Руханият

«Бізді қандай болашақ күтіп тұр?»

Қарағандының кеншілер мәдениет сарайында «Tauelsiz» ART жобасының ұжымы «Жерге табын адам енді» деп аталатын жаңа форматтағы кеш өткізді. Жобаның негізгі мақсаты – жер шарындағы экологиялық проблемаға тоқталу. Кештің мазмұны да осы тақырып төңірегінде құрылған. Су тапшылығы, ауаның ластануы, өзендер мен көлдердің, теңіздердің тартылуы, жаһандық жылыну, жер қыртыстары мен ауа қабаттарының зақымдалуы, жерасты байлықтары үшін болып жатқан қантөгістердің салдары, қоғамның беталысы секілді мәселелер көрерменге поэзиямен, әнмен, театрландырылған көрініспен жетті. Қазақ даласындағы аштықтар мен Семей полигонының қасіреті де қамтылған. Мұндай форматтағы кештер бұрын-соңды Қарағанды шаһарында болмаған.

Сурет ұйымдастырушылардан

Ерекше форматтағы кеш жасанды интеллекті мен балақайдың екеуара әңгімесімен басталды. Бала смартфонындағы жасанды интеллектімен адамзат баласының болашағы турасында сұхбаттасты. Бұл детальдан да бізді толғандыр­ған келешегіміздің төбесі көрінеді.

– Сәлем, GPT! Бізді қандай болашақ күтіп тұр?

– Сәлем, балақай! Болашағымыз жар­қын болуы екіталай. Технология қарқынды дамиды. Өздігінен басқарылатын ұшақ­тар мен дыбыс жылдамдығымен қоз­ғалатын көліктер пайда болады. Адамдар ақылды үйлерде тұрады. Мұның барлығы тиісінше қоршаған ортаға кері әсерін тигізеді. Су, өсімдік, тіпті, ауа тапшы болуы мүмкін.

– Мәссаған, шынымен солай болмақ па?

– Саған тек маған мәлім ақпараттарға сәйкес болжам жасадым. Келешек қандай болатынын елестетіп көрейік: Каспий теңізінің 27%-ы тартылады, мемлекеттер арасында ядролық соғыс оты тұтанады, адамдар арасында зорлық-зомбылық күрт артады, мәңгі өмір сүруге талпыныс жасалады, қоқыстың салдарынан ауа рекордты мөлшерде ластанады, 4 млрд-қа жуық адам сусыз қалады.

Адамзат тарихынан, мыңжылдықтар бойы қалыптасқан болмысынан хабардар жасанды интеллектен мұндай әңгіме есту – әлбетте көңілге қорқыныш ұялатады. Жасанды интеллект «адам баласы өзін-өзі тығырыққа тірейді» дегенді алға тартады. Төніп келе жатқан алапат қауіпке өзіміз кінәлі екенбіз. Сенбесіңе амал жоқ.

Кеш мазмұны осы балақай мен жасанды интеллектінің әңгімесімен өрбиді. Баламен көпті көрген ақсақал емес, жасанды интеллект сөйлесіп отыр. Бала жападан жалғыз. Осының өзі төніп келе жатқан қасіреттен хабар беретіндей. Адам мен адам тілдесуден қалып барады… Адам табиғатында да өзгерістер орын алуда.

Келесі бөлімде қазақ даласындағы аштық сахналанды. Аштықтың салдары және қасіретті кімдер қолдан жасағаны, бәрі-бәрі көркемсөзбен, өлеңмен, әнмен баяндалады. Осы арқылы адамның қатыгездігі, жауыздығы қандай межеге дейін баратынын көрсетеді. Ғасыр, дәуір өткен сайын қанға, өлімге деген құштарлығымыз өршіп бара жатқандай. Бір ғана адамға емес, әулетке емес, бүтін бір ұлтқа геноцид жасау түкке де тұрмайды екен-ау.

Семей даласының трагедиясы да ауыр тиді. Құнанбай, Абай, Шәкәрім секілді алыптар туған қасиетті топырақ уранға малтып, мүгедек, адами гинетикасынан жартылай ажыраған ұрпақтың зары айтылды.

«Tauelsiz» ART жобасының жетекшісі Руслан Жұбаныш «Экология – осы күнде­гі ең өзекті проблема» екенін айтады. Бұл жобаның басталғанына 5 жыл болған. Содан бері еліміздің бірнеше қаласына барып үлгерген.

– 5 жыл бойы ел аумағында осындай кеш­тер бере жүріп, биліктен, немесе, бай аға-көкелерден қаржы алып көрген жоқпыз. Жер шарының тағдырына алаң­дайтын халықаралық ұйымдармен тікелей жұмыс істейміз. Мысалы «Internews» халықаралық ұйымынан грант алдық. «Фридрих Эберт» деп ата­ла­тын германиялық қорымен де қарым-қатынас орнаттық. Осы қорлардың қолдауымен Семейге бардық. Енді міне, Қарағандыдамыз. Ақтау мен Шымкентке де баруды жоспарлап отырмыз. Қорытынды кеш Астанада өтеді. Ұжымда отызға жуық адам бар. Тақырыпқа сәйкес келетін өлеңдерді, әндерді автордың рұқсатымен аламыз. Арнайы тапсырыспен жаздыратын кездер де болады, – деді Руслан Жұбаныш.

Семей полигонының зардабын тарт­қан жандардың бірі, рухы биік қылқалам шебері Кәріпбек Күйіков кештің арнайы қонағы болды. Кеш соңында сахнаға шы­ғып, шығармашылық ұжымға алғысын жау­дырды.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button