Чемпиондарға құрмет көрсетті
Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасында қоян-қолтық ұрыс шеберлері мен қазақ күресі балуандарын және самбо жауынгерлеріне құрмет көрсетілді. Жаттықтырушыларға да естелік медальдар табысталды.
Кейінгі айда әлемнің түпкір-түпкірінде байрақты бәсекелер лег-легімен өтті. Қарағандылық спортшылар аймақтың ғана емес, тұтас еліміздің мәртебесін биік етті. Басқарма басшылығы талантты спортшыларды мереке қарсаңында Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайына жинап, құрмет көрсетті.
Бірінші қоян-қолтық ұрыс шеберлері марапатталды. Әйгерім Жарасова жастар арасында әлем чемпионы атанды. Сағыныш Асылбекова – әлем кубогының қола жүлдегері және Азия чемпионы. Сұлтанәлі Дінқабыл әлем чемпионатының қоласын, ал, Мадина Алданияз әлем кубогының қоласын жеңіп алды. Эмилия Ларионова бірден екі турнирде жеңіске жетті. Ол Астанада өткен әлем кубогында, Бішкекте өткен Азия чемпионатында топ жарды.
Эмилия Ларионова – 20 жаста. Спортпен 10 жасынан бері айналысып келеді екен.
– Осындай қатал спортқа баруыма барлығы қарсы болды. Ата-анам мені суретке, әнге, биге баулығысы келді. Бірақ, көңіліме ешбірі жақпады. Мен әкеме ұқсаған сияқтымын. Әкем де спортшы. Жекпе-жек өнері маған да ұнады. Өзімнің талпынысыма, деңгейіме әзірге разымын. Әлі де жаттығып, шыңдаламыз, әлбетте. Чемпионатта өткен кездесулер ауыр болды. Физикалық тұрғыдан жаттығуларды көбейту керек, – деді Эмилия Ларионова.
Сұлтанәлі Дінқабыл – қоян-қолтық ұрыспен бала кезінен айналысады. Ол – әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
– Чемпионат жоғары деңгейде өтті. Үш жекпе-жек өткізіп, екеуін де жеңдім. Жартылай финалда иығымды жарақаттап алдым. Бірақ, берілген жоқпын. Не де болса, аяғына дейін баруға бел будым. Екі ұпай айырмасымен ұтылдым. Бұрын түрлі спортпен айналыстым. Өзіме ұнайтынын таппай ұзақ жүрдім. Қоян-қолтық ұрыстан өзіме керегін таптым, – деді спортшы.
Ерік НАРЫН,
Суреттер ашық дереккөзден
Ortalyq.kz