Бюджет: әлеуметтік сала басымдыққа ие
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жалпы ішкі өнімді жыл сайын кемінде 6%-ға дейін көтеру міндетін қойған болатын. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін биыл облыс экономикасын 2,5%-ға, ал, экономикалық өсу резервтерін ескере отырып, облыстың даму жоспарын 6%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сәйкесінше, алға қойған мақсатқа сай, бірінші тоқсанда экономиканың өсу қарқыны 8,7%-ға жеткенін айту керек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстың экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева мәлімдеді.
Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш тұрақты
– Жергілікті атқарушы органдар қызметіндегі негізгі басымдық – экономиканың өсу қарқынын жеделдету арқылы азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру. Облыста өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және ауыл шаруашылығы саласында үлкен әлеует бар. Одан бөлек, экономиканың өсуіне «9-20-25» жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосу және мемлекеттік сатып алуларға отандық өндірушілерді тарту да әсер етуде, – дейді Татьяна Юрьевна.
Басқарма басшысының айтуынша, облыстың жылдық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші тұрақты. Мәселен, 2023 жылғы жалпы өңірлік өнім 2022 жылмен салыстырғанда 0,1%-ға артық. Ал, биыл 138 млрд. теңге болатын 11 жаңа инвестициялық жоба іске қосылса, 23,3 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Оның 21 мыңы – тұрақты жұмыс орны.
Жалпы, өңірлік өнімнің 50%-ы өнеркәсіптік өндіріске тиесілі. Атап айтар болсақ, жыл басынан осы салада өндірілген өнімнің жалпы құны – 843 млрд. теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,1%-ға жоғары.
Өңдеу секторы да өнеркәсіптік өндірістен қалыс қалмағанын айтады Татьяна Аблаева. Мәселен, фармацевтика екі есеге, резеңке және пластмасса бұйымдары – 40,4%, машина жасау – 39,7%, жеңіл өнеркәсіп – 33,3%, құрылыс индустриясы – 11,2%, металлургия – 7,7%, ал, химия өнеркәсібі – 4,7%-ға артқан. Тау-кен өндіру секторында металл кендерін өндіру 29%-ға және қызмет көрсету 48%-ға өсуі байқалады.
10 инвестициялық кейс іске асады
Облыс экономикасын арттыруда инвестицияның да орны бөлек, атап айтар болсақ, жыл басынан негізгі капиталға 19,4% өсіммен шамамен 167 млрд. теңге инвестицияланған.
– 5 шетелдік компания қатысуымен 122,2 млрд.теңгеге 10 инвестициялық кейс іске асатын болса, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары құрылады. Мысалы, Шет ауданында «Қызыл арай Купер» катодты мыс, Бұқар жырау ауданында «Қарағанды Пауэр Силикон» ферросиликоалюминий, «Юнайтед Энерджи Қазақстан» жел энергетикалық мұнараларын және Қарағанды қаласында «Феррум бетон Продактс» темірбетон бұйымдарын шығарады. Одан бөлек, «Саран Тракс» жүк автомобильдерін, «Қазақстандық ыстық мырыштау зауытында» мырышталған металл бұйымдары және Саран қаласында «ТАМПО Қазақстан» болат құбырлары өндіріледі, – дейді Татьяна Юрьевна.
Жоғарыда айтқан инвестициялық кейс іске асқанда Теміртауда кокс өндіріліп, Нұра ауданында арнайы кокс, ал, Саранда жарылғыш заттар шығарылады.
– Аталған кәсіпорындарда 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Биыл облыс экономикасына 910,4 млрд.теңгеден астам инвестиция салынады. Сондай-ақ, индустрияландырудың бірыңғай картасы шеңберінде «Qarmet» және «Қазақмыс» корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестерінің тұрақты жұмысының нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіптегі өсу қарқынын кемінде 5,6% сақтау жоспарда, – дейді Татьяна Аблаева.
Мемлекет бизнесті қолдайды
Экономика өсімінің негізгі трендтерінің бірі – шағын және орта бизнесті қолдау әрі дамыту. Себебі, дәл осы сектор облыс тұрғындарының 45%-ын жұмыспен қамтып отыр.
Татьяна Юрьевна аймақтың республикада алғашқылардың бірі болып, облысымызда кәсіпкерлер үшін бөлшек салық 4-тен 2%-ға төмендеткенін айтады.
– Нәтижесінде 2023 жылы бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілер саны 148-ден 1 282 субъектіге дейін өсті. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына оң әсерін берді. Ал, осы салада жұмыс істейтіндердің саны 2,6%-ға өсіп, жылдық өнім көлемі 2,7 трлн. теңгеден асты. Егер өткен жылы осы салада өндірілетін өнім көлемі 19,7% болса, биыл 25%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді басқарма басшысы.
Одан бөлек, аталған саланы қолдау мақсатында өңірлік бағдарлама аясында «Кәсіпкер» бизнесті жылдық 7%-бен несиелендіру үшін биыл бюджеттен 3 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінгенін айту керек. Нәтижесінде жыл басынан 13 млрд. теңгеге жуық несиеге 100-ден астам жоба субсидияланып, кепілдендірілді. Бұдан басқа, жыл соңына дейін 1 248 жұмыс орны құрылатын және 124 ауылдық округ қамтылатын 5,6 млрд. теңгеге 704 шағын несие беру жоспарда.
Басымдық – әлеуметтік салада
Басқарма басшысы облыс бюджетінің 80%-дан астамы әлеуметтік салаға және халық үшін қолайлы орта құруға бағытталған. Бұған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің тұрақты жұмыс істеуі, тұрғын үй және жол инфрақұрылымының құрылысы кіреді. Одан бөлек, биыл білім беру жүйесін қаржыландыруға облыс бюджетінің жартысына жуығы жұмсалатынын айту керек.
– Биыл Бұқар жырау ауданы Атамекен ауылында және Қарқаралы ауданы Талды ауылында апатты мектептердің орнына 2 мектептің, сондай-ақ, Қарағанды қаласында 600 орындық мектептің және шығармашылықты дамыту орталығының құрылысы жалғасады. Одан бөлек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 7100 орындық 10 мектептің құрылысы тағы бар. Жалпы, 2025 жылға дейін 12 500 орындық 18 мектеп салынады, – дейді Татьяна Абылаева.
Ал, денсаулық сақтау саласында өткен жылдан 92 жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылысы, сондай-ақ, Теміртау және Балқаш қалаларындағы екі ауданаралық аурухана жаңғыртылады.
– Бұл медициналық ұйымдар бірнеше аудандардың тұрғындарына қызмет көрсетеді, бұл шалғай аудандар мен ауылдардың тұрғындары үшін мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді, – дейді басқарма басшысы.
Құрылыс саласында жұмыстар мен қызметтер көлемі 1,5 есе өсіммен 59,3 млрд. теңгеден асқанын да айту керек. Жыл басынан бері тұрғын үйді іске қосу қарқыны 20,2%-ға өсіп, 177 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынған. Нәтижесінде 1 550 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz