Дәстүрді дәріптеген көрме
Наурызнама онкүндігі аясындағы Қайырымдылық күнінде Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде көрме-жәрмеңкесі өтті. Этно киім, ұлттық бас киім, әшекейлер, ою-өрнекті ыдыс-аяқтар топтастырылған «Қолөнер – рухани жан серігің» көрмесі Шет, Осакаров, Абай және Қарқаралы аудандарының шеберлерін жинады.
– Наурыз мерекесінде көрме үнемі жұмыс істейді. Қарағандылықтар және қала қонақтары көрмені тамашалап, ұнаған бұйымдарын сатып алады. Бізде 40-тан астам жәдігер және ұлттық нақышта безендірілген киіз үй бар.
19 наурызға «Наурыз – берекем, Наурыз – мерекем» мерекелік іс-шарасы жоспарланған. Қамшы істеу бойынша шеберлік сағатын Үштөбеден келген қолөнерші Жасұлан Кауапов өткізеді, – деді мұражай директорының орынбасары Мейрамгүл Елубаева.
Шебер Гүлжан Әбдіқашеваның қыштан жасалған әсем бұйымдары көздің жауын алды. Түрік өнер мектебінде үздік шеберлермен бірге оқыған ол 8 жыл бойы қолөнермен айналысады.
– Түркияда ересек шеберлерге арналған өнер мектебінде оқыдым. Ыдысты түрік технологиясы бойынша, бірақ, қазақ стилінде жасаймын. Қазір жергілікті дала сазын және түрік материалдарын қолданамын. Өнімдерім екі рет өңдеуден өтеді, барлық нормаларды сақтаймын. Өнімдер – өте берік және экологиялық таза. Ыдыс-аяқтан басқа зергерлік сырға, сақина, алқа, білезік, моншақтар істеймін. Жұмыстарым халықаралық фестивальдерге, Франция мен Люксембург көрмелеріне қойылды. Қазір керамикаға сұраныс басым, бұл бағытты тек дамыту қажет, – деді Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі Гүлжан Әбдіқашева.
Жәрмеңкеге жиналған қарағандылықтар көрмеде дизайнер Әсем Серғалиқызының этно-стильдегі киімдерден тігілген «Анса Дэстор» брендін тамашалады. Музей қызметкері Айгүл Әбдірашқызының орындауындағы «Наурыз көктем» әні көрменің көркін кіргізді.
– Ұлтымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деген болатын. Ұлттың бар болмысын, тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, бойына дарытатын – әйел-ана. Сондықтан, ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды дәстүрге сүйеніп, уақыт талабына сай тәрбиелеу – ата-ананың ғана емес, қоғамның міндеті. Наурыздың онкүндігіндегі аналар қауымы жиналып, көрікті көрмемізді қайырымдылыққа арнадық. «Қайырым жасасаң – қайырын өзің көресің» дегендей, ел игілігі жолында қызмет атқарудан шаршамаймыз, – деді «Жәдігер» қолөнершілер қоғамдық бірлестігінің басшысы Перизат Құлымбетова.
Көрме-жәрмеңкеге Абай ауданынан келген 56 жастағы Балдырған Қаби ұлттық киім тігумен айналысады.
– Қолөнермен бала кезімнен айналысамын. Әкем қолөнерші болған. Тақия, шашбау, сыпыра, жилет, ұлттық ою-өрнегі бар мектеп формасы, аналар мен балаларға арналған сырма мен көйлектер тігемін. Басында тек отбасым үшін, кейін туыстарым үшін тігетін едім. Екі жыл бұрын қарағандылық қолөнершілер тобына қосылдым. Әлеуметтік желілерде жарнама жасап, тапсырыс аламын. Тұтынушылар киімдерімнің сапалы екенін айтады, – деді Балдырған Қаби.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz