Чемпиондық биыл да бұйырмады
Биыл да қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы ел чемпионатының кубогына қол жеткізе алмады. Өткен маусымда команда қола жүлдемен шектелсе, биыл финалға дейін жетіп, шешуші кезеңде елордалық «Nomad Astana» клубына есе жіберді. Қос команда арасындағы финалдық серияның шешуші, яғни, бесінші кездесуін Астанада өткізді. Тартысты өткен ойында жерлестер 2:3 есебімен жеңіліп, чемпиондық атақтан қағылды. Десе де, қорғаушы Эдуард Михайлов маусымның – «Үздік қорғаушысы», Артем Лихотников – «Үздік шабуылшы», Александр Борисевич маусымның «Ең құнды ойыншысы» атанды.

Естеріңізге сала кетейік, финалдық серия аясында қос команда бұған дейін төрт кездесу өткізген. Оның үшеуінде елордалық ұжым басым түсті. Сондықтан, сырт алаңда өткен шешуші, яғни, бесінші матч «Сарыарқа» үшін аса маңызды еді. Егер қарағандылықтар бұл ойында жеңіске жетсе, чемпион тағдырын анықтау үшін серия тағы екі матчқа жалғасады. Алайда, елордалықтар «Сарыарқаға» ондай мүмкіндік берген жоқ.
Сырт алаңда өткен кездесуде жерлестер белсенді ойын көрсетті. Матчтың небәрі 2-ші минутында алаң иелері есеп ашқанымен, «Сарыарқа» араға бес минут салып, таразы басын теңестірді. Оң қапталмен өрбіген шабуылда Данила Карабан шайбаны алға сүйреп, қақпа маңына таяған сәтте әріптесі Радель Фаздеевке дәл пас асырады. Өз кезегінде Радель алдына келген шайбаны жойқын соққымен қақпаға тоғытып, қақпашыға еш мүмкіндік қалдырмады.
Бұдан кейін таблодағы есеп тек екінші кезеңде өзгерді. Бұл жолы да алаң иелері бірінші болып алға шыққан. Ойынның 31-ші минутында қарсылас сапынан Диас Гусейнов «Сарыарқа» қақпашысы Роман Калмыковты қапы қалдырып, өз командасын алға шығарды. Осыдан кейін кезең соңына дейін есеп өзгеріссіз қалды. Жерлестер болса, өздеріне туған мүмкіндіктерді толық пайдалана алмады.
Ойынның 43-ші минутында «Сарыарқа» кезекті шабуыл ұйымдастырды. Қорғаушы Дамир Бритиков оң қапталмен алға ұмтылып, алаң ортасындағы әріптесі Батырлан Мұратовқа дәл пас береді. Батырлан болса, ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып, алыстан соққы бағыттайды. Қақпашы бұл соққыны қайтарғанымен, шайба кері серпіліп, Бейбарыс Оразовтың алдына түскен болатын. Мүмкіндікті мүлт жібермеген қорғаушы қақпадан саңылау тауып, есепті қайта теңестірді. Осылайша, таблодағы көрсеткіш 2:2-ге жетті.
Негізгі уақыт тең есеппен аяқталған соң ойын қосымша овертаймға ұласты. Өкінішке қарай, шешуші сәтте алаң иелері басымдық танытып, овертаймның соңғы минуттарында жеңіс шайбасын соқты. Осылайша қарсыластар биылғы маусымда жеңіске жетіп, осымен үшінші мәрте ел чемпиондары атанды. Ал, қарағандылық «Сарыарқа» клубы маусымды күміс жүлдемен аяқтады.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»




