Руханият

Құбылыс

Мирас Асан өлеңге елден ерекше дайындықпен келген. Мектепте жүрген кезінде-ақ қазақ жырының тылсым құпиясы мен өлең жазудың техникасын әбден меңгеріп, мерейленіп келгені көзге ұрып көрініп тұрушы еді. Қазақ жырына толқын-толқын боп келіп жатқан жас ақын көп. Бірақ, Алашына арнап жаңа сөз, соны лебіз айтатын жаңа ақын саусақпен санарлықтай еді. Біздің Мирас соның бірі һәм бірегейі десе болады. Болмыс-бітімі ешкімге ұқсамайды, өз әуені, өз әлемі бар талант. Сонау жыраулар поэзиясы мен қа­зақтың қара өлеңін биік белеске шы­ғарған Абай, Мағжан, Қасым өлеңдеріндегі небір озық үлгі осы ақынның жырларынан менмұндалап тұр. Осындағы «жаңашыл» модерн сымақтар құсап, қара өлеңнің небір ғасырлардың сынынан өткен табиғи болмысын өрес­кел бұзып, Батысқа көзсіз еліктеу оған мүлде жат. Қара өлеңнің көл-көсір потенциалын Мағжан, Қасым, Мұқағалилардың өздері де сарқып, тауыса алмай кеткенін ол ішінен жақсы біледі! Бүгінгі шәйірлердің көпшілігі өлеңді күнделікті әдет, машықпен жазса, бұл жүрегінің әмірімен ғана қолына қалам алады. Тәңірінен хабар-ошар болмаса, қолына қалам ұстап, тақпақшылап кетпейді! Қашан, қай заманда болса да, өлең – халықтікі, тақпақ – тобырдікі болған. Осыны терең аңғарған ақын ғана ұлттық руханиятқа қомақты үлес қоса алады. Ақынның елден ерек ең мықты қасиеті де – осында. Бүгінгі поэзияның қасіреті де осында жатыр.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

Сейіл серенадасы

Оның дауысында жататын дала ән салып,
Жанның көктемін қарсы алып.
Оның гитарасына
Күннің күлкісі шағылатын,
Айдың сәулесі төгілетін,
Сейіл серенадасы – сол шабыт.

Оның әнінде боздайтын көздер боталап,
Орнайтын мейір, махаббат.
Ол – жылтырақ киім кимейтін,
Сахнасы – жүрек,
Тыңдарманы – халық,
Гонорары – шапан мен шапалақ.

Оның жанында титтей арамдық болсашы,
Пайдаланды екен қаумалағанның қаншасы?!
Оның жүрегі –
Жаңаарқаның жазығы,
Ақтоғайдың Тоқырауыны,
Шеттің Бұғылысы,
Қарқаралының аршасы.

Оның көңілі даладай-тұғын, даладай,
«Сіз» дейтін бәрін бала ма, қарт па, қарамай.
Кештерге кіріп келетін топты қақ жарып,
Ұстазы – аңыз Қорабай!

Оның әзілі – әзіл біткеннен бөлек-тін,
Көңілге орта көмек-тін.
1-ші сәуір – Сейілге алданатынбыз,
Сейілге алдану – жадырауымызға себеп-тін.

Алты шегінен гитарасының ән тарап,
Кететін нұрға малшынып маңай, шартарап.
Бата беретін кейуаналар «Айнам!» деп,
Суретке түсіп, қыз-келіншектер анталап.

Дүниені түгел «Айналдым» дейтін алқалап,
«Көкетай» дейтін қалқалап.
Тойымызға кіріп келмейді енді ол, ей, достар,
Қымбат жеңгені жетектеп,
Қымбат гитарасын арқалап…

«Сейіл кетті…» деу ауыр сөз қандай, сұр хабар,
Жоқтауда ұлын
Адырлар,
Белдер,
Қырқалар.
Жанымда жан жоқ көңілдің серпер түндігін,
көзімнің жасын сүрте алар…

Қош сау бол аға,
Қош сау бол – көңіл адамы,
Өмірдің пенде – қонағы.
Сейіл өлмейді, сезім өлмейді, мәңгілік
«Бала махаббат»
«Жіберілген хат»
«Қоштасу»
«Таң самалы».

***

Өзіңсіз қымбат лағыл да – нұрсыз,
Ол солай, бірақ, десе де…
Өте берейін жаныңнан үнсіз,
Бейтаныс жандай көшеде.

Қиыспас жолды өрлей өтейін,
Сен – бақыт құсап, мен – қайғы.
Көрсем де сені көрмей өтейін,
Білсең де білме, мен жайлы!

Келген жолыммен қайтқанда аңғардым,
Осыны сен де өт ұғып.
Бізді таныс деп айтқан жандардың,
Сөздері түгел өтірік.

Күйкі өмір күліп, таңды көзімді,
Ұмыт деп бәрін бұлардың…
«Танисың» дейді тағдыр өзіңді,
Көрсем танитын шығармын.

Желкені құсап жеке кеменің,
Бейтаныс, бөлек пішінде,
Алдыңнан үнсіз өте беремін,
Мыңдаған жанның ішінде.

Өтемін бұлтпен қосыла адасып,
Айналып жауар сіркіреп.
Өтерсің сен де асыға басып,
Қолшатырыңды сілкілеп.

Тұманнан қою айықпас таңда әр,
Адасқан екі із көрем.
Біз деген мүлде жолықпас жандар,
Кезікпес жолдар біз деген.

Қыс. Экспромт

Қараша-жеңгемнің күзеуде жиылмай жұрты қап,
Кәрі әжем орнынан тұрғандай сүйегі сырқырап,
Әкемнің тымағы шәйнектің буындай бұрқырап,
Арқаға қыс келді –
Шананың табаны,
Баланың танауы жылтырап!

Күн басын қысқартып, түн соңын ұзартып,
Арқаға қыс келді – шайпаудай ыза артып,
Қамшыгер жігіттің дырауы сияқты ысқырып,
Қаракөз арудың ақ бетін алмадай қызартып,

Арқаға қыс келді, дүние ғажайып түске еніп,
Ала қар аспаннан құлайды құс болып.
Қыраулы әйнектен бір сәуле жалт етіп,
Жастығым жатқандай тап-таза түс көріп.

Арқаға қыс келді.
Жып-жылы жымиып,
Сұп-суық тістеніп…

«ҚарЛагтағы» балалар

 Үй суретін көрсетті,
«Барак!» деді балалар.
Қатқан нанды көрсетті,
«Тамақ!» деді балалар.

Темір торды көрсетті,
«Шарбақ!» деді балалар.
Қара суды көрсетті,
«Шәрбат!» деді балалар.

Қызыл туды көрсетті,
«Құдай!» деді балалар.
Қанден итті көрсетті,
«Құмай!» деді балалар.

«Ұлы Сталин кім?» деді,
«Ағзам!» деді балалар.
«Халық жауы кім?» деді,
«Мағжан!» деді балалар…

***

Менің  екі күнім бар,
Солардан асқақтықтың сертін көрем,
Солар деп қақтым қанат еркіндеген!
Бір Күнім – көкжиекте жарқыраған,
Бір Күнім – көк Туымда желкілдеген!

Менің екі дінім бар,
Сол екеуі – сәулем болған түнегімде,
Екеуі тілегім де, тірегім де!
Біреуі – жалғыз Отан, Қазақстан,
Біреуі – жалғыз Құдай, жүрегімде.

Менің екі тілім бар,
Өткерген тағдырдың сан қар-ызғарын,
Екеуі – мендегі алау, нағыз жалын.
Біреуі – жүрек тілім, махаббатым,
Біреуі – ана тілім, ар-ұжданым.

Бар менің қос байлығым, ең ғажабым,
Солармен өмір сұлу, өңді ажарым!
Біреуі, аңсап жеткен – ол Азаттық,
Біреуі, аңғал сәби – сен Қазағым!

Жалғастайға

Ойна балам, ойна балам,
Өседі ойын, ойдан адам.
Шапқылай бер құлыншағым,
Ширатады тайды аламан.

Ұшқыр допты дұрыс қарма,
Сайла қолды ұрыстарға.
Мықты болсын екі білек,
Ертең тізгін нық ұстарға.

Әр ойынды балам ойға ал,
Қақпаға доп сала ғой дәл.
Шалт қимылда, шыңда аяқты,
Шалады ертең шалағайлар…

Ер жетіп өс жұрт қамы үшін,
Мықты болсын сырттан, ішің.
Жыртылады киім деген,
Жыртқан кезде ұлт намысын.

Азамат бол күткен өлкең,
Дауылдарға тікте желкен.
Арқалайын, кел бүгінше,
Сен арқалар жүк көп ертең.

Өнерлі бол дарынды әрі,
Жігіт көркі соның бәрі.
Шаша бер, үй, ойыншықты,
Шимайлай бер қабырғаны.

Болсын биік санаң, өрең,
Шектеме ойды бағаменен.
Бала еркін болу керек,
Боқтау керек бала деген.

Сырғанаттым, еңбектеттім,
Біраз күшті терлеп төктің.
Айтқандарды шығарма естен,
Сен – шәкіртсің, мен – мектеппін.

***

Құшағында ойлардың қалың ішік,
Отырамын оранып жаным үсіп…
Бір-бірінде адамдар сүреді өмір,
Сатып,
Сүйіп,
Жек көріп,
Сағынысып.

Бір-бірінде өледі солай тағы,
Бір-біріне бітпейді кек, айтағы.
Біреулері – шашыңды ағартады,
Біреулері – жаныңды қарайтады.

Бір-бірінен адамдар тояттайды,
Бірін-бірі іздейді, таяқтайды.
Біреу маған мысалы, жолға шығып,
Біреу менде сапарын аяқтайды.

Пыш-пыш өсек,
Мыс-мыс пұл ақшаларда,
Бір-бірінде күн кешер патшалар да.
Бір-бірінде мәңгілік сүреді өмір,
Ақылман да,
Ақын да,
Атшабар да.

Құмсағаттай төңкерген құтыдағы,
Бір-біріне адамдар жұтылады.
Бір-біріне адамдар үйренеді,
Бір-біріне адамдар тұтылады.

Дүниеге тұрлаусыз шараң бар ма,
Шамаң бар ма қарарға, алаңдарға…
Бірін-бірі жоғалтқан тағдырларға,
Бір-біріне жоғалған адамдарға.

Аза жыры

Аза тұтамын аңырап,
Қара жамылам қаңырап.
Опырылып түскен шахта емес –
46 қара шаңырақ.

Аза тұтамын азапта,
Түскен жоқ жаным аз отқа.
Пайдалы қазба дегендер,
Пайдасыз боп тұр қазаққа…

Әшкере болды көп кемім,
Жүрегім – жалын, от – демім.
Қара жамылған көк Туға,
Қарауға дәтім жоқ менің!

Тайғақпен жүрдім, жол тұрып,
Оғландарымды өлтіріп…
Қазылған көмір орынын,
Қазамен жаптым толтырып!

Аза тұтамын, Хақ көрсе,
Кегімді кеткен ап берсе.
Мақтаудан оңай нәрсе жоқ,
Жоқтаудан қиын жоқ нәрсе.

Сорамды у ғып жұтамын,
Қаусадым,
Шөктім,
Жұтадым.
Мен енді өлең жазбаймын,
Мен енді аза тұтамын…

29.10.2023

Ұлым кетіп барады мектебіне

Қарындашы жап-жаңа ұшталмаған,
Қаламсабы жап-жаңа ұсталмаған,
Жейдесі де дәп-дәл шыт кірлемеген,
Дәптері де су жаңа тысталмаған,

Ұлым кетіп барады мектебіне,
Биік шыңға балапан беттеді де!
Құлдыраңдап қояды құлыншақ ұл,
Қолы құлын жалына жеткені ме?

Әліппесін қолтыққа қысқан көкем,
Әріп көшін танымақ ұстам бекем!
Сондай құштар өмірге, сондай ынтық,
Өмір де оған дәл сондай құштар ма екен?

Сөмкесі үлкен өзінен арқалаған,
Тақта да үлкен білемін, парта да оған…
Бес күн жалған ой жүгін барады асып,
Бестегі ұлым ойыны тарқамаған…

Білім – бәйге, жарыста жан сал күшпен,
Тәкаппарлық көрсетпе, болсаң да үстем.
Ақ құрт шашып анашың сыртта қалды,
Ақ бор ұстап ұстазың қарсы алды іштен.

Алда сенің ақ арман, арай гүлің,
Ақыл айтар дәл бүгін орайлы күн:
Сөзін бөлме ұстаздың һәм сөзге ерме,
Сөз болғаннан жаман жоқ, абайла ұлым.

Халықшыл бол қаһарман Хақ қолданған,
Қылықтарға ұнамсыз жат бол жаман.
Бірді бірге қосуды үйрен, дұрыс,
Бірді бірге соғудан сақ бол, балам.

Ақтап үміт арқамның босат жүгін,
Қыран – Сенсің, Тудағы шашақты Күн!
Тарихың бар Күлтегін тасқа жазған,
Сол тарихқа ешқашан тас атпа, ұлым.

Жырақ қалма қызықты жыр-ән кештен,
Шындыққа да берік бол шыған көшкен.
Алты құрлық, төрт мұхит барлығын сүй,
Алты Алашты, бірақ та, шығарма естен.

Кетпес білем кей сөзім бірден ұнап,
Ойыныңнан кетпегін мүлде жырақ.
Ала допты болады сәл қууға,
Ала жіпті аттама мүлде бірақ.

Қуанышпен қарсы алды бұл күнді атаң,
Құрақ ұшып қарсы алды бұл күнді апаң.
Қоңырауыңды алғашқы сенің тыңдап,
Омырауымды жас жуып тұрмын, ботам.

Күтеді алдан әлі сан сапар, сарай,
Сол жолдарда ағартқан әкең самай.
Мектепке анаң апарса қалай бүгін,
Меккеге ертең сен де оны апар солай!

Көздерімде қуаныш лағылы ойнап,
Қадамыңа қараймын бәрін ойлап…
Тарыдай боп мектепке кірген саған,
Таудай талап тіледім, тарыдай бақ.

«Оян, қазақ!». Премьера.

Жылап тұр бала,
Қасіреттерге тік қарап,
Көзінен ыстық шық борап.
Керек жоқ оған өтірік ұран,
қызыл сөз,
Жаттатқан тақпақ тықпалап.

Жылап тұр үнсіз,
Тарихты қанды парақтап,
Көзінің жасын сораптап.
Керек жоқ оған бітпейтін науқан,
сөлкебай,
Соғылған қолдар сағаттап.

Жылап тұр үнсіз,
Сүртеді жасын жеңімен,
Шашырап ұшқын өңінен,
«Ұлтқа қызмет – білімнен емес, мінезден»,
Келісем бала, сенімен.

Егілді ұлттың атынан жалғыз жас бала,
Көз жасы – Еміл, Аспара.
Келеді ағып қопарып бөгет жолдарды,
Түнекті жарып тас қара.

Аз болмайды әлі саған да сұмдар атқан тас,
Рух деген – таулар, тапталмас.
Орып өтеді менің жанымды қырық жамау,
Сенің көзіңнен аққан жас.

Ей, ғазиз көз жас – тарихқа тырс-тырс тамасың,
Қолқамды қан боп қабасың.
Іздейді сенің осы көз жасың архивтен,
Шәкәрімдердің мұрасын,
Мағжандардың моласын.

Не деген өткір жас тегі сынбас, жасымас,
Бала көз жасқа ей, ессіз дүние – есік аш.
Ахметтердің ызыңдап ұшқан «Масасы»,
Міржақыптардың «Оян, қазағы!» осы жас!

Осы жас бізді оятып ақсын әлі де,
Шығар жасыңды, ащы өксік іштен тағы үде.
Бұл – көз жасы емес, бұл – Сұлтанмахмұт,
Жүсіпбек,
Мұхтар,
Әміре.

Осы көз жаспен оянады ұрпақ от ала,
Ұялма,
Жыла,
Еңіре,
Бозда,
Ботала.
Сенің көз жасың Әлімхан қорғап қалатын,
Баба қорымы,
Көсіліп жатқан шекара.

«Алаш!» деп жылап тұрған әдемі түр-тұлғаң,
Сүйсіндім, ботам, сыртыңнан.
Сенің көз жасың – Қазтуғандардың Еділі,
Қазақтың тілі, қырқылған.

Баланың жасы тоқтамай ұзақ көп ақты,
Жұбатпады ешкім жақындап барып қарақты.
Осы көз жасы әперген бізге Азаттық,
Балқытып
Балға,
Орақты.

Кішкентай қабақ,
кішкентай қолдар түйіле,
Кішкентай кеуде қосылып ішкі күйіме.
Барады қайтып Сарайшықпенен жалғасқан,
Мұхамедханұлы көшіндегі үйіне!

***

Ойлаймын кейде сол жанды,
Түсірем еске дидарын.
«Жанымда жаным бол мәңгі»,
Дегенін…
Жаңбыр құйғанын.

Өпкенін ыстық жалын дем,
Кеткенін жолдар бөлініп.
«Сүйемін сені жаныммен»,
Дегенін…
Жасы төгіліп.

Қастарын сұлу кергенін,
Кептерге пісте шашқанын,
Балмұздақ алып бергенім,
Жаңбырға қолын тосқанын,

Суретке түсір дегенін,
Еркелей тұра қалғанын.
Оқыған сонда өлеңім,
Ернінен сүйіп алғаным…

Неге ерте біздер қош дедік,
Не деген шұғыл ұйғарым?
«Бұл сурет саған естелік»,
Дегенін…
Жаңбыр құйғанын.

Түсірем еске, кеш мүлде,
Еске алам тек гүл дидарын.
«Қимаймын сені ешкімге»,
Дегенін…
Бірақ қиғанын.
Жаңбыр құйғанын…

Мирас АСАН,
ақын, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button