Жаңалықтар

Мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Бексұлтанов – 70 жаста

Мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Бексұлтанов – 70 жаста

Құдайберген Бексұлтанов. Тәуелсіз Қазақстанның бү­гінгі керім келбетін атаулы тұлғасыз көзге елестету әсте мүмкін болмас. Қазақстан Республикасының көрнекті мемлекет және азаматтық қо­ғам қайраткері. Дәл бүгін Құдайберген Бексұлтанов 70 жасқа толды. Бір ел мен бір ердің қосөрім есіл ғұмыры атан шөгерлік салмақ пен салиқалы тағылымға толы екендігін алдымен біз емес, қаймана халық қолқа жүрегімен түйсінері алғаусыз ақи­қат.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Сарыарқаның сәмиян самалы мен салқын сабат киелі топырағынан жаралған ерек болмыс иесі ат жалын тартар шағынан бастап, ақсұңқар арманға көз тікті. Өрімтал өмір кезеңінен теміржолшы болып, ол қалалық мәслихат депутаты, өңір әкімі және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде де республиканың саяси және әлеуметтік өмірінде маңызды рөл атқарды. Оның қаз тұрған қалт­қысыз қызметі Тәуелсіз Қазақстанның негізінің нығаюымен тікелей байланысты.

Құдайберген Бексұлтанов 1956 жылдың 17 қаңтарында Қарағанды облысы Нұра ауданындағы «Шахтер» совхозында ақзер әлемнің есігін ашты. Еңбек жолын 1976 жылы Қарағандыдағы №139 қалалық кәсіптік-техникалық училищеде теміржолшы мамандығын тәмамдасымен басталған-тын. 1993 жылы сол шақтағы академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «тарихшы» мамандығы бойынша оқып аяқтады. 2013 жылы «Болашақ» Қарағанды университетінде заңгерлік білім еншіледі. Білім нәріне қаршадайынан қаршығадай түйілген зеректігінің арқасында қарапайым жұмысшыдан бастап, саяси қызметке дейінгі жолды басып өтті.

Иә, Құдайберген Бексұлтановтың мансабы еңбек адамының қасиетті сүрлеуінен бастау алды. 1976-1978 жылдары ол көршілес Ресей елі Челябі облысындағы электромонтаж поезында жұмыс істеді. Сәл кейінірек сол кездегі Тың темір жол желісінде көмекші оператор болды. 1978 жылдан бастап, өндірістік оқу шебері ретінде еңбек етті. Ал, 1993 жылы №26 Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің директоры лауазымында еңбектенді (1993-1999 жылдар). Саяси мансабы 1996 жылы Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты болып сайланудан өрбіген. Ол бірнеше шақырылымда Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Осы ретте Құдайберген Бексұлтанов жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтуға үлкен үлес қосты. 2011-2016 жылдары Нұра ауданының әкімі болып, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және әлеуметтік мәселелерді шешуде тағдыршешті шешімдер қабылдады. Аталған кезеңде Құдайберген Бексұлтанов Қазақстанның ауылдық аймақтарын дамытуға, әсіресе, Қарағанды облысындағы өндірістік және әлеуметтік жобалардың жота көтеруіне жол салды.

Құдайберген Бексұлтанов осы жылдар мұғдарында Қарағандының көше атауларын қазақыландыруға, әсіресе, байырғы Октябрь ауданын Алаш арысы Әлихан Бөкейханның мүбәрәк есімін еншілеткен бірден бір қайраткер екендігін қаракөз қазақ баласы куәгер. Бұдан бұрын Қарағанды қаласындағы Совет ауданын кереғар ұққан көпшілік наразылығына қарамастан Қазыбек би ауданы деп аталуын іске асырған. «Құдайберген феномені» ақзер әлемге осындай жанқиярлық ерлігімен қат-қабат келді. 2023 жылдың 27 наурызынан Құдайберген Бексұлтанов – Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының депутаты. Ол «AMANAT» партиясының мүшесі ретінде парламенттік қызметте ел мүддесін өрге сүйреп келеді. 2002 жылдан бері Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық кеңесінің мүшесі, ал, 2003 жылдан Қарағанды облыстық үстел теннисі федерациясының төрағасы болып келді. Әрине, оның біртуар қайраткер, теңдессіз тұлға ретіндегі ерен-ғайып еңбегі Қазақстанның тәуменді Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік құрылысқа тікелей байланды. Халық қалаулысы ретінде жергілікті бюджетті басқару, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға жең түрді. Басшылық мінберде де ауылдық аймақтардың экономикасын көтеруге, жұмыспен қамту және игілікті инфрақұрылымды дамытуға өлшеусіз үлес қосты.

Мәжіліс депутаты қатарында заң шығару жұмыстарына атсалысып, мысалы, 2025 жылы жаңа Салық кодексіндегі қателіктерді сынға алып, бизнеске қолдау тетіктерін таразылады. Сондай-ақ, балаларға арналған әуе билеттеріне субсидия бөлу бастамасын көтере білді. «Кос­тенко» шахтасындағы апат бойынша парасатты пікір білдіріп, инвесторлар қауымдастығын сотқа тарту қажеттігін баса белгіледі.

Құдайберген Бексұлтановтың халыққа өтеусіз қызметі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзара құрметіне ойысты. Ол Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік марапаты «Құрмет» орденімен, сондай-ақ, «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Астанаға – 10 жыл» және басқа медальдарын кеудесіне тақты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көреген бастамашылдығымен Құдайберген Бексұлтанов парламенттік реформаларға белсенді қатысып, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға салым салды. Президенттің «Таза Қазақстан» және цифрландыру бастамаларын қолдай отырып, ол жалпы жұртшылыққа «Халық бірлігі – бас­ты назарда» деген әйгілі қоғамдық ұстанымын айғақтайды. Ұлттық кеңес құрамында табысты қызмет етіп, стратегиялық даму үдерісіне қатысты. Оның саяси әрі мемлекетшіл қызметі әр тараптан қолдау тапты. Партия мүшесі ретінде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы реформаларға үн қатты.

Қазақстан Парламенті Мәжі­лісінің төрағасы Ерлан Қошанов та Құдайберген Бексұлтановтың қатысуымен өткен отырыстарда парламенттік жұмыстың таудай маңызын ерекше атап өткені шындық. Мысалы, 2025 жылғы жалпы отырыста балалар тәрбиесі мәселесін талқылағанда, Ерлан Қошанов депутаттардың бастамаларын қолдады. Бұл Қ.Бексұлтановтың ұсыныстарының мән-маңызын аңдатады. Сондай-ақ, Қарағанды облысының әкімдігі және әр түрлі деңгейдегі мәслихаттағы әріптестері оның жұмысын жоғары бағалайды. Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы ретінде ол жергілікті өзін-өзі басқарудың өзгеше үлгісіне айналды. Замандастары оны «Халыққа жақын, жауапты қайраткер» деп атайды.

Құдайберген Бексұлтановтың есім-сойы бүгінде – Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы тұрақты дамуының нышанына айналған. Оның еңбек жолы жігерлі жұмысшыдан мемлекеттік деңгейдегі қайраткерге дейінгі тағылымға нұсқайды. Жетпіс жастың желкені – Егемендік ертеңі деп шарқ ұрған бір мемлекеттік қайраткердің боямасыз болмысын тарту етеді. Болашақ ұрпақ үшін оның тәжірибесі – әділетті мемлекет құрудағы саф үлгі.
Мерейжас құтты болсын, Құдайберген Бексұлтанұлы!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button