Бизнеске қажеті – тұрақтылық
Бұл сайлауды өзгерістің бастауы деп қабылдадым. Өйткені, осы сайлау нәтижесі тәуелсіздік алған уақыттан бері қол жеткізген жетістіктерімізді саралап, озығымызды іліп алып, кемшілігімізді түзейтін реформаларға жол ашады.
Еліміздің жаңадан сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаның маңызы зор екенін қадап айтты. Біріксек, алынбайтын қамал жоғын да тілге тиек етті.
«Шын мәнінде, биыл оңай болған жоқ. Бірақ, халқымыз жұмылып, қиындықтардың бәрін еңсерді. Енді алдымызда тұрған өте ауқымды міндеттер, мақсаттар бар. Атқаратын жұмыс әлі де көп», – деді Мемлекет басшысы. Кейінгі уақытта қолға алынған түбегейлі бетбұрыс еліміз үшін мәні терең қадам екенін де еске салды.
«Саяси реформалар жүзеге асырылып жатыр. Жазда жалпыұлттық референдум өтті. Енді, міне, кезектен тыс Президент сайлауы өткізіліп жатыр» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы келешекте бұл жұмыстар жалғаса беретінін айтты.
Әрине, бизнес үшін мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетілуде. Жеңілдетілген несие, субсидия, лизинг – мұның барлығы – Мемлекет басшысының сарабдал саясатының жемісі. Кәсіпкерлік орта үшін ең қажет климат – тұрақтылық. Елдегі тұрақтылық инвестиция үшін тартымды. Жаңа Президентіміз осы тұрақтылыққа, тыныштыққа кепіл болады деп ойлаймын.
Қуандық ҚАЗАНҒАПОВ,
«Polymet Solutions Corporation» ЖШС бас директоры.
Бұқар жырау ауданы