Бюджет тиімді басқарылады
Бюджеттік жүйе және бюджет саясаты қоғамдық қаржы ағындарын және мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануды басқаруға бағытталған мемлекеттің қаржылық құрылымының ажырамас элементі. Ал, бюджет – мемлекеттің қаржы стратегиясы шеңберінде айқындалған мақсаттар мен басымдықтарды қамтитындықтан, бюджет саясатының негізгі құралы. 2024 жылы да бюджет саясатының негізгі басымдықтары – макроэкономикалық тұрақтылықты қолдауға, экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге және әлеуметтік саланы нығайтуға бағытталды.
Мәселен, 2024 жылы Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарын іске асыру шеңберінде шағын және орта бизнеске берілетін несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қосымша қаражат бөлінді. Сондай-ақ, мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару есебінен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бастапқы нарықта тұрғын үй салуға және сатып алуға қаражат бөлінді.
Өткен жылы Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыру аяқталды және 2025-2027 жылдарға арналған жаңа жоспар әзірленді. Ол қоршаған ортаның сапалық сипаттамаларын арттыруға, экологиялық жүйелердің жай-күйін жақсартуға, биологиялық әртүрлілікті сақтауға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және молықтыруға, сондай-ақ, қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына келтірілетін залалдың алдын алуға бағытталған.
Есептік кезеңде бюджеттік инвестициялар үшін экономика, көлік және әуе инфрақұрылымы салаларын және әлеуметтік саланы дамыту басым бағыттарға ие болды. Коммуналдық шаруашылықты дамыту шеңберінде жергілікті жылу және сумен жабдықтау желілерін және газ тарату желілерін жаңғырту жұмыстары жалғастырылды.
2024 жылы облыстық бюджеттің жалпы көлемінің 39%-ы экономика салаларын дамытуға бағытталды.
Облыстық бюджеттің шамамен 50%-ы әлеуметтік саланы дамытуға бағытталды. Бұл – әлеуметтік сала мекемелерінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге және оларға жүктелген функцияларды іске асыруға, материалдық-техникалық жарақтандыруға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті тұрақты шығыстар.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстық бюджет 630 млрд теңге көлемінде қалыптасты.
Облыстық бюджеттің өз кірістері 170,8 млрд.теңге сомасында немесе 144%-ға, яғни, 52 млрд. теңгеге асыра атқарылды. Негізінен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқыны – 13,7%. Сәйкесінше кәсіпорындардағы табыстың өсуі мен жүзеге асыру жоспарларының ұлғаюы есебінен шағын және орта бизнес субъектілерінен алынатын корпоративтік табыс салығы сияқты салықтық түсімдер артты.
Облыстың шаруашылық жүргізуші субъектілері бойынша жалақы қорының өсуі, қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлем, сондай-ақ, түсімдердің басқа түрлері есебінен жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша түсімдер өсті.
2024 жылғы нәтижелер 2025 жылы ұзақ мерзімді жоспарларды іске асыруға негіз болды.
Мәселен, 2025 жылға арналған облыстық бюджет республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттерді ескере отырып, 619 млрд теңге көлемінде бекітілді. Оның ішінде, республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер – 74,8 млрд теңге және бюджеттік кредиттер – 14 млрд теңге.
Инвестициялық саясатты іске асыру – экономикалық өсудің жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және облыс экономикасының тиімділігін арттыруға бағытталған экономикалық реформалардың басты бағыттарының бірі.
Биыл тұрғындардың сапалы және жайлы өмірін қамтамасыз ету үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің тұрақты жұмыс істеуіне бағытталған жұмыстар жалғасады. Қалалар мен елдімекендердің тұрғындарын сумен жабдықтау және су бұру қызметтерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға ерекше назар аударылады.
Әлеуметтік инфрақұрылым саласында 2025 жылы «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында Қарағанды қаласында (Майқұдық) Шығармашылық сарайын, медициналық мекемелер, облыс халқы үшін әлеуметтік-мәдени және спорттық объектілер салу жоспарланып отыр.
Облыста шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту белсенді ынталандырылуда. 2025 жылы бірінші кезекте пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға және кәсіпкерлік субъектілерінің несиелеріне ішінара кепілдік беруге, сондай-ақ, облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін субсидиялармен қолдауға қаражат көзделген. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге гранттар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы несие беруге қаражат көзделген.
Биыл ауылдық елдімекендер мен шағын қалалар тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі жоба жалғасады. Олардың жаңа бизнес ашуға және жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейту үшін тиімді шарттармен шағын қарыз алуына мүмкіндік ұсынылады.
Бұдан басқа, республикалық бюджеттен берілетін кредиттер есебінен облыста агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Экономиканың нақты секторын сапалы және орнықты дамытуды қолдау мен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, бюджеттің инвестициялық жобаларын іске асыруға арналған шығыстар 2025 жылғы облыстық бюджет шығыстарының жалпы көлемінің 29%-ын құрайды.
Сондай-ақ, облыс аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың туындауын болдырмау, сонымен бірге, азаматтық қорғанысты ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларға назар аударылады. Биыл күштік органдарды материалдық-техникалық жарақтандыру жалғасады. Осы саладағы іс-шаралардың бірі – «Қауіпсіз қала» жобасы. Оның шеңберінде бейнебақылау жүйелерін, сондай-ақ, елдімекендердің жолдарындағы жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркеу жүйелерін пайдалану жүзеге асырылады.
Қоғамдық қауіпсіздікті және құқық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың туындауын болғызбауға, сондай-ақ, азаматтық қорғанысты ұйымдастыруға облыстық бюджет шығыстарының жалпы көлемінің 5%-ы бағытталды.
Биыл әлеуметтік саладағы іс-шараларды іске асыру және олардың сапасын жақсарту жұмыстары жалғасын табады. Білім беру мекемелерін дамыту және оқыту жағдайларын жақсарту, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін медициналық инфрақұрылымды қолдау, әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер, сондай-ақ, облыста мәдени өмірді, спортты дамытуға және ішкі саяси жағдайды нығайтуға бағытталған жобалар мен бастамалар алдыңғы кезектегі басымдықтар болып қала береді.
Бұл шаралар әлеуметтік саланы кешенді дамытуға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Өткен жылдардағыдай, биыл да «Отбасы банк» акционерлік қоғамы арқылы жеңілдетілген тұрғын үй қарыздарын беру есебінен жас отбасылардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту жұмыстары жалғасады.
Биыл облыстық бюджет шығыстарының ең көп үлесі әлеуметтік салаға тиесілі, бұл – бюджет шығыстарының жалпы көлемінің 58%-ы.
Облыстық бюджеттегі жалпымемлекеттік шығыстар шығыстардың жалпы көлемінің 7%-ын құрайды. Жергілікті атқарушы органның резервінде облыс аумағында қолайсыз әлеуметтік-экономикалық ахуал туындаған жағдайда жедел ден қоюға қаражат жоспарланған.
Жалпы, 2025 жылға арналған облыстық бюджет экономиканың барлық салаларын қамтиды және экономикалық тиімді бағдарламаларға бағытталған.
2025 жылы блоктық бюджеттің пилоттық жобасы басталды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі пилоттық жоба шеңберінде блоктық бюджетті енгізудің, оның жұмысының қағидаларын және блоктық бюджетті пайдаланатын мемлекеттік органдардың тізбесін бекітті.
Қарағанды облысы блоктық бюджет бойынша пилоттық жобаға енді.
Қарағанды облысы әкімдігінің қаулысымен блоктық бюджетті пайдаланатын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері анықталды. Олар – құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы және ауыл шаруашылығы басқармасы.
Блоктық бюджетті енгізу мемлекеттік қаражатты неғұрлым тиімді бөлуді қамтамасыз етуге, бюджет процесінің ашықтығы мен икемділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл салынған қаражаттың қайтарымдылығына қол жеткізуге ықпал етеді. Пилоттық жобаның нәтижесі бойынша оны масштабтау бойынша шешім қабылдау жоспарлануда.
Сондай-ақ, биыл 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемін қолданудың соңғы жылы. Жалпы алғанда, жыл сайынғы өзгеріссіз орта мерзімді кезеңге субвенциялар мен бюджеттік алуларды бекіту өзінің тиімділігін көрсетті. Аудандар мен қалалардың бюджеттеріне түсетін қосымша кірістер алынбай, өңірлердің иелігінде қалды. Бұл аудандар мен қалаларды экономикалық даму мен салық базасын кеңейтуге ынталандыра түсті.
Биыл 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер туралы заңның қолданылуының аяқталуына байланысты 2026-2028 жылдарға арналған заңның жаңа жобасы әзірленетін болады. Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту және әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін теңестіру жөніндегі жаңа тәсілдерді ескере отырып есептелетін болады.
Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту және әлеуметтік игілік пен мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті теңестіру бойынша жаңа тәсілдер ескеріліп есептелетін болады.
Қазақстан Республикасының жаңа Бюджеттік кодексін жасау бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Оның нормалары елімізді орнықты дамытуды жалғастыруға, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға және қаржылық үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Аталған өзгерістер Қазақстанның мемлекеттік экономикалық саясатын іске асыруға оң әсер ететін болады.
Людмила БАШАРИНА,
Қарағанды облыстық қаржы басқармасының басшысы