Жаңалықтар

Дәуір дерті – диалог алаңында

    Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Талант МЕДЕТТІҢ және облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сәуле ОСПАНОВАНЫҢ төрағалығымен қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша ашық келісім аясында диалог алаңы ұйымдастырылды. Шара «Бұқаралық ақпарат құралдары, кинематографиялық ұйымдары және мәдениет қайраткерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ролі» тақырыбын қамтыды.

Жымқырған мен қымқырғанның бәрін жіліктеп жіпке тізе берсең, айтып күн, жазып қағаз тауыса алмайсың. Біз өмір сүріп жатқан қоғамның да басты дерті – сол. Жасыратын несі бар, сыбайлас жемқорлықтың сойылы ел экономикасының жон терісінен қан сорғалатып, бөлінген қаражатты бөрідей талап жеп жатқан дәуірде ғұмыр кешіп келеміз. Қоғамның қай саласында болмасын, құлағын қылтитып шыға келер осы нәубетке ел болып қарсы тұрып, бір адамдай білек сыбана күресуден басқа қайран жоқ. Соған қатысты біздің облыста да қыруар жұмыс жасалып келеді.

Сіздердің әлеуметтік-саяси құбылыстарға белсенді қатысуыңыз – бүтін азаматтық қоғамның белсенділігінің артуына сеп болатындығына белгілі жайт. Қоғамымыздың әлеуметтік-саяси өмірінің жалғасуына және жақсаруына кедергі болып отырған, қоғамның барлық топтарын дендеп жалмаған дерт – сыбайлас жемқорлық екендігі барлығымызға аян. Осыған орай, сіздерді азаматтық белсенді ұстанымды таныта отырып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері жөніндегі ашық келісімге қосылуларыңызды ұсынамыз, – деді Талант Медет.

Әрине, шамалы бюджеттік үлесі, мардымсыз жалақысы тұрғысынан мәдениет саласына айып тағудан аулақпыз. Ащы шындықты қатысушылар да ашып айтты. Естіп-білмей отырған бірі жоқ. Заң – ортақ. Мәдениет мекемелерінің басшылары заңды бұзудан да аулақ. Алайда, көкейде тұрған түйткілді мәселе бар. Әңгіме мынада. Облысымыздағы көптеген мәдениет мекемелері білім ошақтарында жұмыс жасау құқығынан айырылып отыр. Мектеп қабырғасында ақылы түрде түрлі концерттік бағдарламалар, театрлық қойылымдар қоюға заңмен тыйым салыныпты. Ақылы болғанның өзінде бір билеттің құны бар болғаны – 300 теңге. Оның өзі ҚР «Мәдениет туралы» Заңымен бекітілген. Бұл бағаны асырып та, қымбаттатып жатқан ешкім жоқ. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай – Заң ортақ. Алайда, «мұндай шаралар сыбайлас жемқорлықтың түтінін түтетеді» деген түсінік қалыптасса керек. Енді, мәдениет мекемелері басшылары «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» мемлекеттік тапсырысты қалай орындайтындарын білмей дал болуда.

Айта кетейік, мұндай диалог алаңы бұған дейін БАҚ өкілдерімен де өткізілді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button