Бас тақырыпОблыс әкімі

Болашақ ауыл журналистеріне гранттар бөлінеді

Қарағанды облысында жыл сайын ҚарМУ-дың «Журналистика» мамандығына түсетін ауыл мектептерінің түлектеріне гранттар бөлінбек. Бұл туралы аймақ басшысы Ерлан Қошанов «Өңірлік БАҚ. Даму векторлары» атты форумда айрықша атап айтты.


Сондай-ақ, облыс орталығында медиа-клуб құру жоспарларына тоқталды. Журналистер үшін бұл арнайы алаң коворкинг-орталықты және баспасөз конференцияларына арналған жабдықталған залды біріктірмек. Мұнда сонымен қатар, журналистер мен баспасөз хатшылары үшін шеберлік сыныптары, тренингтер мен семинарлар өтеді.
БАҚ қызметкерлері мерекесіне орай ұйымдастырылған Форум өңірлік журналистикаға арналды.
– Әлі де газеттерді оқып, жергілікті жаңалықтарды көруге дайын адамдар бар, өңірлік БАҚ қалаларымызда, аудандар мен кенттерде жалғасатын болады. Жұмысын тоқтатпауы үшін олар дамуы керек. Біз өз тарапымыздан оған бар көмекті аямаймыз. Сонымен қатар, бұған бірінші кезекте мемлекеттік органдар мүдделі, – деді Ерлан Қошанов.
Форумға шақырылған спикерлер өңірлік журналистердің қалай дамуы мен өзгеретініне мән берді. Олардың қатарында белгілі журналистер мен медиа-менеджерлер – «KAZAKH TV» ТК директоры Майя Бекбаева, «Informburo.kz» ақпараттық порталының Бас редакторы Михаил Дорофеев, «Ulys» цифрлық журналының Бас редакторы Ержан Қалымбайұлы, «Ortalyq Qazaqstan» облыстық газетінің Директоры-Бас редакторы Қамбар Ахметов, Бұқар Жырау ауданы «Бұқар жырау жаршысы» газетінің Бас редакторы Әлия Жұмақаева болды.
– Өңірлік БАҚ – бұл біздің қоғамның жүйке жүйесі деуге болады. Егер олар инертті немесе жабылатын болса, онда біз xалықпен байланысты жоғалтамыз. Аймақтық журналистика әрқашан халыққа жақын болуы тиіс. Әкімнің аузынан билік диалогқа ашық екенін естуге қуаныштымыз. Тек өртті сөндірмей, оны болдырмауға болады, – деп атап өтті Майя Бекбаева.
Спикерлер сондай-ақ, қазіргі журналистика мәселелері мен сын-қатерлеріне де тоқталды. Олардың бірі мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің өсіп келе жатқан әсері. Және соның салдарынан дәйексіз немесе тексерілмеген ақпаратты тарату. Бұл туралы «Іnformburo.kz» ақпараттық порталдың Бас редакторы Михаил Дорофеев айтып өтті. Спикер сондай-ақ,журналистердің басты міндеті объективтілік, қысымға төтеп беру мен шын мәнінде маңызды жайт туралы айту қабілеті болғанын және болып қала беретінін еске салды.
Қазақ журналистикасының дамуы да назардан тыс қалмады.

Ержан Қалымбайұлының айтуынша, Қарағанды – қазақ журналистикасындағы кадрлардың ұстаханасы болды. Оған қарағандылық журналистердің тек елімізде ғана емес, шетелде де жемісті еңбек етіп жатқандығы дәлел. Қазақ журналистикасының рөлі еліміздің қалыптасуында, Тәуелсіздікті нығайтуда өте маңызды және қазақ журналистикасы стратегиялық институттың рөлін атқарады. Мен де, Қарағанды журналистикасы мектебінің түлегімін, – деді ол.

Басқа материалдар

Back to top button