Бизнеске бастайтын баспалдақ
«Жастар жылы» аясында жұмысын бастаған тегін «Жексенбілік бизнес мектебінің» тұсаукесер салтанатына жиналған жұртшылық Кеншілер сарайына үміт арқалап жеткені анық. Жергілікті биліктің бастамасымен бұл игі іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған қарағандылық «CenterAT» ЖШС.
Алдына ауқымды мақсат қойған алқалы жиынның тізгінін модераторлар – «CenterAT» компаниясының басшысы, бизнес-бапкер, бизнес сарапшы және кеңесші клубының төрағасы Татьяна Хасанова мен Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің студенті Асылбек Қабиұлы қолға алды.
- Жексенбінің жаймашуақ таңында жайлы төсекте жатып алып теледидар тамашаламай, көздеген іске жетуге жөн-жоба сілтейтін білім алу мен тәжірибе алмасу үшін бүгінгі кездесуге келудің өзі осы отырған әрқайсыңның бойыңда жалқаулықты жеңетін ерік-жігер, жекебастың ғана емес, жан-жағындағының өміріне өркенді өзгеріс әкелуге деген құлшыныс бар екендігін көрсетеді. Біз сегіз апта бойы арман-мақсатқа жетудің жолын бірлесіп қарастырамыз. Әр басқосуды арзан ақылға, жалықтырып жіберетін жүздесуге айналдырып алмас үшін небір қызықты тапсырма, заманауи кәсіпкерлік қырынан сыр шертетін толғақты тақырып, тартымды бизнес-ойын әзірледік, – деді Татьяна Павловна.
Тізгінді ұстаған компания басшысының біліктілігі белгілі дейік, ал кейінгісінің онымен үзеңгі қағыстыруы да кездейсоқтық емес еді. 19 жастағы Асылбек – жырақтағы Жезқазғанда жүріп-ақ көп шаруаның басын қайтаруға болатынын ісімен дәлелдеген азамат. Мектепті «Алтын белгімен» бітірген ол алысқа аңсары аумай немесе шығандап шетелге шығып кетпей, туған қаласындағы жоғары оқу орнына табан тіреді. Оқып жүріп «Алтын белгі» білім беру орталығын ашты. Математикадан ҰБТ-ға әзірлейтін оның қызметін бүгінде Қазақстанның бірнеше қаласынан үміткер тұтынады.
Бірден айта кетейін, жас та болса тыңнан түрен салып, кездескен қиындыққа қасқая қарсы тұрып, сөйтіп, алға қойған мақсатын орындау жолында тәп-тәуір табысқа жеткен, бүгінде бизнесін дөңгелетіп, ондаған адамды жұмыспен қамтып отырған тігін-тоқыма цехының басшысы А.Эберман, соны сыйлық, керемет кәдесый жасаумен көзге түскен жеке кәсіпкер С.Шин, «Domoy. kz» компаниясының жетекшісі Р.Ахмедов те кездесу кезінде ой бөлісті. Олардың әңгімесі әсерлі шыққаны залдан қойылған сан түрлі сауалдан-ақ айқын аңғарылды.
- Біз – бизнес-кеңесшілер кеншілер қаласына шырайлы шаһардың басшысы Асқар Ыдырысовтың шақыртуымен келдік, – деді Татьяна Хасанова. – Мақсат – кәсіпкерлікке құлшыныс танытқан талапкердің бизнес саласында қайырлы қадам жасауы үшін «Жексенбілік бизнес мектебі» жобасы аясында тәжірибе мен білімді бөлісу. Енді осы жобаның тууына түрткі және идеялық дем берушісі болған, бағдарламаның байыпты шығуы үшін әр бөлімін талқылауға тікелей ат салысқан Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Абылайұлын сахнаға шақырғым келеді.Ең алдымен, баршаңызды «Жексенбілік бизнес мектебінің» тұсаукерімен құттықтаймын! Мұндай бизнес мектебі қалада тұңғыш рет ашылып отыр. Оның бірнеше негізгі себебі бар. Біріншіден, биыл – «Жастар жылы». Бүгінгі жас буын – біздің үмітіміз, сенімді тірегіміз. Екіншіден, қалада кәсіпкерлікті қолдау құралы жеткілікті, бірақ, идея мен кәсіпті игеруге білім кемшін.
Үшіншіден, қалада жас кәсіпкер саусақпен санарлық. Мен бұл туралы биыл халықпен есепті кездесу кезінде де айтқанмын. Мына жоба – содан нақты қорытынды шығаруға жасалып отырған алғашқы қадам. Әрине, бәрі бірдей бизнесмен болып кетпес, бірақ, салаға серпіліс беретініне сенемін.
Қазір әлемге әйгілі небір ірі компанияның негізін кезінде жас кәсіпкер қалаған. «Фейсбукті» Марк Цукерберг – 19, «Майкрософты» Билл Гейтс – 20, «Apple» компаниясын Стив Джобс 21 жасында құрған. Бұл компаниялар бүгінде жүздеген мың адамды жұмыспен қамтып, бюджетке қыруар қаржы түсіріп отыр.
Гарвард профессоры Иозиф Шумпетердің: «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу» деген сөзі бар. Тың идеяны, ешкімнің ойына келмейтін істі қолға алу керек. Кәсіпкерлік – жаңашылдық іс. Нағыз кәсіпкер – өнертапқыш.
Бизнес-тренингтің есігі баршаға ашық. Дәл бүгінгі кездесуге тек жастар ғана емес, кәсіпке ынтасы бар бірнеше көп балалы ана да қатысып отырғанын атап өткім келеді. Жалпы бизнес-тренингке жобамен 400-ге жуық адам жиналды. Ал, бұрын мұндай басқосуға көп болса 30 адам қатысатын.
Мемлекет тарапынан әр салаға жаңа технология, инновация, озық тәжірибе енгізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкер үшін грант бойынша бөлінетін қаржы көлемін екі есе арттыруды тапсырды.
Тағы бір айта кететін мәселе: жасыратыны жоқ, бүгінде цифрлы технологияға тәуелдіміз. ХХІ ғасыр – табысты технологияның алтын ғасыры. Қазір интернетдүкен, интернет-бизнес көп. Олардың не кеңсесі, не өз көлігі жоқ. Алайда, қаншама қаржы тауып отыр. Сондықтан, кәсіп ашуда цифрлы технологияның атқаратын маңызы зор.
Кәсіп ашу үшін алдымен – айқын мақсат, сосын, сол мақсатқа сай терең білім керек. Дана халық: «Кәсіп түбі – нәсіп» деп бекер айтпаған. Бизнеспен айналысуға бел буған ізденгіш, жан-жақты қабілетті азаматтар арамызда отыр деген сенімдемін. Қазақта: «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» деген қанатты сөз бар. Ендеше, іске сәт! – деді қала басшысы.
Осыдан кейін «Жексенбілік бизнес мектебі» өз жұмысын бастап кетті. Тізгінді бизнес-бапкерлер – бизнесте бағыт-бағдар беретін Татьяна Драх пен кәсіпкерге психологиялық жағынан жәрдемдесетін Тимур Рахымжанов алды.
Әлібек ӘБДІРАШ