Елге, жерге қызмет етіп, оның болашағының жарқын болуына үлес қосу үшін қаражат емес, ең бастысы ынта-ниет қажет. Мұны сөзімен һәм ісімен дәлелдеп жүрген патриот азаматтар баршылық. Шет ауданы, Киікті ауылынан тегін футбол үйірмесін ашып, ауыл балаларын спортқа баулып жүрген Бекжан Совет сөзімізге дәлел. Аталған үйірме заманауи әдістер мен жаңа технологияға басымдық бермесе де, спортқа үйір балаларға қолдау білдіріп отыр. Әзірге үйірмені «Киік» шағын футбол клубы» деп атапты. Өйткені, жаттығатын орын шағын футболға арналған. Үлкен футболға ауысу уақыт еншісінде. Тарқатайық…
Футболды жанындай жақсы көретін 23 жастағы бапкер Бекжан Базарбайұлының басты мақсаты – ауыл балаларын жат әдеттен жирендіріп, өнегелі азамат етіп тәрбиелеу, тағылымды тұлға ретінде қалыптастыру.
Бекзат – осы ауылдың тумасы. Осыдан екі жыл бұрын Астана қаласында арнайы білім алып, D категориясының бапкері атанды.
– Ауылға келіп, көзінде оты бар балалар үшін тегін футбол үйірмесін аштым. Әр бала талантты. Тек, сол талантты ұштап, оны шыңдай түсу керек. Оның үстіне, ауылда өскен баланың бәрі де футболға икемді келеді ғой. Шыдамды, желаяқ. Ептеп, футболдың техникасын меңгерсе, әрі қарай дағдысы жылдам қалыптасады, – дейді Бекжан Базарбайұлы.
Ауылда бұған дейін салынған жасанды жасыл төсенішті футбол алаңы бар. Дегенмен, қыс айларында да доп тепкісі келетін балалар баршылық. Осы тығырықтан шығатын жол таппай қиналғанда Бекжанға Дәурен есімді көршісі бос тұрған екінші үйін дайындық жасау үшін беріп, қолқабыс жасапты. Өйткені, аудан орталығына шалғай жатқан ауылдарда спортзал деген күрделі мәселе. Сондықтан, қыста үйдің ішінде дайындалса, жазда ауылдың шағын футбол алаңында шеберлік шыңдайды балалар.
– Ауылда үйірмеге қатысуды қалайтындар көп. Әзірге 30 баланы жаттықтырып жүрмін. Оны 40-қа жеткізу жоспарда бар. Жас ерекшелігіне қарай екі топқа бөлініп, жаттығады. Қыздар тобын ашуды да жоспарлап қойдық. Кіші топқа демеушілер арқылы форма сатып әпердік. Енді ересек топқа да демеуші іздеудеміз. Ауыл әкімі, ел азаматтары және спортсүйер достарым қол ұшын беруде. Әрқайсысы қолынан келгенше көмегін аяп жатқан жоқ. Бәріне мың алғыс, – дейді Бекжан.
Дайындық жасау қыста сәл қиындау. Бапкердің жарты күні жаттығу жасайтын үйдің пешін жағуға кетеді.
– Балалар тоңып қалмас үшін үйді жылы ұстаймын. Қанат Сатыбалды есімді бала күнгі досым мен Диас Адамбеков деген ауыл азаматы көмір сатып әперді. Қазір барлығы ойдағыдай. «Ауыл футболы» жобасының негізін қалаушы Серік Мамбетов бізге 10 доп, 11 футбол формасын және 50 арнайы құрал-жабдық алып берді. Бұдан бөлек, Жандарбек Аманкелдіұлы мен Мәрлен есімді Астанадағы бапкерге алғысым шексіз, – дейді жас бапкер.
Бекжанның айтуынша, жан-жақтан жарыстарға шақырып жатқандар көп. Маусым айынан бастап, жарыстарға қатысуды жоспарлап отыр екен. «Ауыл футболы» жобасы күзде Астанада өтетін турнирге де шақырыпты. Алдағы уақытта балаларды үш топқа бөліп, жаттығу өткізуді ойға алған.
– Үйірмеге барғалы ұлымның футболмен қатар, сабақ оқуға да құлшынысы арта түсті. Дайындықтан қалмау үшін үй жұмысын уақытылы орындап, алып-ұшып тұрады. Оның алдында қолы қалт етсе, телефонға телміретін. Әр дайындықтан кейін көзі жанып келеді. Дайындық арасында таза ауада бірге ойын ойнап, кітапханаға да баратын көрінеді, – дейді Мирас есімді жас футболшының анасы Сандуғаш Макешова.
Ал, Шет ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, денен шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асхат Ахметов:
– Аудан әкімдігі Бекжан Базарбайұлының бастамасынан хабардар. Қуана құптаймыз. Ауыл әкімінің өтінішімен Бекжан Базарбайұлының еңбегін бағалап, спорт нұсқаушысы штатын бөлдік. Алдағы уақытта спорттық инвентарларды алып беруді жоспарлап отырмыз. Бекжан үйірмемен ғана емес, ауылдағы қоғамдық, спорттық шараларды өткізумен айналысады. Мұндай спорт нұсқаушылары аудан бойынша 12 ауылдық округте бар. Барлық ауылда да балалар тегін жаттығады, – деп атап өтті.
Киікті ауылының әкімі Мерей Смағұлов та аузына қолы жеткеннің бәрі қалаға асыққан заманда ауылға бет бұрып, жас буынды спортқа баулып, жақсы тәрбие беріп жүрген Бекжан бауырына риза екенін айтады.
– Қолдан келген көмекті беріп жатырмыз. Олар үнемі біздің назарымызда. Жуырда Ақадырға жарысқа барып келді. Балалар құлшынып жүр. Бастысы – осы. Олардың болашағынан үлкен үміт күтеміз, – деп атап өтті Мерей Қуатбекұлы.
Қазір әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұр. Тик-ток желісінде аталған үйірменің де (@s.bek7ann) парақшасы бар. Дайындық барысын, ойынның сәтті тұстарын жүктеп отырады. Тик-ток арқылы көріп, қол ұшын беріп жатқан азаматтар да жоқ емес. Айтсақ, жуырда ғана Самғат есімді әріптесі екі топқа қызыл және жасыл түсті монежкаларды сыйға тартыпты.
Парақшаны қарап отырып, балалардың спортқа деген үлкен махаббатын көрдік. Бекжан Базарбайұлы шамасы келгенше демеушілер әперген құрал-жабдықпен жаттығу өткізіп жүр. Допты қабылдау, қарсыласты алдап өту, соққы жасау және пас жеткізудің түр-түрін меңгертіп жатыр. Балаларды шынықтырумен қатар, адамгершілікке, достыққа баулиды. Тіпті, әр баланың туған күнін де назардан тыс қалдырмайды екен. Мерекелерде де бірге жүреді.
– Киіктіде мыңға жуық адам тұрады. Екі жүз шақты бала бар. Мен қазір соның 30-40 шақтысын қамтуға барымды салып жүрмін. Қалғандарын да қамту жағын ойласақ екен. Алдағы уақытта қыстың күндері аудандық әкімдіктің рұқсатымен, ауыл әкімі Мерей Қуатбекұлының қолдауымен мектептің спорт залында жаттығамыз. Мектептің спортзалында кесте бойынша өз сабақтары жүреді. Мұны да ойлау керек. Шынын айтсақ, ауылға ықшам болса да, спорт кешені ауадай қажет. Бұрыннан қалған ескі спортзалдың қаңқасы тұр. Сүріледі деп жатыр. Ең болмаса, соны жөндеп берсе, қуанар едік. Сонда қалған 150 бала да спортпен қамтылар еді. Басқа спорт түрлерінен де бапкерлер табылады, жағдай болса. Балалар футбол ғана емес, басқа да спорт түрлерімен айналысып, небір мықты спортшылар шығар еді. Бос жүрмей, шымыр болып, жаман әдеттерден аулақ болары анық. Осы мәселені шешуге ел болып жұмылсақ, құба-құп. Келешек чемпиондар Киіктіде жүрген шығар, бәлкім, – деп келелі ойымен бөлісті Бекжан Базарбайұлы.
Шынында, жас бапкердің аяқалысы мен болашақты көздейтін терең ойы бізді де толқытты. Ендеше, Киіктіде спорт кешенін салу мәселесін қолға алатын мезгіл жеткен сияқты. Бұл өлкеден небір саңлақтар мен дүлдүлдердің түлеп ұшқанын ескеру қажет-ақ. Сондықтан, Киіктідегі келешек чемпиондарға мүмкіндік жасап, биік шыңдарға қанат қағуына жол ашайық…
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz