Басты тақырыпРуханият

Дәстүрлі құндылық –ұлы мұрат

     Ұлттық құндылық – ұлы мұрат. Ұққанға. Ұзақ жылдар бойы еліміз бабадан қалған мұрадан ажырай бастағандығы шындық. Оның ішінде, Ата дініміз бен Ата салтымыздың дара жолынан, дана жолынан алыстап қалған сияқтымыз. Мұны Елбасымыз да айтты. Тікелей назарына алды.

Енді осы тапсырмаға сәйкес әрекеттердің бет алысы қандай, орындалысы қандай? Осыған келейік. Олқылықты жою, орасан іс. Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Қарағанды облысының әкімдігі және облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының, Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен түндігі түрілген «Жастар дәстүрлі құндылықтар үшін» республикалық жастар акциясының бастамасы белуардан келетін мәселені кешіп өтпек. Бұған Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында құлағдар болдық. Мұндай жақсы істің басынан Қазақстанның қоғам қайраткері, Бауыржандай батыр бабаның алдын көріп, жалпы қазақ келінінің автопортретіне айналған, ұлттың анасы Зейнеп Ахметованың табылуы талайды тамсандырды. Өйткені, дәстүрлі құндылықтар туралы әңгіме қозғалғанда халықтық педагогиканың маңызы жоғары екендігі біз бен сізге мәлім. Ал, бұл жөнінде жарғақ құлағы жастыққа тимей, жан айқайын жеткізген Зейнеп әжеміздің орны бөлек. Көргенде төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Қай тақырыпқа салса да, тақыр жерде қоян алар тазыдай жүйрік жанның толымды жауабы мен өткір пікірі жүректі қозғады. Қалам ұстап, ой кешкен ананың дін тұрғысында айтқан даты да орынды. «Дін деген – жүрек қалауымен Құдайды іздеу. Біздің қазақтың салт-дәстүрінде ешқашанда шариғатқа қайшы келер, шек келтірер дүниелер болмаған. Ата дініміз асқақ. Ал, осы бабадан жалғасқан діни ұстанымды жат ағымдардың жоққа шығаруы білімсіздіктің салдары. Жастардың жат ағымдардың жетегінде кетуі де – білімсіздік. Басы бұлақтан басталған өзен ұзаққа ағады. Біз бұлақтың басын былғамау үшін өзімізден бастау керекпіз. Отбасындағы тәрбие – басты құрал. Бұған дін де, салт-дәстүріміз де кірігеді. Біз мұнымен шектелмей, халықтық педагогикамен тәрбиелеуге үлкен бағдарлама жасауымыз керек» деді Зейнеп әже.

Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан көркемдік-эстетикалық дүниетанымын дамыту, тереңдету, адамгершілік-имандылық қасиеттерді, ұлттық, азаматтық мұраттарды ақыл-ойдың қуатымен дәлелдейтін кездің келгендігін де сөз етті. Тіршілік ету – ол әрдайым күрессіз өткен емес. Сондықтан да, баршамыз жұдырықша жұмылып күресу қажет дегенді қадап айтты. Сөз арқауына алынған пайымы, парасаттың бесігін тербеді. Мұраны мұрагерлерге сабақ ету азаматтық парызымыз деп ұғындырды. Ұйымдастырушылар да ұлт анасының бұл сүбелі сөздеріне бас шұлғысты.

Шөлдеген адам сияқты, қарыны ашқан адам да түкірігін жұтады. Дәстүрлі құндылыққа қарыны ашқандар бұл жүздесуден жүрек жалғар нәрсе алғандығына күмәнім жоқ. Айтулы акцияның ауқымы үлкен. Қандайда бір істің қаражатқа келіп байланатыны да анық. Бұл жағы да ескеріліпті. Бюджеттен акцияға 5 млн. теңге қарастырылыпты. Ендігі кезекте адам тәрбиесінің асыл діңгегі – ұлттық салт-дәстүр өз деңгейінде дәріптелсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button