Бюрократия бизнеске бөгет емес
Бүгінде Мәжіліс депутаттарының ел аралап, әр өңірдің проблемасын көзбен көріп, елмен жүздесуі дәстүрге айналған. Әлбетте, жіті танысып қана қоймайды, олардың барлығы Мәжілісте қаралып, тиісті шаралар қабылданады. Бұл жолы өңірге жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Қарағандының өндіріс орындарында болып, кәсіпкерлермен кездесті.
Алдымен Respublica партиясының депутаттары Qarmet металлургиялық комбинатында болды. Кәсіпорынның өндірістік қуатымен танысып, металлургия саласын дамыту және мемлекетпен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылаған Олжас Құспеков Qarmet-тің өндірістік қуаты мен автоматтандыру деңгейінің жоғары екенін атап өтті.
Қазақстандық металлургияны дамыту бастамаларын қолдауға және одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге сенім білдірді.
Сапар барысында Олжас Хайроллаұлы Respublica партиясының Қарағанды облысындағы филиалының төрағасы Нұрлан Әубәкіровпен бірге «ГорКомТранс» компаниясының жұмысымен де танысты.
30 жылдан астам тұрмыстық қалдықтарды жинап, жоюмен айналысатын кәсіпорын күн сайын 340 тонна қоқыс шығарады. Одан бөлек, 500 тоннаға дейін тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып, 300 000-нан астам тұрғынға және облыс орталығындағы 3500-ден астам компанияға қызмет көрсетеді. Ал, қала тазалығы үшін күн сайын елуден аса арнайы көлік қоқыс тазалауға шығады.
Олжас Құспековке компания басшылығы негізгі проблемаларын жеткізді. Ол – ескірген тарифтер. Айтуларынша, 2019 жылы қабылданған есептеулер қызмет құнын жаппайды, салдарынан кәсіпорын шығынға жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын «Eco Qolday» бағдарламасындағы шектеулер мен Экология министрлігінің талаптарына сәйкес, қайталама шикізатты қайта өңдеу бағдарламасына қатыса алмай отыр.
Бұл ретте Олжас Құспеков көтерілген мәселелерге жедел араласып, нақты шешімдер қабылдауды талап ететінін атап өтті.
– Кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеп, дамуына инвестиция салуға жағдай жасау – маңызды. Бұл қызмет сапасын ғана емес, еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін де қажет, – деп атап өтті депутат.
Жұмыс сапары аясында Олжас Құспеков және Respublica партиясының өкілдері Тeez маркетплейсі мен Global City сауда-логистикалық орталығында да болды. Кездесу барысында депутат кәсіпкерлермен бірге электронды сауда саласындағы проблемаларды да талқылады.
Жалпы, электронды сауданы дамыту өткір тұрған мәселе. Айтар болсақ, бұған дейін Үкіметте онлайн-сатуды жетілдіру талқыланған болатын. Яғни, бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі электрондық коммерция үлесін 2029 жылға қарай үш есеге, яғни, 18,5% -ға дейін ұлғайту міндеті қойылды.
Қарағанды да елдің ірі өндірістік-экономикалық орталығы ретінде электронды сауданы белсенді дамытуда. Онлайн саудада ел бойынша үшінші орынға шыққан Қарағандыны Астана мен Алматы ғана басып озып тұр. Бұл ретте Тeez маркетплейсін ерекше атаса да болады. Бүкіл тапсырысты небары бір-ақ күнде жеткізетін маркетплейстің Қарағандыда 40 пункті ашылған.
Бизнес өкілдері де Тeez маркетплейсінің 2024 жылы сәтті іске қосылғанын және тиімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Дегенмен, проблема да жоқ емес. Айтарлық, e-commerce бизнесі тауарды шалғай өңірлерге жеткізуде қиындықтарға тап болады.
– Қазақстандағы логистика бизнес үшін ең осал буындардың бірі болып қала береді. Дамыған инфрақұрылымның жоқтығы, қойманың жетіспеушілігі және тауарларды тасымалдаудың жоғары құны электронды сауда секторының өсуіне әжептәуір кедергі, – дейді Global City өкілдері.
Сондай-ақ, кәсіпкерлер жергілікті өндірушілер үшін қаржыландыру мәселесіне де назар аударды. Атап айтқанда, экспорттық шығындарды өтеу ережелеріндегі өзгерістер бірқатар компаниялар үшін мемлекеттік қолдау алу мүмкіндігін қиындатқан, бұл олардың бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді.
Кәсіпкерлерді тыңдаған Олжас Құспеков елімізде электронды сауданы тұрақты дамыту үшін шетелдік тәжірибеге ғана емес, отандық компаниялардың нақты қажеттіліктеріне де назар аудара отырып, бизнесті қолдау шараларын қайта қарау қажет екенін атап өтті. Ол логистика, инфрақұрылымды дамыту және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қолдау мәселелерін шешумен айналысатын жұмыс тобын құруды ұсынды.
– Біз табысты халықаралық тәжірибені қолданумен шектелмей, жергілікті кедергілерді жоюға да назар аударуымыз керек. Қазақстандағы электронды сауданың әлеуеті зор, бірақ, сапалы инфрақұрылым мен мемлекеттің қолдауынсыз бұл мүмкіндікті жіберіп алуымыз мүмкін, – деді Олжас Хайроллаұлы.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан