ҰБТ: Ең жоғарғы көрсеткіш – 133 балл
Өткен аптада облыста 5 082 түлек үшін Ұлттық Бірыңғай Тестілеу өтті. 15 пунктте ұйымдастырылған тестілеуді қазақ тілінде 3 116 мектеп бітіруші, орыс тілінде 1 966 түлек тапсырды. Биыл сондай-ақ, талапкерлерге білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік емтиханда сәттілік тіледі. Шекті балл жинай алмаған талапкерлер жаңа талаптарға сай сынақты қайтадан тапсыруға мүмкіндік алғанына қуанышты екенін айтты. Сонымен, облыста ұбт қалай өтті?
Мамандық таңдау шарттары
Биыл мектеп бітірушілерден бөлек, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері түлектерінен 1415 талапкер ҰБТ тапсырды. Биылдан бастап гранттар нақты мамандықтарға емес, білім беру бағдарламасына бөлінетіндігін ескерген талапкерлер де мүмкіндікті дұрыс пайдаланғанын жеткізді. Алдағы уақытта түлектерден құжаттар қабылдау барысында жоғары оқу орындары бағыттарға қарай оқыту бағдарламаларын ұсынбақ. Бұл туралы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дегі «Ұлттық тестілеу орталығы» филиалының басшысы Динара Баймағамбетова «мысалы, талапкер «Ақпараттық технологиялар» тобын таңдаса, онда «информатика» пәні мұғалімі немесе «ақпараттық технологиялар» мамандығы ұсынылады. Сәйкесінше осы топты таңдаған барлық талапкерлер арасында конкурс өтіп, грант беріледі. Кейін талапкер ЖОО-ға қабылданған соң, білім бағдарламасы арқылы нақты мамандығын таңдайтын болады» деді.
Динара Баймағамбетованың айтуынша, талапкерлерге Ұлттық жоғары оқу орындарына және медицина мамандықтарына тапсыру үшін 65 балл жинау міндетті. Ал, «Педагогикалық ғылымдар», «Ауыл шаруашылығы мен биоресурстар», «Ветеринария» бойынша ұпайдың саны 60-тан кем болмауы шарт. Сондай-ақ, басқа да ЖОО-да ақылы бөлімге түсу 50 ұпайға белгіленген.
Айта кеткен жөн, еліміз бойынша 20192020 оқу жылына 66 556 грант бөлінген. Оның 51 085-і бакалавриатқа, 13 159-ы магистратураға, 2312-сі докторантураға (PhD) берілді.
Ұпай саны қалай есептелді?
Биыл тест тапсырмалары 30 пайызға жаңарғандықтан, талапкерге де таңдау берілген.
Түлектер үш негізгі міндетті пән – Қазақстан тарихы, математика және оқу сауаттылығынан тест тапсырып, қосымша екі салалық пәнді таңдау мүмкіндігіне ие болды.Олар 3 сағат 50 минутта барлығы бес пән бойынша 120 сұраққа жауап берді. Кейбір тапсырмаларда бірнеше дұрыс жауап болғандықтан,140 ұпайға дейін жинаған талапкерлер кездесті.
Мәселен, мектептер арасында өткен тестілеуде «Дарын» мектебінің оқушысы Әлихан Мәжікен 133 балл жинады.
–Тестілеу сұрақтары күрделі болған жоқ. Дайындық кезеңінде берілген тапсырмалар деңгейіндегі сұрақтар келді, – дейді Әлихан. Сондай-ақ, 132 балл жинаған Жезқазған қаласы №3 Білім-инновация лицейінің оқушысы Қымбат Жандос та тестілеу сұрақтарының сабақ кезіндегі тапсырмалармен байланысты болғанын айтты.
Тестілеуден босатылғандар бар
Жалпы, ҰБТ талабына сәйкес, талапкердің ағылшын тілін меңгергені туралы халықаралық куәлігі болса, ағылшын тілі пәні бойынша тест тапсырудан босатылады. Нақтырақ айтсақ, ELTS сертификаты барлар Шет тілінен тест тапсырмайды. Оларға пән бойынша максималды балл (40 балл) автоматты түрде беріледі. Осы орайда республика бойынша ҰБТ-ға қатысушылардың арасында ағылшын тілін еркін меңгерген 708 талапкер болса, облыста халықаралық сертификаттары барлардың саны – 23. Олардың көбісі шет тілін жақсы білетіндіктен, әлемдік оқу орындарын таңдайтынын айтады. Олардың бірі Қарағандыдағы №1 Білім-инновация лицейінің 11-сынып оқушысы – Олжас Нұрпейісов. Қазіргі таңда химия пәні бойынша халықаралық олимпиаданың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған Олжаста Кореяда тегін білім алуға мүмкіндік беретін грант бар.
– Ең бастысы – ата-анамның, ұстаздарымның сенімін ақтау. Сондай-ақ, белгілі мамандықтың иесі атану үшін сапалы білім ұсынатын Корея елінде білім алатыныма қуаныштымын, – дейді ол.
Оған қоса, биыл Олжас секілді облыстағы мамандандырылған мектеп-интернаттардың бірнеше түлектері де тестілеуге қатыспай-ақ, Назарбаев Университетіне түсті.
Бақылау – қатаң, жағдай – қолайлы
Жақында республикалық Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов өзінің facebook парақшасында елімізде өткен ҰБТ барысында 90 375 ұялы телефон, 28 344 калькулятор мен 1 867 шпаргалка тәркіленгенін жазды.
Ал, облыстың білім басқармасының мамандары облыс бойынша өткен тестілеу барысында құқықбұзушылықтар орын алмағанын айтады. Жалпы тестілеу барысында аппелляцияға 21 өтініш түскен. Оның төртеуі комиссия тарапынан қаралып, талапкерлерге тестілеу барысындағы тиісті ұпайлары қосылған. Сондай-ақ, тестілеу барысында ережені бұзғаны үшін үшін 1 мектеп бітіруші аудиториядан шығарылды.
Биыл ата-аналарға да арнайы аудиториялар бөлінгендіктен, олар балаларының тест тапсырғанын онлайн режимде бақылап отырды.
Тапсыра алмағанға таңдау жоқ
Облыстың білім басқармасының маманы Манат Бақытқызының айтуынша, биылдан бастап мектеп түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуді төрт рет тапсыра алатындықтан, шекті ұпай санын жинамағандар 17-20 тамыз аралығында өтетін ақылы тестілеуге қатыса алады. Оның нәтижесі арқылы тек ақылы бөлімге түсу мүмкіндігі қарастырылған. Ақылы тест сынағының бағасы – 2242 теңге.
Маусым айындағы сынақтан өте алмаған Мирас Жұмашұлы (аты-жөні өзгертілген) тамыз айында тапсыратынын айтады.
Денсаулық жағдайыма байланысты шекті балл жинай алмадым. Тамыз айында бағымды сынап, ақылы оқуға тапсырамын. Өзім қалаған мамандықты оқып, диплом алуым керек, – дейді ол.
Ақылы бөлімге түскісі келген талапкерлерден өтініштер 25 шілде – 3 тамыз аралығында қабылданады. Ал, осы аралықта тестілеуден өте алмағандар әзірге ЖООмен қоштаса тұрады. Оларды келер жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу күтеді.
Аяулым СОВЕТ.