Дәрі өндірісінің дәрмені қалай?
Тарихи дерек бойынша, Қазақстандағы алғашқы фармацевтикалық зауыт Шымкентте 1885 жылы ашылыпты. Содан бері 138 жылдық тарихы бола тұра отандық фармацевтиканың тамырына қан жүріп, дами бастағаны кейінгі 20 жыл екен. Оның өзі шетелдік инвесторлардың келуімен байланысты. Ал, отандық өндірушілердің үлесі өткен ғасырдың 90 жылдарында 3% болса, кейінгі жылдары ғана 17%-ға жетіпті. Пандемияның «арқасында» отандық фармацевтикада өсім болғанымен, ол республиканы толық қамтамасыз етуге қауқарсыз екенін айтады мамандар. Әйтпесе, жылына шамамен 800 миллион АҚШ долларына дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатып аламыз ба?
Ел бойынша бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС ресми дерегінше, былтыр сатып алынған дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың тізбесі 796,5 миллион АҚШ долларын құрапты. Басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевтің айтуынша, отандық өндірушілерге баса назар аударылады. Одан кейін, сатып алынған дәрі-дәрмектердің үлесінде Еуропа елдері жетекші орынға ие – 24%. Оның ішінде Аустрия, Германия, Польша мен Латвиядан көбірек сатып алынады. Жүргізілген талдау көрсеткендей, ең азы Беларуссиядан келеді екен. Тек бес бұйым.
Денсаулық сақтау министрлігінің былтырғы жылғы деректеріне сәйкес, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шығаратын отандық 96 кәсіпорын бар. Осы салаға құйылған инвестиция көлемі алдыңы жылмен салыстырғанда 39% артып, 21,3 млрд. теңгені құрады. Мұндай оң динамикаға әсер еткен факторлар қатарында Жамбыл облысында биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты базасында иммунобиологиялық препараттардың шығарылуын, «Химфарм» АҚ зауытындағы модернизацияны сонымен бірге, «Қарағанды фармацевтикалық кешен» ЖШС жаңа цехтардың ашылуын айтуға болады. Жалпы, 2015 жылдағы 168 млн. доллардан 2021 жылғы 443 млн. долларға дейін елдегі фармацевтикалық өнім өндірісі 2,5 есе ұлғайған. Десе де импортқа тәуелділіктен арыла алмай келеміз. Бірыңғай дистрибьютор мамандары оның бірнеше себебін келтіреді. Оның бастысы ғылымның, өндіріс пен білімнің әлсіз интеграциясы, отандық ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мен практикаға бағдарлаудың төмен дәрежесі, мамандандырылған бейінді мамандардың тапшылығы. Мәселен, дәрі-дәрмек өндірушілері бір дәрісін нарыққа шығару жұмысын Ұлттық сараптама орталығына өтініш беруден бастайды. Ол жерде қауіпсіздік, сапа мен тиімділік, «пайда-тәуекел» арақатынасын кешенді бағалау, дәрілік заттарға клиникалық зерттеулер жүргізу үшін материалдарды бағалау, реттелетін сапаға сәйкестікке зертханалық сынақтар, фармакологиялық қадағалау деректері арқылы дәрі-дәрмектерге сараптама жасалады. Бұл рәсімдер айтарлықтай уақыт алады. Технология мен дайын жобалардың жоқтығынан отандық өндіріс халықаралық ірі компанияларға тізгін беріп отыр. Мысалға Шымкенттегі «Химфарм» АҚ акцияларының 51%-ын белгілі еуропалық «Польфарма» компаниясы сатып алды. Ол елдегі ең ірі отандық фармацевтикалық компания саналады. Түрік инвесторының Алматы фармацевтикалық фабрикасына келуімен «Нобель АФФ» ЖШС атымен дәрі-дәрмек шыға бастады. Тағы бір түркиялық ірі фармацевтикалық компания елде «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС-ін құрып, «СП Глобал Фарм» ЖШС-нің акцияларының 60%-ын сатып алды. Жобаның құны $60 млн. құрайды. Ал, аймақтағы Қарағанды фармацевтикалық кешеніне ресейлік «Фармстандарт» компаниясы келді. Ол салған инвестиция көлемі – 15 млн. АҚШ доллары. Аталған фармацевтикалық кешеннен басқа облыста дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіруге лицензиясы бар жеті өндіруші кәсіпорын бар.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, аймақта «Фармация-2010» ЖШС, «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ЖШС, «ДиАКиТ» ЖШС, «International Desinfection» ЖШС, «UniFarm21» ЖШС, «Гросфарм» ЖШС, «Қолғанат-Қарағанды» ЖШС сияқты кәсіпорындар бар. Және оның бірқатарында атап айтқанда, «ҚФК» ЖШС, «ДиАКиТ» ЖШС, «UniFarm21» ЖШС, «Фармация-2010» ЖШС өндірген өнім былтыр айтарлықтай азайған. Бұл коронавирустың таралуының азаюымен байланысты. Иә, пандемия фармацевтика саласының қаншалықты маңызды екенін, дәрі-дәрмексіз хәл мүшкіл екенін көзге шұқып көрсетті. Сол себепті, отандық фармацевтиканың, оны ішінде өңірдің әлеуетін сұраған ресми хатымызға департаменттен «Халық үшін дәрілік заттардың қамтамасыз етілуінің, физикалық және экономикалық қолжетімділігінің маңызды факторларының бірі – отандық дәрілік заттар өндірісінің болуы және дамуы. Алайда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілер де жеке ұйымдар болып табылады. Осыған байланысты отандық дәрілік заттар өндірісінің үлесінің ұлғаюы Департаменттің құзыретіне кірмейді. Департамент өз құзыреті шегінде әр тоқсан сайын облыс өндірушілері шығаратын өнімдерге мониторинг жүргізеді» деген жауап келді.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне теңеген Мемлекет басшысы бұл саланы дамытуға тапсырма беріп отыр. Ішкі нарықтағы отандық дәрілік зат өндірісінің үлесін 50%-ға ұлғайту міндеті тұр. Бұл үдеден шығу үшін Үкімет 2020-2025 жылдарға арналған фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдады. Осы уақыт ішінде 180 млн. доллар тұратын 30 жаңа өндірісті іске қосу жоспары бар. Соның ішінде 297 дәрілік зат және 2348 медициналық бұйым түрлерін шығару ісі жолға қойылмақ. Нәтижесінде, фармацевтикалық сала өндірісінің көлемі 2,5 есе, яғни, 92-ден 230 млрд. теңгеге дейін, ал экспорт 3 есе, яки 58-ден 174 млн. долларға дейін өседі дейді. Өсімнің қағазда емес, нақты жүзеге асуы үшін бес жылдан да ұзақ уақыт керек сияқты.
Жансая ОМАРБЕК.