Болат жолдың бойында
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында көлік-логистика саласын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта Қарағанды облысында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, жүк тасымалын арттыру және цифрлық технологияларды енгізу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ал, биыл өңірде 161 шақырым теміржол табанын жаңарту жоспарланған.

Осыдан екі жыл бұрын «Астана-Қарағанды» теміржол учаскесінде 100 шақырымнан астам жол жаңартылған еді. Жөндеу жұмыстары кезінде 17 мыңнан астам шпал алмастырылған. Алдымен арнайы техниканың көмегімен ескі рельстер мен шпалдар алынып тасталды. Кейін жаңадан жол салынып, қиыршық тастар төселді. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін айына екі мәрте диагностика орталығының мамандары тексеруде. Егер жолдан қандай да бір ақау шықса, арнайы өлшеу вагоны арқылы анықталады екен. Ал, былтыр «Дария – Жарық» учаскесінде де күрделі жөндеу жұмыстары өтті. Жөндеу жұмыстары жаңа әдіспен, яғни, жабық аралықта жүргізілген. Бұл технология учаскені бірнеше күнге жапқанымен, өнімділігі жағынан тиімді. Балластар тазартылып, рельсті бунақтар ауыстырылды. Осындай жаңа әдістің нәтижесінде былтыр біршама уақыт пен ресурс үнемдеп, жаңа жол табаны ауыстырылған.
Биыл «Балқаш-Алматы», «Алматы-Балқаш» бағытындағы жаңа пойыз жолға шықты. Бұған дейін балқаштықтар Алматыға жету үшін Сарышаған станциясынан барып мінетін еді. Қазіргі уақытта жаңа бағытта ашылған пойыз қолайсыздықтарды жойып, ел игілігіне берілген.
Сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мамандарының сөзіне сүйенсек, биыл «Бүркітті-Қарағайлы», «Ащысу» станциясы, «Саумалкөл» станция аралығындағы 34,2 шақырым жолдың жолтабаны жаңартылмақ. Рельс пен шпалдары ауыстырылады. Сонымен қатар, «Атасу» станциясынан «Қаражал» станциясына және «Ащысу» станциясынан «Саумалкөлге» дейінгі 52,5 шақырым жол табанына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Одан бөлек, ұзындығы 42,4 шақырым болатын бірнеше аралықта балласты тазарту жоспарланған. Рельстік тіректер мен бағыттамалық бұрмалар ауыстырылып, қалыпқа келтірілмек.
Одан бөлек, биыл өңірде модернизация және реконструкция жұмыстары аясында вокзал ғимараттары қайта қалыпқа келтірілмек. Ғимараттың инженерлік жүйелері жаңартылады. Көлік министрлігінің дерегіне жүгінсек, өңірде 11 нысан қалыпқа келтіріледі. Аталған жобаларды іске асыру барысында отандық материалдарды пайдалануға басымдық берілмек.
Теміржол көлігі саласында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Соның айқын дәлелі – «Мойынты-Достық» теміржол учаскесінде екінші жол салу бойынша ірі құрылыс жобасының басталуы. Жобаның жалпы ұзындығы – 836 шақырым. Ал, оның 338 шақырымы облыс аумағынан өтеді.
– Аталған жобаның жүзеге асырылуы теміржолдың өткізу қабілетін едәуір арттырады. Нақтырақ айтқанда, қазіргі таңда бұл учаске арқылы тәулігіне 12 жұп жүк пойызы өтсе, жоба толық аяқталған соң олардың саны 60 жұпқа дейін жетеді. Бұл көрсеткіш бес есе өсімді білдіреді. Мұндай серпінді қадам Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, ел экономикасының дамуына тың серпін береді, – дейді сала мамандары.
Биыл көлік инфрақұрылымын жаңғырту, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаспақ. Бұл еліміздің өңіраралық байланысын нығайтып қана қоймай, халықаралық тасымал ауқымын кеңейтуге де өз септігін тигізетіні сөзсіз.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»