Дәстүрлі дода дүбірі
Қарағандыдағы «Достық» үйінде II «Senat Open» Ашық кубогының облыстық іріктеу кезеңі өтіп, онда облыстың барлық қала, аудандарынан келген 121 әуесқой шахматшы бақ сынады. Айтулы бәсекеге мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер, әйелдер және журналистер ептілік танытып, өзара мықтыларды анықтады. Ауқымды дода Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың қолдауымен шахматты дәріптеу және бұқаралық спортты қолдау мақсатында осымен екінші рет өткізілді.
Ашылу салтанатында Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың бейнеқұттықтауы ел назарына ұсынылды.
Қарағанды облыстық мәслихаты мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған облыстық іріктеу кезеңінің ойындары бәсекеге толы болды.
– Шахмат түрлі сала өкілдеріне, атап айтсақ, мемлекеттік қызметкерлерге, депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер мен журналистерге бір алаңда кездесуге мүмкіндік береді. Бұл ойын ғана емес, мұнда бейресми жағдайда түрлі сала өкілдері достасып, әңгімелесіп, өзара тәжірибе алмасады. Ойын мақсаты – аға буын мен жас буынды біріктіріп, жастарға зияткерлік спорттың қызықты, пайдалы әрі бұқаралық сипатын насихаттау. Биыл кубок 46 кезеңнен тұрады. Оның 23-ін өткіздік. Енді жартысы қалды. Бұл кезеңнің өтуіне облыс әкімдігі, облыстық мәслихат, аудан, қала әкімдіктері мен мәслихаттары тікелей атсалысып отырғанын айрықша атап айту керек, – дейді турнир директоры және Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті, «Senat Open» Ашық кубогын өткізудің кураторы Александр Бабенко.
Шараға Қарағанды облыстық шахмат федерациясының төрағасы Николай Симонянның арнайы қатысқанын атап өту керек.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев те шахмат ойынында шеберлігін сынға салды.
Сонымен қатар, қатысушылар арасында жаңадан келгендер де, тәжірибелі ойыншылар да бар екенін айта кету керек. Турнирдің тұрақты қатысушылары да бар. Мәселен, Қарағанды облысының шахмат федерациясының бұрынғы вице-президенті Сергей Могила 2024 жылы іріктеу кезеңінде екінші орынды иеленген.
Турнирге қатысуда облыстық мәслихат депутаттары белсенділік танытып келеді.
Облыстық мәслихаттың депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Қадиша Оспанова шахматты көп жылдан бері ойнап жүрсе де, өзін кәсіпқойлар санатына қоспайды.
– Шахмат логиканы, стратегиялық ойлауды дамытады. Сонымен қатар, шахматтың ойыңды қорытып, санаңызды қайта ретке келтіретін әсері мол. Ең бастысы – жас ұрпақтың көбірек қатысуын қадағалап, бұл ойынның белсенді зияткерлік спорт түрлерден кем түспейтінін көрсету, – дейді Қадиша Базарбайқызы.
Турнирдің Бас төрешісі – FIDE халықаралық төрешіcі Батырбек Нұрмағамбетов болды. Жарыс швейцариялық фиде жүйесімен 9 тур бойынша өтті. Уақытты бақылау – партияға 10 минут, оған қоса біріншісінен бастап, әрбір жүріс үшін 5 секунд берілді.
Турнир қорытындысы бойынша жеке және командалық есепте жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Арқа төсіндегі турнирдің іріктеу кезеңіне қатысқан 121 әуесқой шахматшының 99-ы мәреге ұпаймен жетті.
29 маусымда Семей қаласында өтетін «Орталық» аймақтық кезеңінің жартылай финалында Қарағанды облысының намысын қорғайтын 35 үздік шахматшы анықталды.
Жеке есепте Абай аудандық мәслихатының депутаты Бекмұрат Ағзамов пен Теміртаудан келген еңбек ардагері Төлеген Төлеуов 7,5 ұпай жинады. Бірақ, қысқартылған Бухгольц коэффициенті бойынша Ағзамов II орынға шықты. Ал, Төлеген Төлеуов ІІІ орынға жайғасты.
Командалық есепте Абай ауданы мен Теміртау командаларынан басым түскен облыс орталығы Қарағанды қаласының шахматшылары жеңімпаз атанды.
Жеке және командалық есептегі жеңімпаздар мен жүлдегерлерден бөлек, арнайы санаттағы қатысушылар да медальға ие болды.
Атап айтсақ, ардагерлер арасында – Төлеген Төлеуов, әйелдер арасында – Сараннан келген Гүлден Әлімбаева (жалпы есепте 30-орын), мәслихат депутаттары мен қызметкерлері арасында – Бекмұрат Ағзамов, қоғамдық кеңес өкілдері арасында – Приозёрск ойыншысы Нұржан Бөлегенов (10-орын), БАҚ өкілдерінің арасында – облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің қызметкері, әріптесіміз Арайлым Көктаева (46-шы орын).
2025 жылы «Senat Open» Ашық кубогы үш кезеңнен тұратын форматы өзгеріссіз қалды. 21 ақпаннан 18 мамырға дейінгі кезеңге барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларды қамтитын 20 іріктеу турнирі жоспарланған.
Бүгінге дейін оның алғашқы кезеңдері – 21 ақпанда – Түркістанда, 23 ақпанда – Шымкентте, 16 наурызда – Астанада және 31 наурызда Павлодарда өткен. Бұл жарыстарға 500-ге жуық әуесқой шахматшы қатысты.
Одан кейін, 15 маусымнан 9 тамызға дейін аймақ қағидасы бойынша – еліміздің Солтүстігі, Орталығы, Оңтүстігі, Батысы мен Шығысы бойынша бөлек-бөлек бес жартылай финал өтеді. Бұл кезеңдердің жеңімпаздары 29 тамызда Астанада үлкен финалда бас қосады.
Биыл да өткен жылдағыдай маңызды шектеу бар. Қатысушылардың Эло рейтингі (классика, рапид немесе блиц – кез келген форматта) 2025 жылдың 1 қаңтарында 2000-нан төмен болуы керек.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО