«Дәрігерлік – жанның қалауы»
Мамырдан бері жедел жәрдем қызметі өзгеріске ұшырап, жаңа тәртіппен жұмыс істеп жатыр. Ауыр емес жағдайларға жедел жәрдем емес, емханаларда жасақталған мобильдік бригадалар барып жүр. Десе де, түнгі уақытта және демалыс күндердегі шақыртулар бұрынғыдай жедел жәрдемге түседі. Қазірдің өзінде мамандар салалық қызметке түскен жүктемені сезінуде. Бұл жедел жәрдем қызметіне қалай әсер етеді, саланың бүгінгі жай-күй қандай, болашақта нендей өзгеріс күтіп тұр? Осы және басқа да мәселелер турасында облыстық жедел медициналық көмек станциясының директоры Жанат Елубаевпен сұхбаттастық.
– Жанат Қуандықұлы, алғашқы сұрағымыз аталған өзгерістерге байланысты болмақ. Бұл жедел жәрдем қызметіне қалай әсер етеді?
– Мамыр айына дейін аса шұғыл деген үш категорияға қызмет жасадық. Министрлік бұйрығымен өзгеріс енгізіліп, төртінші категорияны да бізге берді. Бұл – қатты ауыр емес жағдайлармен байланысты шақыртулар. Күндіз емханалардың мобильдік бригадалары өздері алады, түнгі уақытта және демалыс күндері біз аламыз. Емхана мен үйінің арасы бес аттам жер болса да, жедел жәрдем шықаратындар жетеді. Соған жедел жәрдем барады. Ол уақытта басқа біреуге шұғыл көмек керек болуы мүмкін. Халық арасында негізсіз шақыртулар әлі де азаймай тұр. Мұрыны қанады, құлағы, іші ауырып тұр, температура – жедел жәрдем емес, емханалардың мобильдік бригадасын шақыратын себеп.
– Жедел жәрдем қызметі үшін бірінші кезекте шақыртуларға қандай жағдайлар себеп болады?
– Бұрыннан қалыптасқан категорияларға сәйкес 10 минут – бірінші, 15 минут – екінші және 30 минут – үшінші санаттағы шақыртулар үшін көзделген. Емханалардың мобильдік бригадасының шақыртуға келу уақыты – 60 минутқа дейін.
Республика бойынша жеделділік нормалары бар. Осы нормаларға сай келуі керек. Бірақ, біздің облыс қалыс қалып жатады. Кейбір облыстар шағын, жинақы орналасқан болса, біздің облыс аумағы ауқымды. 40 минуттың ішінде барып келу мүмкін емес. Қыс мезгілінде тіптен қиын. Біздің жедел жәрдем қызметкерлері 50-550 шақырым аралығында қызмет көрсетеді. Елдімекендердің орналасуы да айтарлықтай кедергі. Мәселен, Бұқар жырау ауданының көптеген ауылдары Теміртауға жақын. Ол жерлерден шақырту түссе, біз Бұқар жырау ауданы орталығынан көлік жіберуіміз керек. Ол қаншама уақыт алады. Сондықтан, біз Теміртау қаласының жедел жәрдем қызметін қосамыз. Облыс бойынша 83 бригада бар. Соларды қалалық әкімдік жанында оперативті бөлім өзара реттейді. Шақырту қайдан түсті, ол жерге қандай көлік жақын, қанша уақытта жете алады? Бәрін қарап тиісті көлікті жібереді. Проблеманы осылай ғана шеше аламыз. Көлік жетіспейді, маман тапшы. Қазірдің өзінде 100-ден аса маман болуы керек десек, 50-і ғана жұмыс істейді.
– Тапшылық неден? Бұл мәселені қалай шешпексіздер?
– Медицина университетін 6 жыл оқыған студент жалпы практика дәрігері болып шығады, жедел жәрдем қызметіне келуі үшін тағы 3 жыл резидентура оқуы тиіс. Оған ешкім барғысы келмейді. Кеңес одағындағы жүйеде резидентура деген болған жоқ. 6 жыл оқиды, таңдаған мамандығы бойынша бір жыл интернатурада оқиды, болды. Қаласа, кейін 4 айлық қайта мамандандыру курстарын оқып, бағытын өзгерте алады. Қазір олай емес, білім жүйесі бұзылды. 9 жыл оқығаннан ғалым болып кеткен ешкім жоқ, ашығын айтсақ. Алты жыл оқыса да, тоғыз жыл оқыса да, сол жұмыс, сол оталар жасайтыны. Бірақ, олар уақыт жоғалтады, біз маман жоғалтамыз. Білім беру жүйесі өзгермей, кадр тапшылығы жойылмайды. Ешкімді қазір мәжбүрлей алмайсың. Студенттер бағытын таңдағанда есептеп барады. Окулист, лор, стоматолог секілді бір жерде отыратын мамандықтарды таңдайды. Хирургия, жедел жәрдем дегендерге ешкім бармайды. Кезіндегі біз сияқты біреуге пайдам тисін деген ұстаныммен баратындар санаулы. Дәрігерлік – ішкі жан дүниеден шығады. 10 теңге, 100 теңге төлесе де, жүрек қалауымен істейтін адамдар бар. Себебі, ол оған ұнайды. Десе де, ықыластылар аз. Мұны 12 жыл университет кафедрасында сабақ берген тәжірибемнен түйгенімді айтып отырмын.
Қазір облыс көлемінде 800-ден астам фельдшер бар. Төртінші санатты қосқаннан бері жүктеме көбейді. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда жүктеме артық. Мамандар тарапынан жалақыға, жұмыс жағдайына шағымдар да көбеюі мүмкін. Еңбекақыны көтеру біздің қолымызда емес, ол облыстың да құзыретінде емес. Оны министрлік шешеді. Бір күн істеп, үш күн демалатыны ғана оларға артықшылық. Бос кезде басқа жұмыс істеуіне мүмкіндік бар. Сол үшін келеді. Өзгеріс енгізгеннен кейін қосымша 16 бригада ашылсын деген тапсырма бар. Оған кем дегенде 200 қызметкер қабылдануы керек.
– Жедел жәрдемді көбісі «мазасыз жұмыс» деп қашатын шығар? Бұл қызметке әдетте халықтың шағымы да көп қой.
– Шағым қазір азайды. Негізігісі сол, «кешігіп келді», «аяқтарын шешкен жоқ», «дөрекелік көрсетті» сыңайда. Бұйрық бойынша жедел жәрдем қызметкерлері аяқ киімдерін шешуге міндетті емес. Бұл туралы біз әлеуметтік желілерде де үнемі айтамыз. Алайда, арасында шынымен де, өздерін дөрекі ұстайтын, баса-көктеп кететін қызметкерлер кездеседі. Адам болған соң мінездері әр түрлі. Өздерін ұстау, этика сақтау бойынша дәрістер өтеді, дисциплиналық кеңес бар. Кез келген мәселені қарайды. Мониторинг күнде жасалады. Өзіміз де дәрігерміз, науқас дәрігерді көргенде көмек, біл жылылық күтеді. Жас мамандарға осыны түсіндіреміз.
– Саланы не өзгерістер күтеді? Облыстың жедел жәрдем қызметі жаңғыратын күн жақын ба?
– Биыл бірқатар өзгерістер жоспарланған. Облыс әкімдігінің қолдауымен арнайы автокөлік паркін жаңартамыз. 113 автокөлікке сұраныс берілді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мырза қолдап отыр. Қазіргі қолданыстағы көліктер осыдан 4 жыл бұрын алынған десек те, оның 70 пайызы тозды. Жөндеумен келе жатқан көліктер.
– Санитариялық авиацияда да жаңара ма?
– Қазір бір-бірден ұшақ пен тікұшақ, арнайы көліктер бар. Төрт автокөлікке тапсырыс берілді. Оның біреуі – «Ford» арнайы автокөлігі. Онымен жаппай жапа шеккендерді тасымалдауға жақсы. Бұл, мысалы, шахтадағы апат, жаппай жол-көлік оқиғасы кезінде тиімді. Оған төрт науқасты жатқызып, екі науқасты отырғызып әкелуге болады. Одан бөлек, дәрігерлер де сыяды. Әдеттегі көлік бір ғана адамға арналғандықтан, 4 адам жапа шексе, төрт көлік жіберуге мәжбүрміз. Бұл – қосымша шығындар. Аталған көлікті жеткізетін тараппен келіссөздер жүргізілді. Алынса, бұл Қазақстандағы осындай тұңғыш көлік болмақ. Басқа үшеуі – лауазымды тұлғалардың кортежіне ілесіп жүретін арнайы медициналық көлік. Біздің газельдер олардан қалып қоятыны рас. Сол үшін «Toyota» маркалы автокөлікке сұраныс беріп отырмыз. Сонда барлығы 117 көлік берілуі тиіс.
– Жаңа шағын станция салу жоспары жоқ па?
– Ондай жоспар бар. Қала өсіп келе жатыр. Әсіресе, Оңтүстік-Шығыс ауданының халқы көбеюде. Сол жаққа жаңа шағын станция салу туралы ұсыныс айттық. Қазір бұл ауданда 12 бригада бар. Олар отырған ғимарат бұрынғы емхана, ешқандай талаптарға сәйкес келмейді. Бригадалар саны артса, сыймайды да. Екінші жағынан дәрігерлердің арасында демалып, жуынып, тамақ ішетін орындары болуы керек. Оған мүмкіндік жоқ қазір. Оңтүстік-Шығыста салынса, ол осы ауданнан басқа, Майқұдыққа да бара алады.
Топар мен Саран қалаларында модульдік шағын станция салу туралы бастама да қолдау тапты. Қазір олар басқа ғимарат ішінде қосалқы бөлмелерінде отыр. Құжаттары дайын, құрылыс биыл басталса, жыл соңына дейін бітеді. Жалпы, Майқұдық пен Сұрыптауда жаңадан салынған шағын станция ғана талаптарға сәйкес келуі мүмкін, басқаларында жағдай жоқ. Көліктерге гараж, адамдардың жұмыс істеуіне жағдай жасалмаған. Қыста көліктерді от алдыру да уақыт алады. Қыздырмай жүріп кеткен көліктер тез бұзылады.
Бізде Сұрыптау станциясындағы шағын станцияда симуляциялық орталық бар. Сол жерде облыстың түпкірінен келген мамандарды оқытамыз. Жұмысқа да осы орталықта машықтарын көрсеткеннен кейін ғана қабылдаймыз. Жаңа шағын станция салынса, симуляциялық орталықты сол жерден ашу ойымызда. Осы ретте облыс әкімдігі тарапынан қолдаудың бар екенін айтқым келеді. Аймақ басшысы біздің барлық ұсыныстарды қарастыратынын айтты.
– Кейінгі кездері фельдшерлерге қол көтеру фактілерінің жиілегені жасырын емес. Оған себеп не? Халықтың мәдениетінің төмендігі ме, әлде аталған қызметті көрсететін мамандардың айыбы бар ма? Қалай ойлайсыз?
– Былтыр ақпанда Теміртауда фельдшерлерге қол көтеру орын алды. Соққы жасаған ол екеуі де бес жылға сотталып кетті. Алдында жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін ұру фактісі қоғамда қызу талқыланғанын білесіз. Ол да істі болып кетті. Жақында да бір жағдай орын алды. Шақыртуға барған дәрігер науқастың қайтыс болғанын айтқанда, баласы «Неге көмек көрсетпейсің?» деп жұдырық жұмсапты. Бірақ, фельдшердің өзі полицияға арыз жазған жоқ. Негізі, қол көтеру фактілері қаладан тыс жерлерде жиі.
Сондықтан, жедел жәрдем қызметкерлері барлық шақыртуда міндетті түрде аудиожазба жасайды, көліктердің барлығында бейнекамералар орнатылған. Кез келген жағдайда сол жазбалар арқылы ақ-қарасы анықталып, қателік қай тараптан кеткені анықталады.
– Жолдағы мәдениет те осы сұрақтың заңды жалғасындай…
– Жол бермейтін көліктер де камера арқылы анықталып, тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай жағдайлар да өкінішке қарай, көп кездеседі. Жедел жәрдем көлігінің арнайы дабыл белгісін қосып, қызыл бағдаршамнан өту жағдайлары да жіті тексеріледі. Бізге айыппұл келгенде ол көлік жүргізушінің әрекеті орынды ма, әлде асыра сілтеу ме, анықтаймыз. Әр шақырту сайын шақырту картасы жасалады. Онда қоңырау шалу уақыты, себебі, қандай санатқа жататыны бәрі жазылады. Бірінші, екінші, үшінші санаттағы шақыртуға жатса, оның әрекеті орынды екенін дәлелдеп береміз.
– Осы жағдайлар дәрігер мәртебесінің төмендігінің көрінісі сияқты емес пе?
– Дәрігердің бүгінгі күні мәртебесі жоқ. Бізде пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі бар. Шағымданған адамға айтар жауап дайын – «дәрігерге шара қолдандық, сіз шағымыңызды қайтып алыңыз, әрі қарай бармаңыз» деп жылы жауып қояды. Сосын кез келген адам дәрігерді басынады. «Ауруханаға жатқызбап еді, шулаттым, жатқызды» деп бір-біріне айтады. Кейін басқа адам да «шулатса» болды екен деп, баса көктеп келеді. Қазіргі қоғамның «шүйлігетіні» – дәрігер, мұғалім, полиция қызметкерлері. Қадір-қасиет, құн содан жоғалады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»