Дөңгелек үстелде Тәуелсіздіктің тарихы талқыланды
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен 25 қазан ұлттық мереке, яғни, Республика күні болып бекітілді. Биыл осы мерекені үшінші мәрте атап өткелі отырмыз.
Бұдан бөлек, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі. Бұл мерекені де республика көлемінде атап өтіп келеміз. Жалпы, қос мерекенің аты екі түрлі болғанымен, түп-тамыры – егіз. Осыған орай облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ұйымдастыруымен «Saryarqa Aqparat» ЖШС-нің мәжіліс залында дөңгөлек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрсахан Бейсенбекова, Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының профессоры Ләззат Шотбакова, профессор, «Орталық Азия зерттеулер» орталығының директоры Гүлнара Смағұлова арнайы қатысты. Іс шара барысында «Тәуелсіздіктің тарихы неге 1991 жылдан басталуы керек?», «Қазақстандағы тәуелсіздіктің тарихи алғышарттары қандай?» деген сауалдар талқыланды. Тәуелсіздік үшін күрескен тұлғалардың еңбегі жайында әңгіме өрбіді.
– Ұлттық мереке деген статустың өзі қазақтың рухын көтеріп, ұлттық құндылықтарын айғақтап тұр. Жалпы, менің ұғымымда Тәуелсіздікті қазақ халқы өзінің хандығынан айырылған күннен бастап іздеуі қажет. Мемлекетіміз құлап, шаңырағымыз қарақшылардың табанының астында тапталды. Батырларымыздың басы жау қанжығасында кеткен күннен бастап Тәуелсіздіктің не екенін ұққан болатынбыз. Сол себепті біз Тәуелсіздік үшін күрестік, – деді Нұрсахан Ахметқызы.
Іс шара барысында жақында ғана жарыққа шыққан «Адамдар тағдырындағы Қарқаралы өңірінің білім беру жүйесінің қалыптасуы мен даму тарихы (ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ.)» еңбегі көпшілік назарына ұсынылды.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz