Білім

Болашақ бүгіннен басталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Нақты ғылымдар мен инженерия саласы бойынша қосымша білім беруге айрықша назар аудару керек. Балаларды дене шынықтыру және академия­лық тұрғыдан бірдей дамыту қажет. Ауылдық жерде тұратын балаларға баса мән берген жөн. Барлық аймақтағы балалардың қосымша білім алуына мүмкіндігі болуға тиіс», – деген болатын.

Қарағанды қаласының Пришахтинск бөлігінде бой көтерген сарайда аймақтың жас тұрғындары үшін робототехника, VR сәулет өнері секілді үйірмелердің түр-түрі бар. Бала дарынын дамытып, шығармашылық бағытта шыңдайтын «Кәусармен» таныстық.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Салтанатты сарай

Қазіргі таңда ауданның кішкентай тұрғындары қала орталығына бармай-ақ ғимараттағы көптеген қызықты үйірмелерге қатысып жүр. Бүгінде оқытушылар саны – 18.

Бірінші қабатта HI-TECH цех және шығармашылық шеберхана, хореография залы және ART студия орналасқан. Ал, екінші қабатта жазу және теледидар студиясы, фотостудия бар. Сондай-ақ, сарайдан VR-сәулет және Веб-дизайн студиясын, робототехника және техникалық шығармашылық зертханасын және STEM зертханасы мен музыкалық студияны, экологиялық орталықты көруге болады.

– Оқушылар сарайының жалпы ауданы 3 мың шаршы метр. Кең әрі әдемі ғимаратта өзіне ұнайтын үйірмені таңдауға мүмкіндік мол. Мүмкіндігі шектеулі балалардың да жағдайы жіті қарастырылған. Сенсорика және моториканы дамытуға арналған көптеген құрылғылар бар. Мысалы, ауа көпіршікті колба – көру мен естуді, тактильді сезімдерді жетілдіреді. Құрғақ душ баланың еркіндігін дамытуға, босаңсуға арналған. Оның көмегімен бала жаңа түстерді қызықты түрде есте сақтай алады. Инклюзивті білім беру үшін барлық жағдай жасалған, – деп атап өтті «Кәусар» сарайының директоры Әйгерім Исбекова.

Заманауи жабдықтар дамуға сеп

– Ғимараттың бірінші қабатындағы HI-TECH цехінде 3D принтерлер, CNC станоктары және басқа да заманауи жабдықтармен жоғары технология­лық прототиптеу зертханасы бар. Мұнда идеялардың басым бөлігі инженерлік өнімдерге, электронды компоненттер жасауға, металды, ағашты, пластмассаны CNC машиналарында өңдеуге, 3D басып шығаруға бағытталады, – дейді Әйгерім Исбекова.

Сондай-ақ, сарай ішіне оқушыларға арналған цех компьютері, интерактивті панель, ноутбуктер де қойылған.

Шығармашылық шеберханасы балалардың бастамасы мен шығармашылығына қолдау білдіреді. Олар тігін, кесте тігу және тоқу станогында жұмыс істеу дағдыларын дамытады. Модельдердің эскиздерін жасау үшін крекер мольберттері қарастырылған. Шеберханада қыз балаларға арналған тігін машиналары, тоқу машинасы, оверлок, қол тоқу станогы, кесуге арналған үстел үтіктері бар. Сондай-ақ, манекендер, шкафтар, айналмалы бактериялық сәулелендіргіші бар мұғалімге арналған орынмен жабдықталған.

Хореография залы да музыканы мазмұнды беруге арналған жүйеге толы.

ART студияда мүмкіндік мол

Майлы акварель, қарындашпен сурет салуға бейімдейтін ART студияда акрил, гуашь, пастель бояулары да қолданылады. Сурет салу бағыты да қазірдің өзінде балалардың өнерін дамытуға әрі өзін көрсетуге үлкен мүмкіндік.

– Бұйымдар гипстен жасалады. Студияда компьютермен жабдықталған мұғалімнің орны, студенттік үстелдер мен орындықтар, интерактивті панель қойылған. Ою станогы әрі ашық хаттар жасауға арналған түрлі жиынтықтар, ринстон, зергерлік бұйымдар мен скрапбукингтен суреттер жасауға арналған, – дейді мұғалімдер.

Ал, жазу студиясы вокалды жазу, аранжировка, музыкалық материалды игеру, түпнұсқа мәтіндер мен музыканы жазуға арналған. Студияда фильмдер мен бейнелерді дауыстауға және қайта дыбыстауға кең мүмкіндік бар.

Сарайдағы телевидение және фотостудия жасөспірімдерге ұжымдық және ұйымдастырушылық жұмыс үшін қажет. Студия журналистика әлемінің қыр-сырына іс жүзінде үңілуге мүмкіндік береді. Осы орайда балалар өздерін оператор, дыбыс инженері, монтаж режиссері, продюсер, диктор, дыбыс операторы рөлінде байқап көреді. Шығармашылық жұмысын жүзеге асыру үшін студияда интерактивті панель бар.

– Бүгінде теледидар және фотостудияға арнайы маман тарту жұмыстары жалғасуда. Бұл салаға балалар қызығушылық танытып отырғандықтан, кәсіби шебер мамандарға сұраныс басым, – дейді Әйгерім Әуезқызы.

VR сәулет және веб-дизайн студиясы

Көбінесе архитектурадағы VR – тұжырымдамаларды ұсыну үшін қолданылады. Веб-дизайн көркемдік талғамды көрсету ғана емес, сонымен қатар, іздеу жүйелерінің ерекшеліктерін ескере отырып, жобаның үлгісін жасауға сеп. Дизайн студиясында интерактивті панель, МФУ-принтер, компьютерлік үстелдер мен орындықтар, виртуалды шындықта мазмұн жасауға арналған кәсіби ноутбуктер, дербес және жоғары өнімді виртуалды шындық дулығалары, айналымдағы бактерия­лық сәулелендіргіш бар.

Мұғалімдердің айтуынша, Intellectum-студиясында бала қоршаған әлемді толық білуге көмектесетін әртүрлі ойлау жүйелерін оңай игереді. Ойын ортасы тиімділіктің кепілі болғандықтан, балалар шыдамдылықты, жоспарлауды үйренеді. Студия студенттік шахмат мобильді тақтасы, компьютері бар мұғалімге арналған орын, айналымдағы бактериялық сәулелендіргіш, басқатырғыштармен жабдықталған.

Робототехника және техникалық шығармашылық зертханасы – ғылымға, техникаға, шығармашылық ойлауға, стандартты емес шешімдерге деген қызығушылықты дамытудың бірегей нысаны.

Зертхана тың тәсілге жүгінеді

STEM зертхана бүгінде оқытудың озық тәсіліне жүгінеді. Жаратылыстану, технология, инженерия және математика сабақтарын біріктіретін оқу бағдарламасы зертхана эксперименттерін жүргізуге арналған. Экологиялық орталықта жобалық-зерттеу жұмыстары, өсімдіктерді өсіру, жабық өсімдіктердің түрлерімен танысу жұмыстары жүргізіледі. Орталықта тірі өсімдіктер аймағы да қарастырылған.

– Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да бар жағдайлар жасалған. Осылайша Оқушылар сарайын жастар үшін болашақтың іргетасына айналдырмақпыз. Сарайда балалар өз әлеуеттерін ашып, өздерін спортта, ғылымда немесе шығармашылықта тауып, білімдерін тереңдетіп, бос уақытын тиімді өткізетін болады. Бұл үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып, ең жаңа технологиялық жабдықтар қойылған. Оқушылар сарайы Пришахтинскідегі бірінші қосымша білім беру ұйымы, нысаны болғандықтан, қаланың білім беру инфрақұрылымын стратегия­лық дамытуға ықпал ететін болады, – дейді Әйгерім Исбекова.

Сарайда, сондай-ақ, көпшілікке ұнайтын IТ кітапхана бар. Кітапхана маңызды жұмыс аймағы болғандықтан ерекше сұранысқа ие. Концерттер, конкурстар, жарыстар өткізуге болатын үлкен акт залы, коворкинг аймақ та бар. Ашық аулада түрлі шаралар өтпек.

Оқушылар сарайының айналасы абаттандырылғандықтан, футбол алаңында алаңсыз доп теуіп, саламатты өмір салтымен айналысуға болады.

– Сарайдың ашылуын асыға күттік. Қызым Софье 4,5 жаста болса да, сарайда хореография­мен айналысқанды ұнатады, – дейді аудан тұрғыны Татьяна Рихтер.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button