорына сөзін өткізе алмайтынын бас кейіпкер Еркіннің әшкере етуі, тұжыра айтсақ, сол кезеңдегі әлеуметтік сипатқа ие болған келеңсіздіктерге оның ғана төзбеуі деп қабылдамай, кеудесінде ұлтын сүйер махаббаты бар көп адамдардың ой-пікірі деген орынды. Тек соны жинақтап айту, бейнелей келе жеткізу біраз қалам иелеріне бұйырса да, Б.Соқпақбаев солардың ішінде бірегейі екеніне ешкім шек келтіре қоймас.
Егер жанр ұғымының тарихи категорияға жататынын ескерсек, аталмыш романды жан-жақты саралай келе, әлеуметтік деректілік әрі көркемдік, кей тұсында публицизм сипаттар тоғысқан ғұмырнамалық (мемуарлық) роман деп бағалаған орынды.
Жалпы, жазушы шығармашылығынан аңғарылатын жайт – ірілі-ұсақты шығармаларында бой көрсететін балалық шақтың бейкүнә уақытын аңсайтындар, әрқайсы өзіндік мінездері мен сұлбаланған жандар. Мінез – кез келген адамның байлығы. Түрлі мінез, ниет, пиғылдан адам өмірі туындайды. Алуан мінезді бейнелерді кескіндей отырып, Б.Соқпақбаев қандай ұстанымға ие болды, идея мен идеалы неден туындады деген сауалдарға жауап іздейтінің анық.
Қаламгердің шығармашылық ұстанымы мен азаматтық болмысының қалыптасуына айрықша әсер-ықпал еткен жайт өзі ғұмыр кешкен уақыт пен кеңістіктегі көрген-білгендері арқасында пайда болған «ұлтшылдық» дер едік. Ұлтшылдық оның намысын оятты. Сондықтан, қазақ баласы төңірегін дүр сілкіндіріп, спортта топ жарды, чемпион атанды. Кәмелетке де толып үлгермеген Еркін өктемдік пен тоғышарлықтың, дүлей күш пен топастықтың символына айналған Нұралылар тобына жалғыз өзі қарсы шығып арпалысты. Сол намыстың арқасында шалғайдағы өңірлердің басшыларының бірі бастап, оның төңірегіне топтасқан пиғылы теріс, рушылдық, жершілдік туын көтерген топқа қарсы аянбай алысты. Жазушыны ширықтырған, намысын қайраған жайттар осы болса керек.
Қарлығаш ХАМЗИНА,
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.