Руханият

Дәстүр неге дәріптелмейді?

Мәдениетіміз бен әдебиетімізді, тұрмыс-тіршілігімізді, түсінігіміз бен танымымызды көрсететін ұлттық салт-дәстүрдің қазақ тарихында алар орны ерекше. Жалпы, салт-дәстүр дегеніміз – ықылым заманда әр халықтың сенім-нанымына, тұрмыс-тіршілігіне, күнкөріс кәсібіне байланысты қалыптасып, уақыт сынынан өтіп, табиғи түрде, өздігінен бір жүйеге келтірілген. Және елмен бірге жасасып келе жатқан әдеттер мен ырым-жоралардың ерекше түрі.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Ата-бабамыздың өсиеті болып келе жатқан ұлттық салт-дәстүріміздің тәрбие­лік, танымдық мәні зор. Кей дәстүріміз – сонау заманнан бері қалыптасып, қаймағы бұзылмай сақталған болса, енді бірі заманның ағымына сай халық арасында ұмыт болып кеткен. Шет елдерге деген шектен тыс еліктеушілік салт-дәстүріміздің қолданылу шеңберін тарылтты десек болады.

Десе де, сана-сезімімізді оятып, мінез-құлқымызды қалыптастыратын ұлттық құндылығымыздан ешкім түбегейлі алыстаған емес. Мәселен, үйлену той, қыз ұзату, беташар, сырға салу сынды дәстүріміз еліміздің әр өңірінде асқан салтанатпен өтеді. Алайда, «Елу жылда – ел жаңа» демекші, орындалу әдебінде сәл өзгешелік бар. Орталық Қазақстанда ұзату мен беташарда бір той қылып өткізсе, оңтүстік өңір жеке күн арнайды. Қалыңдықтың бетін ашуға заманауи әндердің мақамын қолданады. Ертеректе қалыңдықтың бетін ақындар ашса, қазір домбыра шерткеннің бәрі әзір. Мұндағы басты мақсат – жаңа түскен келіннің әулеттің үлкендерінен ақ бата алу, бірақ, жаңа ғасырымызда беташардың көркі ортаға түскен ақшамен өлшенетін секілді. Ал, алып қашу, қалындықтың қалың малын беру болса, оңтүстік аймақта кең етек алып тұр. Қыз айттырып бару, бесік құда, бел құда болуды, тіпті, санамыздан шығарып тастадық деуге болады.

– Қазір ұлттық салт-дәстүр туралы айтсақ, сақталып жүр деп айту қиын. Жастар өзгерді ғой. Заман ағымына сай, жастардың да талабы күннен-күнге өзгеріп келе жатыр. Біздің кездегі қонақ кәдесі, тоқымқағар сынды салт-дәстүрлер қазір кеңінен қолданылып жүр деп айта алмаймын. Осы уақытқа дейін аймақ-аймаққа бөлініп, салт-дәстүріміздің сан қилы қырынан әртүрлі өзгешеліктер көріп келеміз. Жалпы, ұлттың қалыптасуына, таным-түсінігін түзетуге ұлттық салт-дәстүр елеулі үлес қосады. Неғұрлым салт-дәстүрмен жүрсек, біздің келешегіміз кең деп ойлаймын, – деді Құрма ауылының тұрғыны 70 жастан асқан ақсақал Орал Карин.

Ал, қаланың жас тұрғыны Назым Асанқызы.

– Қазіргі таңда салт-дәстүр толық орын­далады деп ойламаймын. Көп жағ­дайда тойлануы тиіс дәстүрлер өз деңгейі­нен төмендеп кетті. Халық салт-дәстүрлерді көп қолданбайды. Бірқатар дәс­түрлер ұмытылып барады. Атап айт­сақ, қыз қуу, ерулік, әмеңгерлік сынды дәс­түрлер. Қазақстан бойынша, батыс жұрты мен оңтүстік, оның ішінде Шымкент, Түркістан қалаларында салт-дәстүрі кеңінен қолданылады, – деді.

Біз салт-дәстүрімізді жоғалтпай, дә­ріптеп, іні-қарындастарымызға жеткі­зуіміз қажет. Дана халқымыздың өзі жасаған ұлттық салт-дәстүріміз – жұртты адастырмас алтын қазына.

Дарина САМЕН,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің ІІ курс студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button