Жаңалықтар

«Бізге мемлекеттің тұтастығы керек»

Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайдың V отырысында көтерілген мәселелер қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әсіресе, «Вице-президент қандай құзыретке ие болады? Парламенттің аты ғана өзгере ме? Қазақстан халқы Ассамблеясын алмастыратын Халық кеңесі қандай міндеттер атқарады?» деген сауалдар жұрттың көкейінде жүр. Осы сауалдар төңірегінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстағы филиалының директоры, Қарағанды облысының қоғамдық кеңесінің төрағасы Серікжан Байбосынов­пен сұхбаттасқан едік.

Сурет Серікжан Байбосыновтың мұрағатынан

– Серікжан Берікбайұлы, қоғамда қызу талқыланып жат­қан саяси реформа болжамдары ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Сіздің ойыңызша билік құрылымына қайтадан енгізілгелі отырған вице-президент лауазымына қандай міндеттер жүктелуі мүмкін?

– Жалпы бұл бізге таңсық лауазым емес. Себебі, вице-президент лауазымы тәуелсіздіктің алғашқы таңдарында болған. Белгілі бір деңгейде өзінің рөлін атқарған институт. Бірақ сол кездегі жағдай мен қазіргі саяси жағдай мүлде басқа. Біріншіден – сол кезде рес­публиканың әлеуметтік-экономикалық жағдайы басқа болды. Сонымен қатар, саяси жүйенің нақты бағыт-бағдары айқындалмады. Бағыт-бағдарды айқындау үшін Батыстағы дамыған елдердің құрылымынан үлгі алдық. АҚШ секілді алпауыт мемлекеттерде вице-президент лауазымы өзінің тиімділігін көрсетті. Сол себепті де алғашқыда осы институтқа сенім артылды. 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғанда, «бұл институт өз міндетін атқарып болды» деген желеумен өзгертілді. Орнына мемлекеттік хатшы лауазымы пайда болды. АҚШ-пен салыстырмалы түрде алсақ, оларда мемлекеттік хатшы сыртқы істер министрінің рөлін атқарады. Бізде мемлекеттік хатшы бұл рөлді атқарған жоқ. Мемлекеттік хатшы Қазақстанда тікелей елдің идеялогиялық, әлеуметтік мәдени дамуына жауапты болып бекітілді. Сонымен қатар, оқу-ағарту мен ғылым саласындағы жұмыстарды да үйлестіруші институтқа айналды.
Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайдың V отырысында мем­лекет басшысы вице-президент, қазақша айтқанда, Президенттің орынбасары институтын қайтадан енгізу туралы бастама көтерді. Бұл ұсынысы Ұлттық Құрылтай мүшелерінің тарапынан қолдау тапты. Өз жұмысын бастаған Конс­титуциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында осы мәселеге Президенттің кеңесшісі толыққанды тоқталды. Сәйкесінше, Ата заңға жаңа институт туралы арнайы баптар енгізіледі. Мемлекеттік хатшы, мемлекеттік кеңесші институты жойылады. Вице-президент мемлекеттік кеңесші атқарған бағыттағы міндеттерді атқарады, тіпті міндеттемелері толықтырылады деп ойлаймын. Бұл турасында сарапшылар түрлі пікір айтып жүр. «Жаңа институт қазіргі қоғамдық саяси өмірге қаншалықты кірігіп кете алады және қандай өзгерістер алып келеді, мәртебесі қандай болады?» деген сауалдар көптің көкейінде жүр. Сонымен қатар, «қандайда бір жағдайларға байланысты Мемлекет басшының өкілеттілігі тоқтаған кезде вице-президентке оның орнын басатын құзырет беріле ме?» деген сұрақ та бар. Бұның бәрі алдағы уақытта айқындалмақ. Меніңше, бұл лауазым тікелей Президентке бағыныста жұмыс істейтін жауапты тұлғаға айналады. Президент атынан сөз сөйлей алатын құзырет беріледі деп ойлаймын. Президенттің кейбір өкілеттіліктерін жеңілдетуге бағытталған лауазым болатын шығар. Осы мақсатта Мемлекет басшысының бірқатар өкілеттігі вице-президентке берілуі мүмкін.

– Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент атауын өзгерту жөніндегі ұсынысымен бөлісті. Бұл өзгерістен не күтеміз?

– Бұл да елді елең еткізген ұсыныс. «Бұл толықтай құрылымдық реформа бола ма, жоқ саяси ребрединг бола ма?» деген сұрақ туындайды. Саяси ребредингте Парламенттің атауын тек Құрылтай деп өзгертеді, бірақ негізгі функциясы қалады. Меніңше, бұл өзгеріс саяси ребредингтен әлдеқайда тереңірек. Себебі, Сенат таратылады. Мәжіліс те таратылады. Екі ұғым да енді келмеске кететін түрі бар. Жаңадан құрылатын Құрылтай жұмыс бағытын түбегейлі ауыстырмаса да, елдің саяси өміріндегі атқаратын рөлі айтарлықтай өзгерістерге ұшырауы мүмкін. Бұл әрине Конституцияға енгізілетін өзгерістерге тікелей байланысты. Президент Құрылтайдағы депутаттар саны 145 болады деді. Депутаттардың саны бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында азайтылған жоқ. Бұл – қате түсінік. Содан кейін, Президент Құрылтайға депутаттар партиялық жүйемен іріктеледі деді. Бұған да қоғамда түрлі сын айтылып жатыр. Мәселен, «неге жеке округтерден бір мандатты жүйені қалдырмаймыз, неге халықтың ішінен сайламаймыз?» деген сияқты сұрақтар туындауда. Бірақ, жетілген қоғамда партиялық жүйе жұмыс істейді. Әлемнің қандайда бір мықты, дамыған мемлекетін алсақ та, осы партиялық жүйе тиімді деп саналады. Осы тұста Президент ең үлкен саяси өзгерісті бастағанын түсінуіміз керек. Енді саяси партиялар арасында нағыз бәсекелес­тік басталады. Бәсеке бар жерде қарқынды даму да бар. Партиялар осы жүйені халықтың көңілінен шығатындай қылып дөңгелетіп алып кетуі керек. Бұл – жай ғана бәсекелестік емес, ашық бәсекелес­тік. Егер партиялар жабық жүйеде жұмыс істейтін болса, бұл кез келген реформаны тежейді. Бұрын праймериз деген болған еді. Дәл сондай болмаса да, партияішілік ашық бәсеке жасап, кандидаттар тізімін таңдай алса, реформа өз жемісін береді деп ойлаймын.
Қоғамда түрлі пікір бар. Консервативті, радикалды пікірлер сияқты әртүрлі пікірдің барлығы Президент назарында. Солардың барлығын ескере отырып, реформаны бастап отыр. Мемлекет басшысы ел дамуына қажетті маңыз­ды өзгерістерді жасамас бұрын бүгінгі қоғамның талаптарын басты назарға алатынын ескерген жөн. Біздегі саяси жүйенің, қоғамның саяси картада ілгерілегенінің бір белгісі – Қасым-Жомарт Тоқаев демократиялық қадамдарға барып отыр. Ең бір жарқын көрінісі – «Президент тағайындайды» деген квоталар азайтылды. Бұл квоталар Сенатта да, Парламентте де, Ассамблеяда да бар еді. Қазір Президент өзінен мұндай құзыретті алып тастап отыр. Бәрі сайлау арқылы таңдалады. Санаулы ғана квоталарды қалдырды. Әйелдердің, жастардың биліктегі жауапты қыз­меттерге тағайындалуы сол қалпында қалды. Бұл шешімді өзім құптаймын. Қазір жас толқынға қолдау көрсету маңызды болып тұр. Терең ойлаған адамға бұл өзгерістердің артында зор жетістіктер жатыр.
Елімізде ауыл әкімдері 4 жылдан 2 мерзімге ғана сайлана алады. Тіпті Президенттің де өкілеттігі шектелген. Бір рет 7 жылға ғана сайлана алады. Меніңше, Құрылтай депутаттарының да өкілеттігін шектеу керек. Ол депутат қанша жерден білімді болса да, орнын басқаларға босатқаны абзал. Жасыратыны жоқ, кейбір депутаттар ондаған жыл жылы орнынан тапжылмайды. Қоғам өзгереді, көзқарас өзгереді, саясат өзгереді, ғаламдық, ішкі құрылымдар өзгереді. Өзгерістерге икемді болу үшін маңызды лауазымдарға жаңа тұлғалардың келгені дұрыс деп есептеймін. Ілгерілеу үшін жаңа идеяларға жол ашу керек.
Парламент төңірегінде жасалып жатқан реформалар сәтті жүргізілсе, Президент өзі айтқан «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беруші Үкімет» қағидасы толық іске асады деп сеніммен айтуға болады.

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан халқы Ассамблея­сын» тарату ұсынысы да ел тарихындағы айтулы мәлімдемелердің бірі болып қалады деп ойлаймын. Бұл – ел күтпеген мәлімдеме десек те, «Ассамблея миссиясы аяқталды» деген пікірлер қоғамда кейінгі жылдары ауық-ауық естіле бастады. Қоғам пікірі – мемлекеттің барометрі екені анық. Бұған не дейсіз?

– Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде мемлекет ішіндегі титулды ұлттың, яғни байырғы ұлттың саны өте төмен болды. Өзге этностардың салмағы басым еді. Осы тараптан бір жік шықпасын, елдің іші ала тайдай бүлінбесін деген мақсатта осы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» құрылды. Бұл құрылым Қазақстанның тұрақтылығы жолындағы 30 жылдық маңызды миссияны атқарды деп айтуға болады. Тарихи миссиясы аяқталды. Айтылған сын да жетерлік. Жетістіктері де көп. Кейінгі санақ бойынша, қазақ халқының үлес салмағы 70-80%-ға жетті. Біз «Моноұлт» дәрежесіне жетіп қалдық. Бұл – Ұлттық Құрылтайда айтылған ең маңызды мәлімдемелердің бірі деп есептеймін.
Халық Кеңесінің құрамын Президент өзі тікелей тағайындайды. Халық Кеңесіне заңдарға бастамашы болуға құқық беріледі. Жылына бір рет жиналады. Кеңестің жоғарғы органы сессия болады. Президенттің көзқарасы бойынша, Ассамблея, Қоғамдық келісім секілді ұйымдардың жұмысы тоқтатылады. Бір сөзбен айт­қанда, бұл жүйе де құрылымдық өзгеріске ұшырайды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың мінбе­рінде: «Бұрын да айтқам, қа­зір де атап өткім келеді: біз «та­рихи жарақат алған» ұлт психологиясынан біржола ары­луымыз керек. Басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін басқа халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз», – деді. Расында қоғамда болып жатқан түрлі жағдайларға, әлеуметтік желідегі дабыраға үңілсек, осы психологияның өршіп тұрғаны байқалады. Бұның алдын алмаса, жаһан жұртына бейбітшілікті басты ұстанымы етіп отырған Қазақстанның абырой-беделіне нұқсан келтіруі мүмкін ғой…

– Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» шығармасында Тұрар Рысқұловқа қатысты бір эпизод бар. Сол эпизодта «Ескі қиды қазсаң, сасығы шығады» деген сөз бар. Мұнда мағынасы зор пәлсапа жатыр. Өткенді есте сақтау – өшпенділіктің отын тұтату үшін емес, сабақ алу үшін ғана керек. Өкінішке қарай, бүгінде азаматтық көзқарас пен пендешілік көзқарас­тың ара-жігін айыра алмай жүрміз. Белгілі бір деңгейде абыройы бар, аудиториясы қалыптасқан кейбір азаматтар шындықты айтамыз деп, халықтың арасында іріткі туғызып жатады. Әлемдік саяси карта дүрлігіп тұрған кезеңде бұл өте қауіпті. Бізге мемлекеттің тұтастығы керек. «Бетегең кетсе, бел қалар, бектер кетсе, ел қалар, бірлігің кетсе, нең қалар?» деген аталы сөз бар. Мемлекет болудың алғышарты осы – бірлік. Айтылатын шындық бар, айтылмайтын шындық бар. Кейбіреулер ел назарын өзіне аудару үшін шындықты шырылдатып айтушының рөліне еніп кетеді. Мұнда бір адамның белін сындырып жіберетін өте салмақты жауапкершілік жатыр. Ата-бабаларымыз ел болу үшін талай соғысты бастан өткерді, небір зұлматты да көрді. Жер бетінде ауыр тағдырды бастан өткерген қазақ халқы ғана емес. Бәрі неше түрлі қиындықтан өтті. Енді соның бәрін қазбалап, кек қуалап кетсек, соңы әлбетте жақсы болмайды. Бұл – ақылға сыймайды. Өткен іс өтті. Болашаққа қарау керек.
Ынтымағы мен бірлігінен айырылған елдердің қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көріп отырмыз. Бірлігінен ажыраған елдің рухы төмендейді, экономикасы да қаусайды, өзге мемлекеттермен дипломатиясы да бұзылады. Мұндай кері жолға түскен елдің қайтадан аяққа тұрып кетуі неғайбыл.

– Серікжан Берікбайұлы, тұщымды жауаптарыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button