«Біздің қоғамға тең көзқарас қажет»
Жыл сайын ел бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға бөлінетіні белгілі. Биыл бұл салаға 9,8 триллион теңге қарастырылған. Оның 6 триллионы әлеуметтік төлемдерге, 2,4 триллионы – денсаулық сақтау саласына және бір триллионнан астамы білім беруге бөлінген. Елдің әлеуетінің артуы денінің саулығына тікелей байланысты. Салада түрлі бастамалар қолға алынып, жобалар жүзеге асуда. Қарағандыдағы профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана аймақтың ғана емес, республика бойынша үздік денсаулық сақтау мекемелерінің қатарында. Аурухана директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиев клиниканың өткен жылғы жұмысын қорытындылап, жаңа жылдағы жоспарларымен бөлісіп, сұхбат берді.
– Еркін-Дәуір Төлеуұлы, жылды қалай қорытындыладыңыздар? Өткен жыл несімен есте қалды?
– Ауруханада былтыр алғаш рет робот ассистенттің қатысуымен ота жасалды. Облыстың бас нейрохирургы Ғабит Махамбаев өткізді. Нәтижесі жақсы. Сонымен қатар, біздің клиника Қазақстанда бірінші болып табан буынын эндопротездеді. Мұндай 3-4 ота жасалды. Айтарлығы науқастар қатары артты. Алдындағы жылмен салыстырғанда медициналық көмек көбірек көрсетіледі. Ортопедия, нейрохирургия, офтальмология бойынша осы жылға кезек толып қалды. Мысалы, көз ауруларының клиникалары қалада жеткілікті. Бірақ, бізге келгісі келетіндер көп. Кезек республикада ең көбі шығар. Биылға офтальмологиялық қызметке кезек өткен жылы қарашада толық болған. Сол сияқты протездеуде де кезек бар. Қазақстанда мұндай бағыттағы көмек көрсететін емдеу мекемелері көп болса да, халық бізді таңдайды. Нейрохирургия да сол сияқты. Клиниканың сұранысы жоғары. Әрине, шағым да, проблемалар да бар.
– Халықтың алғысы көп пе, шағымы көп пе?
– Шағым да, алғыс та айналып келгенде бір бөлімшеге, сондағы қызметкерлерге айтылады. Бұл қалай деп шынымен ойландым. Барлық науқаста бірдей жағдай, бірдей ауру, оған жүргізілетін ем де бір. Мәселе – түрлі көзқараста. Бір жайтқа әркім әртүрлі пікір білдіруі мүмкін. Бұл – тіпті, көп жағдайда ауруханада жатқан науқастардың емес, олардың туыстарының пікірі. Науқастардың өзі сирек шағымданады. Жалпы, шағым азырақ, алғыс көбірек.
– Қалай анықтайсыздар, мониторинг жүргізесіздер ме?
– Біз тоқсанына, жарты жыл сайын мониторинг жасадық, арнайы бағдарламасын да жасадық, сауалнама толтырдық, бағаладық. Бірақ, бірдей бағалау мүмкін емес. Мысалы, өте ауыр науқастар түсетін инсульт бөлімін жоспарлы бөлімшемен салыстыра алмаймыз. Бұл салыстыру тең емес. Алайда, біз өзіміздің «проблемный» жерлерімізді білеміз.
– Мәселен…
– Біз үшін бұл – қабылдау бөлімі. Жоспарлысы да, шұғылы да сонда жиналады. Ауруханаға жылына орта есеппен 250 мың адам келеді десек, олардың соңынан кем дегенде бір-екі адам келеді. Сонда миллионнан асады дей беріңіз. Былтыр мәселен, біздің клиникаға барлығы 278 мыңнан астам келіпті. Оның ішінде, ауруханаға жатып шыққаны, травмпунктке, кеңес алуға жүгінгендері бар. Клиникалық 18 бөлімше бар. Одан бөлек, зертхана, рентген, қабылдау бөлімі, реанимация және басқаларын қосқанда 50 шақты бөлімше болады. Бұл өте көп. 1200-ден астам қызметкер істейді.
– Олардың жұмысын реттеу қаншалықты қиын?
– Жұмыс жүйелі жүргізіледі. Күнделікті қалыптасқан тәртіп бар. Аптасына бір рет бөлімше меңгерушілерін, бас медбикелер мен дәрігерлерді жинап, өткен аптаны қорытындылаймыз. Көбінесе оларды шақырғанша, өзіміздің бара салғанымыз жақсы.
– Кадр тапшылығы бар ма?
– Бар, бірақ, қатты тапшылық сезініп отырған жоқпыз. Соңғы 5-6 жылда өз қаражатымызбен, денсаулық сақтау басқармасының, жергілікті билік ұсынған гранттар есебінен мамандарды оқытып алдық. Бірақ, кетіп жатқандар да бар. Басында мамандар кеткен кезде, ренжіп, қиналатын едік. Қазір біз клиникамыздың тәжірибе жинақтау үшін үлкен мектеп екенін түсіндік. Басқа жерде мұндай білім мен білік жинай алмайды жастар. Біздегі операциялық белсенділік өте жоғары – 73%. Күніне кемі 50 шақты, аптасына 400-дей ота жасалады. Өзім де уақытым болса, аптасына 1-2 рет ота жасаймын.
– С.Сейфуллин көшесіндегі филиалда қазір қандай көмек көрсетіледі?
– Онда жоспарлы бөлімше, екі ортопедия, іріңді жарақат және оңалту бөлімшелері бар. Ол жақ кішкене тыныштау.
– Биылғы жылға қандай жоспарларыңыз бар?
– Инфаркт емдеу бойынша құралдар алуға «Қазақстан халқына» қорына сұраныс бердік. Негізі клиникада бұл қызмет түрі жоқ. Түскен науқастарды басқа ауруханаларға жібереміз. Бірақ, енді өзімізден де ашқымыз келеді.
– Оған мамандарыңыз бар ма?
– Бұл қазір ғана қабылданған шешім емес. Мамандарды даярлағаннан кейін беріп отырмыз өтінішті. Клиника 27 профиль бойынша қызмет көрсетеді. Қазір аурухана өзінің барлық қуатында жұмыс жасап тұр. Оны арттыру үшін клиниканың аумағын кеңейту керек. Болашақта осы жерден қабылдау бөлімін жасағымыз келеді, жобасы да бар. Бір қабат толығымен қабылдау бөлімі болады. Екіншісі реанимация, бесінші қабат толығымен операциялық блок болады. Оның жобасы бұрын жасалған еді, ковид кезінде аяқсыз қалды.
– МӘМС-пен мәселе жоқ па?
– Жыл басында қарыздар болған кезде қорқақтап едік, кейін төселдік. Жалпы, бұл сақтандыру жүйесінің орнында басқа болса да сын айтылар еді. МӘМС салаға ақша әкелгені рас. Медициналық қызметкерлердің еңбекақысы өскені рас, көрсетілетін қызметтер қатары көбейді. «Кезек көбейді» дейді, бірақ, көрсетілген қызметтердің статистикасы өскені нақты ғой. Алдыңғы жылдармен салыстырса, қызметтер артты, құралдар жақсарды, медициналық нысандар саны көбеюде.
– Депутаттық қызметте қандай мәселелерді шешуге атсалысасыз?
– Жарықтандыру, асфальт төсеу сынды жалпы мәселелер айтылады көбінесе. Қабылдау жүргізетін кесте бар. Дегенмен, халық осы жерге де келе береді. Зейнеткерлер, көпбалалы аналар жеке мәселесін айтады. Саяжайлардың күйі, қоқыс шығару, суағарларды тазалау, ағаш кесу сынды мәселелер. Учаскедегі мекемелер де түрлі мәселемен келіп жатады. Әкімдікпен бірге шешіледі. Алайда, мәселенің оң шешілуі үшін тұрғындардың өздері де белсенді болуы тиіс. Олар әуелі өзара кеңесіп, келісулері керек. Осы тұрғыда белсенді тұрғындар да бар, құр айтып-айтып қоятын адамдар да бар.
– Сіздің ойыңызша, әділетті қоғам неден басталады?
– Барлығына тең қарау керек. Теңсіздік көпшіліктің ашу-ызасын келтіреді. Қоғамда орын алып жатқан барлық процесте тең қарым-қатынас болуы қажет. Барлық кезде дәрігер, барлық кезде әкімдік кінәлі бола бермейді. Мемлекеттік қызметкерлер де, кәсіпкерлер де қорғалмаған. Біз туындаған мәселені шешуге тырыспаймыз, кінәліні іздейміз. Ал таптық, кінәліні, сосын не істейміз? Бұл бірінші кезектегі шаруа емес негізі. Әуелі «Мәселені қалай шешеміз? Не істейміз? Қандай ұсыныстарыңыз бар?» деген нәрсе айтылуы тиіс. Барлығында әділетсіздікке төзбеушілік қалыптасуы керек адамдарда. Бір мәселе бойынша екі шешім болмайды.
– Осы тұрғыдан қарасақ, қоғамдық оптимизм қашан қалыптасады деп ойлайсыз?
– Қоғамдық трансформация өз деңгейінде жүрмей жатыр. Пазлдың бір жері келіспей тұрған сияқты. Мен Президенттің Жолдауын барып тыңдадым. Қаншама тамаша ойлар мен пікірлер айтылды. Біздегі «еститін мемлекет» жүйесі шағымдарды ғана естиді. Оған зор әкімшілік ресурс жұмсалады. Шағымдарды ғана емес, ұсыныстар мен пікірлерді де ескеру керек.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»