Жаңалықтар

Бюджет қаржысы сапалы игерілді

Қарағанды облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы өткен жылы өңірдің бюджеттік тұрақтылығын қамтамасыз етуге, мемлекеттік активтерді тиімді басқаруға және қаржы процестерінің ашықтығын арттыруға бағытталған жү­йелі жұмыстар атқарды. Басқарманың қызметі облыс бюджетінің атқарылуын ұйымдастыруды, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жұмысын үйлестіруді, мемлекеттік сатып алуды жүргізу мен талдауды, сондай-ақ, коммуналдық мүлікті басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтыды.

Сурет басқарма басшысының жеке мұрағатынан

Жылдың қорытындысы бойынша облыс бюджетінің кірісі 430,6 млрд теңге көлемін құраса, шығыстар 878,1 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражатын бөлу кезінде әлеуметтік маңызы бар бағыттарға басымдық берілді. Бюджеттің жалпы көлемінің 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталып, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын төлеу, әлеуметтік төлемдер, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын қаржыландыру толық көлемде қамтамасыз етілді.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту аясында басқарма эмитент ретінде 26,6 млрд теңге көлемінде бағалы қағаздар шығарды. Тартылған қаражат кезекте тұрған азаматтар мен әлеуметтік осал топтарға арналған кредиттік және жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға, жылумен және сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғыртуға, сондай-ақ, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталды.

Мемлекеттік активтерді басқару саласында Мемлекет басшысының тапсырмалары кезең-кезеңімен орындалуда. Ел Президентінің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіру және саланы коммерцияландыру жөнінде нақты міндет қойылғаны белгілі. Осыған сәйкес, былтырғы жылдың қараша айында «Шахтер» футбол клубы» акционерлік қоғамын сату бойынша сауда-саттық өткізілді. Нәтижесінде клубтың жаңа иесі «TURLOV PRIVATE HOLDING Ltd» жеке компаниясы болып айқындалды. Клубты сатудан түскен 55,3 млн теңге көлеміндегі қаражат толықтай облыстық бюджетке түсті.

Сонымен қатар, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы күшіне еніп, сатып алу жүйесінде жинақталған бірқатар түйткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, рәсімдерді жүргізу мерзімдері айтарлықтай қысқартылды. Ендігіде конкурстық құжаттаманы талқылау уақыты 5 жұмыс күнінен 2 күнге, өтінімдерді қабылдау 15 күннен 5 күнге, өтінімдерді қарау және қорытынды шығару мерзімі 10 күннен 3 жұмыс күніне дейін азайтылды. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алуды өткізудің орташа уақыты 30 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін қысқарып, мемлекеттік жобаларды жедел іске асыруға жол ашылды.

Рәсімдерді оңайлату және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында сатып алуды өтпеді деп тану негіздері қайта қаралды. Бұрын бір ғана өнім беруші қатысқан жағдайда сатып алу өтпеген деп танылатын болса, жаңа тәртіп бойынша біліктілік талаптарына сәйкес келген өнім берушімен шарт жасасуға мүмкіндік берілді.

Шағымдарды қарау тетігі де жаңартылды. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға қосымша өкілеттіктер беріліп, шағымдарды тікелей сол органның өзі қарайтын болды. Бұл сатып алу рәсімдерінің негізсіз тоқтап қалуына жол бермей, процестің үздіксіз жүруін қамтамасыз етеді. Ал, әлеуетті өнім берушілер ұйымдастырушы шешімімен келіспеген жағдайда, заңнамаға сәйкес сот тәртібімен шағымдану құқығын сақтайды.

Қарағанды облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы өз құзыреті шеңберінде мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдас­тырушы ретінде жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мемлекеттік сатып алу мен активтерді басқарудағы ашықтықты қамтамасыз ету, бюджеттің теңгерімділігі мен қаржылық тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыс алдағы кезеңде де жалғасын табады. Қорыта айтқанда, өткен жылғы қызмет нәтижелері өңірдің орнықты дамуына қаржылық негіз қалыптастыруға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған саясаттың дұрыс таңдалғанын көрсетеді.

Елнар УАХИТОВ,
Қарағанды облысының қаржы және мемлекеттік активтер
басқармасының басшысы

Басқа материалдар

Back to top button