Бас тақырыпБілім

Болашақ бақшадан басталады

Әр мамандықтың қыр-сырын балалар балабақшадан бастап үйренуде. Шахтинск қаласының «Салтанат» балабақшасына баратын балалар сондай, ізденімпаз. Олар үш бағыт бойынша қоршаған ортаны танып білуде. Жаңбыр қалай пайда болады? Температура деген не? Балалар осы және басқа да сұрақтарға жаратылыстану-ғылыми бағытта жұмыс істеу арқылы жауап табады. Ол табиғат әлеміне қызығушылықты оятады, қоршаған орта мен жануар дүниесіне ұқыпты қарауға баулиды. Физикалық-техникалық бағытта балалар энергияның қайдан алынатынын, компастың қалай жұмыс істейтінін, жарық пен дыбыстың не екенін біледі. Күнделікті өздері көріп жүрген құбылыс­тарды зерттейді. Ал, гуманитарлық бағытта балалар өздеріне қызықты деген тақырыптарды өз бетінше немесе ата-аналарының көмегімен зерделеп, кейін топта білгенімен бөліседі. Бұл жұмыстар «Ізденімпаздарға арналған керемет ғылым» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба бала бойындағы қызығушылықты арттырып, таным көкжиегін кеңейтеді. Себебі, дәл осы мектепке дейінгі кезеңде баланың белгілі бір бағыттарға қызығушылығы пайда болып, болашақ мамандықтың негізі қаланады.

Кәсіптік бағдарлау – бақшадан

Балабақшаның директоры Ирина Обердерфердің айтуынша, жоба балалардың ғана емес, үлкендердің де қызығушылығын оятады.

– Жоба бойынша балабақша 2021 жылдан бастап жұмыс істейді. Бұл негізінен халықаралық жоба болатын, ол Өзбекстанда және Украинада қолға алынған. Былтыр Қарағанды облысының білім беруді дамытудың жол картасына ендік. Біздің бес педагог оқыту семинарынан өтіп, балалармен жұмыс істеу бойынша халықаралық сертификаттар алды. Жоба 4 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған. Мұнда ақпараттық, материалдық-техникалық база мол. Балалар жобаға аса қызығушылықпен қатысады. Бұған ата-аналары да разы.

Өзін «аға ғылыми қызметкермін» деп таныстырған «Жемчужинка» тобының тәрбиешісі балаларды қызықты ғылым әлеміне баулып жүр. Балалар аға ғылыми қызметкердің айтуымен зертхананың қауіпсіздік ережесін жарыса қайталады. «Зертханада жүгірмеу, бір-бірін итермеу, айтқанға дейін ештеңені қолмен ұстамау және ең бастысы ауызға ештеңе салмау». Балалар тәрбиешінің нұсқауымен «Химиялық бұлттар» зерттеуін жасауға кірісті. Кәдімгі ұнның үстіне ас содасын салып түрлі түске боялған су тамшыларын тамызса, ол жер жарылғандай көбіреді. Химиялық реакция нәтижесінде түрлі-түсті «бұлттар» пайда болды. Балалар пайда болған «бұлттарын» аса қызығушылықпен тамашалады. Тәжірибенің оларға ұнағаны бірден анық байқалды.

Бүгінгі таңда жобаға 100 шақты бала қатысып жүр.

– Сонымен қатар, біз мектептермен сабақтастықты ұстанамыз, біздің тәрбиеленушілеріміз экскурсияға барып, танысады. Бұл балалардың болашақта ғылымды терең зерделеуге біртіндеп көшуі үшін қажет. «Ізденімпаздарға арналған керемет ғылым» жобасы балалардың химия, физика, биология сияқты ғылыми пәндерге қабілеттерін анықтауға және осы бағыттағы дағдыларын дамытуға көмектеседі. Оған көптеген тәжірибелік-эксперименттік қызметтер енгізілген. Балалар тәжірибеге қатыса отырып, физика, химия заңдарын, инженерлік механизмдерді меңгереді. Мектепке дейінгі балаларды ерте кәсіптік бағдарлау осылай жүреді. Тәрбиеленушілер өздерін зерттеуші ретінде сынап көреді. Бұл олардың болашақ мамандықтарына қарай жасаған алғашқы қадамы болуы мүмкін, – деп есептейді Ирина Обердерфер.

Оның айтуынша, балабақшадан бастау алған жоба кең өріс алуда. Аймақтың басқа балабақшаларынан келіп, шеберлік сағаттарына қатысып, тәжірибені бөлісуге ниетті педагогтер бар. Алғашқыда арнайы Жол картасына мектепке дейінгі 9 ұйым енген болатын, былтыр тағы 11 мекеме кірді. Қазір жобаға Оқу-ағарту министрлігінде де қызығушылық танытып отыр.

Автокартинг жанданады

Кәсіптік бағдарлау Шахтинск қаласының Оқушылар сарайында да жан-жақты қолға алынған. Мұнда 4-18 жас аралығындағы екі мыңнан астам бала мен жасөспірім 145 үйірмеге қатысады. Кәсіптік баңдарлаудың 11 бағыты жұмыс істеп тұр. Оқушылар сарайы 2020 жылы балалар мен жасөспірімдер орталығын қайта құру негізінде пайда болды. Оған мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты қосылып, жаңа мекеменің оқушыларға беретін мүмкіндіктері артты. Ал, келесі жылында мұнда Кәсіби құзыреттілік және мансаптық өсу орталығы өз жұмысын бастады. Орталық түлектерді кәсіби бағдарлау және жұмысқа орналастыру бағыттары бойынша қызметті ұйымдастыру мақсатында құрылды.

Кәсіби құзыреттілік және мансаптық өсу орталығында екі педагог-кәсіби бағдар беруші және психолог жұмыс істейді. Кәсіби бағдар беру кезінде мамандар әртүрлі әдістер – сауалнамалар, тесттер, ойындар, тренингтер арқылы жеке және топтық форматта психология­лық диагностика жүргізеді. Психология­лық диагностика барысында адамның жоғары жүйке қызметінің ерекшеліктері, қызығушылықтары мен мотивтері, құндылық бағдарлары, мамандық таңдаудағы көзқарастары зерттеледі. Соңында кәсіби кеңес беріледі. Психологиялық диагностикадан кейін екінші маман жасөспірімге қалаған мамандығын таңдау үшін жоғары оқу орындары мен колледждер туралы ақпарат береді.

– Кәсіби диагностикалық іс-шаралар, түрлі сауалнамалар, ашық есік күндерін, ата-аналар жиналыстарын өткіземіз. Психологиялық диагностика жеткіншектің қандай бағыттарға қызығушылығы бар екенін, не нәрсеге икемді екенін көрсетіп береді. Соған сәйкес мамандық таңдауға кеңес беріледі. Сонымен қатар, Қарағанды облысының оқу орындары мен кәсіп­орындарына экскурсиялар ұйымдастырамыз. Мұндай жұмыс балалармен ғана шектелмейді, ата-аналарымен де жалғасады, – дейді Кәсіби құзыреттілік және мансаптық өсу орталығының меңгерушісі Марина Морозова.

Оқушылар сарайында 10-11 сынып оқушылары үшін «Болашақты таңдау» бейіндік дайындық бойынша қалалық шығармашылық жоба іске асырылуда. Оқушылар сарайының директоры Ирина Шмиктің айтуынша, «Болашақты таңдау» жобасының мақсаты – балаларға танымдық және кәсіби дамудың кең спектрін көрсету, болашақ кәсіби қызметте табысқа жеткізетін негізгі құзыреттерді үйрету.

– Оқыту «Көлік ісі», «Көлік жөндеуші слесарь», «Ас даярлау технологиясы», «Медициналық білім негіздері», «Шаштараз-әрлеуші», «Киім дизайны», «Құтқарушы», «Психологиялық-педагогикалық қызмет негіздері», «Масс-медиа» бағыттары бойынша жүргізіледі. Түрлі бағыттағы үйірмелерге 600 бала қатысады. Әрине, әрқайсысы өзі таңдаған үйірмесіне барады, – дейді Ирина Шмик.

Мәселен, «Құтқарушы» үйірмесіне қатысушылар мамандықпен танысады, құтқарушы қызметіндегі негізгі ереже-талаптарды үйренеді. Ұнатса, әрі қарай оқуына түседі.

– Бұл үйірмеде оқушылар тау-тасқа өрмелеу, арқан байлау түрлері мен техникаларын, жергілікті жерді бағдарлау, топографиялық белгілерді үйренеді, – дейді Оқушылар сарайындағы туристік-өлкетану қызметі бөлімінің басшысы Александр Шилов. – Туризм бағытының толық кешені бар. Тау туризмі техникасы, жаяу жүргінші техникасы, құтқарушы. Түрін балалар өздері таңдайды. 8 жастан 18 жасқа дейін қатыса алады.

«Көлік ісі» үйірмесінің жұмыс істеп тұрғанына 40 жылдан асты. Үйірменің оқушыларға берері мол. 10-11 сыныпта 2 жыл оқып шыққан оқушы «В» категория­лы көлік жүргізуге құқық беретін жүргізуші куәлігін алып шығады. Үйірме жетекшісі Маурат Сәрсекеевтің айтуынша, үйірме автомектептер қауымдастығының құрамына енген.

– Тиісті тексерістер болып тұрады. Арнайы бағдарламасы бар. Жай ғана үйірме емес, оқушыларға арналған автомектеп деуге болады. Мұндай мүмкіндік Қазақстанның барлық жерінде жоқ. Шахан, Долинка, Новодолинка кенттерінің мектептеріне де барып оқытамыз. Практикалық сабақтар арнайы сатып алынған көлік макетінде жүргізіледі, – дейді оқытушы.

Ирина Эсперовна бұл бағыттың балалар арасында танымал екенін айтты. Жоғарыда аталған ауыл мектептерінен басқа Шахтинск қаласындағы мектептердің оқушылары аса қызығушылықпен қатысады.

Аталған бейіндік бағытқа қатысушылардың бірі – Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Дулат Мұрат.

– Бұл профильді таңдаған себебім, көлік жүргізген ұнайды. Екі жыл уақытты босқа жоғалтпай оқи берейін деп шештім. Оған қоса, оқу тегін. Қазір ережелерді өтіп жатырмыз, – дейді ол.

Мұндағы әр бейіндік бағыт тұтас блоктардан тұрады. Мәселен, «Көлік ісі» немесе «Көлік жөндеуші слесарь» бағыттары балабақшадағы «Бағдаршамдар елі» жобасынан бастау алады. Одан кейін «Жас қозғалыс инспекторлары», соңыра «Жас автомобилист» жобаларына жалғасады. Яғни, кез келген бағыт бойынша балабақшадан басталып, мектепте және сосын колледжде жалғасатын сабақтастық байқалады. Бұл баланың кішкентайынан неге қызығатынын, кім болуға ұмтылатынын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл орайда 2022 жылдан бастап қолға алынған мектептердегі арнайы сыныптар жобасы да тиімді. Бүгінде медициналық сынып, педагогикалық және экосыныптар қаланың бірқатар мектептерінде бар.

– Медициналық сынып аясында Шахтинск қаласының ауруханасымен келісімге қол қойылды. Балалар экскурсияларға барады, дәрігерлермен кездеседі. Дәрігерлердің өздері де келеді. Осы уақытқа дейін тіс дәрігерлері, терапевт, гинеколог мамандар келіп кетті. Колледждермен және медициналық ұйымдармен жұмыс істейміз. Былтыр медициналық сыныпқа барған 15 түлек медициналық мамандықтарға грантпен оқуға түсті, – деп атап өтті Шахтинск қаласының білім бөлімінің әдіскері Сайра Сағадиева.

Шахтинск қаласының білім бөлімінің басшысы Николай Онсовичтің айтуынша, өңірде ерте кезден кәсіптік бағдарлау бағдарламасы бар.

– Балаларды кәсіпке баулуды мектепке дейін бастаймыз. Бұл жұмыс бес жыл бұрын басталған. Шахтинск технология­лық колледжі мен қаланың балабақшалары арасында ерте кәсіптік бағдарлау бойынша меморандум жасалды. Оның алдында 4 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған робототехника жобасын енгізу болды. Ол бес жыл бойы жүргізілді. Енді жұмыс қазіргі Оқушылар сарайындағы оқу-өндірістік комбинаттан қалған материалдық базаны сақтауға бағытталады. 10-11 сынып оқушыларының барлығы мектепті бітіргеннен кейін жұмыс мамандығын алуға міндетті. Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Қарағанды өңірінде алғаш болып мектеп автокартодромын ашу жобасын жүзеге асырамыз, – деді Николай Онсович.

Картинг ең алдымен автомокөліктердің динамикасы мен құрылысының негіздерін зерттеуге ықпал етеді. Бұл білім балаларға, әсіресе техникалық жоғары оқу орындарында оқуды жоспарлап отырғандарға пайдалы болмақ. Шахтинск қаласының 11-сынып түлектерінің 50%-дан астамы Қарағанды техникалық университетіне түседі екен.

Жаңа автокартодром Оқушылар сарайының базасында орналасады. Білім бөлімінің басшысы жер мәселесінің шешілгенін, 10 көлік пен қажетті жабдық сатып алуға қаражат бөлінгенін жеткізді.

– Мамандар, сонымен бірге, сегіз гараждан тұратын база бар. Ғимаратты жөндеу, жаңа қоршау және автодром жабынын жаңарту жоспарланған. Картинг Шахтинскіге қайтып келуі тиіс, себебі бұл спорт түрі әрдайым сұранысқа ие. Ал, оқушылар арасында техникалық пәндерге деген қызығушылық арта түсуде, – деді ол.

Технология күнделікті өмірде

Николай Онсович атап өткен жоба «ТехноМалыш» деп аталады. Ол балалардың ерте жастан бастап техникалық пәндерге қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған. Бұл болашақ кәсіби бағдардың іргетасын қалайды және елдің кадрлық әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Жоба аясында Сарандағы «Silk Road Electronics» ЖШС мамандары мен Шахтинск технологиялық колледжінің студенттері радиоконструкциялар құрастырып шықты. Олар мектеп жасына дейінгі балаларға электроника мен бағдарламалау негіздерін игеруге көмектеседі. Балалар қарапайым электронды құрылғыларды: радиоқабылдағыштарды, дабыл бергіштерді, шамдарды өз бетінше жинап, баптай алады. Одан әрі күрделі жобаларға көшу арқылы балалар ақылды үйдің макетін құрастырады. Бұл тәсіл балаларда техникалық ойлауды дамытып қана қоймай, қазіргі заманғы технологиялар туралы түсінік алуға мүмкіндік береді. Мұндай радиоконструкторларды біз болған «Салтанат» балабақшасының балалары пайдаланып жүр.

– Әрине, балаларға ұсақ заттар берілмейді. Сондықтан, оларға жұмыс істеу оңай болатын нәрселерді жасаймыз. Радиоконструкцияларды біздің студенттердің тобы әзірледі. Қазір жоба іске асырылып жатыр. Түрлі-түсті бояу кітапшалары қоса жүреді. Ол бойынша балалар құрастырады, ал тәрбиешілер үшін әдістемелік құрал бар. Біз жүргізген сауалнамаға сәйкес сегізінші сынып оқушыларының тек 26%-ында техникалық ойлау қабілеті бар. Қазіргідей технологиялар дәуірінде бұл аз. Сондықтан да, техникалық ойлауды дамытатын жобалармен жұмыс істейміз. Біз «Мектеп-колледж-ЖОО-жұмыс беруші» үздіксіз кәсіптік білім беру жүйесін құрып жатырмыз, – дейді Шахтинск технологиялық колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Валентина Тарасова.

Оқу орнының облыс кәсіпорындарымен ынтымақтастығы берік. Колледждің әлеуметтік серіктестері – «Kazcentrelectroprovod» ЖШС, «Qarmet» АҚ, «Silk Road Electronics» ЖШС. Онда студенттер өндірістік практикадан өтеді. Жалпы, дуальді оқыту аясында колледж 19 кәсіпорынмен жұмыс істейді. Сондай-ақ, жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын орындайды. Мысалы, шахталар үшін жыл сайын 25 маман даярланады. Орта есеппен түлектердің жұмысқа орналасуы 85% шамасында. Ресей және Беларусь колледждерімен халықаралық ынтымақтастық та жолға қойылғанын, соның негізінде студенттердің академиялық ұтқырлығы мәселесі қаралып жатқанын айтты колледж директоры Әлия Сәттібаева.

– Бізде Қарағанды облысының бірде-бір колледжінде жоқ мамандықтар бар. Мәселен, траволаторларды, эскалаторлар мен лифтілерді жөндеу бойынша шеберлерді даярлаймыз, – деген Әлия Рахымбекқызы 4 қабатты лифтінің макетін көрсетті. – Мұнда әртүрлі ақаулар беріледі, студенттер оларды анықтап, жоюға тиіс. Сонымен қатар, Қызылорда-Астана газ құбырына шеберлер даярлап шығамыз. Бізде сыныптарда әр кәсіпорында жоқ заманауи жабдықтар бар.

Білім басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Нұрсұлтан жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын Мемлекет басшысының өзі айқындап бергенін айтып отыр. Сондықтан, бұл бағытта өңірде көп жұмыс атқарылуда.

– Балабақшада көрген «химик» балалардың ертең биолог немесе дәрігер болуы – ерте кезден кәсіптік бағдарлау нәтижесі. Мектептерде педагогикалық, медициналық, агросынып жобалары іске асырылуда. Барлығы болашақта мамандық дұрыс таңдауға ықпал етеді, – дейді маман.

Арнайы сыныптары бар мектептер саны Жол картасына сәйкес жыл сайын ұлғаюда. 2022-2023 оқу жылында жобаға 20 мектеп, 2023-2024 оқу жылында 40 мектеп қосылды. Былтыр облыстың 60 мектебі мен 5 педагогикалық колледжі жоба қатысушысы болса, биылғы оқу жылында тағы 25 мектеп қосылмақ.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Cуреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button