Дүлдүл
«Жыл өтті алып бәйтерек құлағалы» деп Алаш ардақтысы ұлы ақынды жоқтағандай, Арқа сахна өнерінің дүлдүлі, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының көрнекті актері, режиссер, Қазақстанның еңбегі сіңген артисі – Рамазан БАЙМАҒАНБЕТОВТІҢ өмірден өткеніне де он жыл өтіпті-ау. Шіркін, жалған дүние!
Күні кеше ғана театр табалдырығын имене аттап, сахна төріне жүрексіне шыққан кезіміз. 1971 жылы сол кездегі театрдың бас режиссері Мұхтар Қамбаров Б.Майлиннің «Жалбыр» драмасын сахналағанда сол кездегі музыкалық училищенің (қазіргі Тәттімбет атындағы өнер колледжі) ұлт аспаптар оркестрін алдырып, музыкалық драма спектаклі етіп қойды. Өйткені, театрда сол кезде әнші-актерлер өте көп болатын. Қазақстанның еңбек сіңірген артистері М.Әбдікәрімов, Қ.Әлімбаева, Ө.Асылбеков, Р.Омархановалармен қатар жас әнші актерлер С.Қажымұратов, Б.Қарағұлов, Қ.Сағынаева сынды таланттар болды. Ең бастысы, қарағандылық көрермендердің кезінде музыкалық драма театры болған өнер ұжымы сахнасынан музыкалық спектакльдерді көргісі келген сұранысынан туындады.
Сол училище студенттерінің арасында виолончелін көтеріп Рамазан да келді. Алғашқы көргеннен-ақ адамды жатырқамайтын ақкөңіл жан екенін байқап шүйіркелесіп кеттік. Амандасқанда қолын беріп мен сұрамай-ақ «Рамазан» дей салды. Мен ондайды көрмеген не дерімді білмей қалдым. Қолымды жібермей: «Өзіңнің атың кім?» – дегені. Атымды айтқан соң осында істейтінімді, Алматыдан оқу бітіргенімді біліп қуанып қалды. Денесі қандай ірі, шымыр болса, мінезі де, пейілі де кең еді. Ғажап музыкант болатын! Пианино, баян, домбыра, виолончель аспаптарында керемет ойнайтын. Ал, әнді қалай салатын!
Ең алғаш концертке шыққаны әлі есімде. Қарағандыда ол кезде қазіргідей концерттік бірлестік жоқ, филармония. Оның өзі қысы-жазы гастрольде. Қаладағы мерекелік концерттер көбіне театр ұжымына жүктелетін. «Жас келсе іске»,– деп концертті ұйымдасып жүргізуге мені қоятын. 8-наурыз мерекесіне арналған концертке әншілерімізді баянмен сүйемелдеуге Рамазанды тағайындады. Қайнекен апайды, Қапиза мен Рымкештің әндерін өте жақсы сүйемелдеп шықты. Бір уақытта театрымыздың сол кездегі директоры Зейнолла Жақыпов музыкалық училищенің директоры Төкен Тоқтаровпен келіп: «мына жігіттің өзіне бір ән айтқыз»,– дегені. Директор айтқан соң тұрыс бар ма, Рамазаннан қандай өлең айтқанын біліп алып: «Сахнада Рамазанның орындауында татар әнін тыңдаңыздар», – дегенімде, баянын құшақтап, күлімдей «домалап» Рекең шыға келді. Ойнақы әнімен, сахнадағы шебер қимылдарымен халықты бірден баурап алды. Әсіресе, татаршасы қандай! Көрермендер жібермей тағы да ән сұрады. Сахнаға дайындалып тұрған Ө.Асылбеков ағамыздың домбырасын сұрап алып Б.Тәжібаевтың «Ақбұлағын» шырқады. Көптен қазақ концертін көрмей, сусындап қалған қарағандылық көрермендердің шөлі бір қанды-ау деймін. Гитарамен Сердеш эстрадалық әндерді, Қапиза халық әндерін, Бердіғали Мұхиттың әндерін шырқап, театрға жаңа леп әкелді.
Сол алғашқы күндерден театрға аңсары ауып, жіпсіз байланып қалды. «Жалбыр» спектаклінің қашан болатынын күтіп, театрға келгіштей беретін. Жазғы үш айлық гастрольде артистер жетпеген соң Рамазанды оқудан сұратып алып, Ә.Шәймерденов ағамыздың бригадасына әрі артист, әрі музыкант болып шықты. Алғашқыда қиналғанымен қамқор аға-апаларының арқасында ролді де меңгеріп, музыкамен әдемі сүйемелдеп, қанаты қатайып көсіліп қайтты. Бұрыннан оқуға ықыласы шамалы Рекең училищені сырттан оқып, театрға ауысып алды. Ол кездегі оқу музыкалық теория, сольфеджио тағы басқа сабақтар орыс тілінде жүретін. Балқантаудың баурайында «емге орысы жоқ» өңірде өсіп келген Рекең орыс тіліне мүлдем жоқ болатын. Өзі айтқандай: «Менің түбіме жеткен «солпеде-жио»,– дейтін. Тілі де келмейді. Басқа ұлт өкілі өте қатаң, Рекеңнің сүйкімді еркелігін көтере алмады. Талантын бағаламады. Рекең де театрға орналасқан соң екі-үш рет тапсырып көріп еді, болмаған соң «солпе-де-жионы бердім өзіңізге»,– деп біржола тастап кетті. Сөйтіп, Рамазанның сахна өнеріндегі шығармашылық өмірі басталды.
1972 жылы театрға бас режиссер болып талантты режиссер, ғажап ұйымдастырушы Жақып Омаров келді. Жақаңның келуімен театрда жаңа шығармашылық өрлеу басталды. Репертуар жаңарып, актерлік шеберліктер дараланып, театрға бірден Алматы театр студиясын бітірген жеті жас талант келіп, жаңаша шығармашылық өмір басталды. Жақаңның қырағы көзі көпшілік сахнасында бірде эпизодтық рөлдерде жүрген Рамазанның көсіле алмай жүрген талантын бірден байқады. Жасына келмесе де домаланған пошымына, сөз сөйлеу мәнеріне әсіресе, күмбірлеген анық дауыс ырғағына сүйсініп, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» трагедиясындағы бірбеткей қырсық ақсақалдың ролін берді. Қараңғы түнде жалт еткен найзағайдай Рекең табиғилығымен кейіпкерді өте сәтті сомдады. Қасындағы сахна саңылақтары А.Ыбыраев, Ә.Шәймерденов, Т.Жабаевтардан тәжірибе алып үйренгені сонша, ағаларынан бір мысқал да қалыспады. Ағдарбек Ыбыраев ағамыз «маған ізбасар келді» деп қуанып, батасын беріп, құшағына алғаны күні кешегідей көз алдымда. Бұрын әнші-музыкант деп қана танитын театр ұжымының талантты актер қалыптасып келе жатқанына көзі жетті. Рекеңнің нағыз талант екенін республикалық театр сахнасында мойындатқан және болашағының зор екеніне көз жеткізген кейіпкері С.Жүнісовтың «Тырау, тырау тырналар», «Жаралы гүлдер» драмасындағы Қасым ролі. Автордың өзі «республика театрларындағы ең үздік Қасым» деп жоғары бағалаған. Ал, театрдың өңкей жас артистерімен дайындалған Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында Жақып Омарұлы Қарабай ролін 25 жасқа енді толған Рамазанаға бергенде аға актерлер түгілі замандастары өзіміздің де абдырап қалғанымыз рас. Бірақ сол қойылымдағы ең көркем сомдаған кейіпкер – Қарабай болып шықты. Және театр тарихында шынайылығымен, алдыңғы қойылымдардағыдай комедиялық сипатта емес, малы үшін жанын беретін, байлықтан көзі қарайған А.Пушкиннің Баронындай («Шағын трагедиялар»), Мольердің Гарпогонындай («Сараң») нағыз трагедиялық тұрғыда сомдады. Байлық үшін соншалықты отбасынан, жалғыз қызы Баяннан безіп, бәрін малға айырбастап кеткен тұрпайы адамды көріп отырып шошынасың, әрі аяйсың.
Рамазанның 40 жылға таяу сомдаған ролдерінің қай-қайсысын алсаңыз да нағыз актерлік шеберліктің өрлеу баспалдағымен көтерілгенін байқайсыз. Рекең еш уақытта ролді үлкен-кіші деп бөлмейтін. Театр реформаторы К.Станиславскийдің «Кішкентай роль жоқ, кішкентай актер бар» деген қағидасын берік ұстанған өнер қайраткері. Сахнаға бір-ақ рет шығатын қарт шахтер (С.Ерубаев «Менің құрдастарым») ролімен сол заманның ауыр жағдайын «қара алтынды» игерудегі қазақ жұмысшыларының қалыптасу кезеңін, қазақ жұмысшы-кеншілерінің қайраттылығын, төзімділігін, еңбекке деген құлшыныстарын жан-жақты жеткізе білді. Осы ролімен-ақ режиссер Ж.Омаровтың көзіне түсіп, өзінің бойындағы табиғи талантын, іште ашылмай буырқанып жатқан құдіретті дарынын бар екенін көрсетті. Ұлағатты ұстаз-режиссер қайнап жатқан мөлдір бұлақтың көзін ашып өз арнасына түсіп сарқырап ағуына жол ашты. Рамазан бұлағының мөлдір суынан сусындап, қаншама мыңдаған көрермендер рухани ләззат алды.
Ал, Рамазанның режиссер ретінде дайындап қойған К.Жұмабековтың «Қаз дауысты Қазыбек», «Әйел махаббаты», Д.Исабековтың «Ескерткіш операциясы», Т.Нұрмағанбетовтың «Табалдырығыңа табын», басқа да спектакльдері өзінің ойлы шешімімен, ұтымды мизансценаларымен (іс-әрекет), әсіресе, кейіпкерлердің сөз сөйлеу ерекшелігімен есте қалды. Рекең сахнада өзі де анық, таза қазақтың жалпақ тілімен күмбірлей сөйлесе, актерлерден де әдемі, әрі көрермендерге жеткізе сөйлеуді талап ететін. Сөзге үлкен мән беретін актер-режиссер. Рамазан шығармашылығына кең түрде талдау жасап, оқырманға бір мақаламен жеткізу мүмкін емес. Рамазан таланты зерттеуді талап ететін, ашылмаған кен. Рамазан санаулы дүлдүлдердің бірі болатын. Қарағанды театры сахнасынан әлемдік өнер энциклопедиясына кіретін актерлердің атын ата десе, мен Ж.Шашкина, М.Әбдікәрімов, Ә.Аблаева, Р.Баймағанбетов, бүгінгі тарланбоз Қ.Кемаловты айтар едім. Өйткені, бұл актерлер табиғатынан сахна үшін жаратылған. Әні де – сәні де, бойы да – ойы да, сөзі де – көзі де, тіптен жүріс-тұрысы мен іс-әрекеттері де ұлттық мәдениеттің биік талғамымен көмкеріліп, адамзатқа тек әдемілік сыйлау үшін жаратылғандай. Нағыз тума талант иелері!
Өкініштісі – осы асыл жандардың өмірден өткеніне алды 40 жыл, соңына 5 жылдай болды. Біреуінің де атына не бір көше, не бір мәдениет үйі, не бір музыка мектептерінің аты берілмегені жанға батады. Неге халық артистері Ж.Шашкинаға, Ә.Аблаеваға көше, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі М.Әбдікәрімовке туып өскен өңірі Балхаштан көше, Р.Баймағанбетовке музыкалық мектеп атын бермеске? Ал, Рамазан Баймағанбетовке лайық музыкалық мектептердің бірі. Бүгін өмірден озғанына он жыл толып отырған белгілі өнер қайраткерін мәңгілік есте қалдыру үшін, келешек ұрпаққа есімін ардақтап, мұра ету – бүгінгі аға буын өкілдерінің парызы.
К.ЖҰМАБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.