Жаңалықтар

«Біз өнегелі мектептен өттік»

Екі ғасыр арасын жалғайтын – көнекөз қариялар. Олар кешегі мен бүгінгі ұрпақты жалғап, дәстүр мен тәжірибені аманаттап қалдырған көкірегі шежіре толы жандар. Ал, олардың әңгімелері, пайым-парасаты бүгінгі журналис­тер үшін ұмытылмас мектеп іспетті.
Биыл Арқа баспасөзінің қарашаңырағына айналған «Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 95 жыл. Бұл тек газеттің ғана емес, ұлтқа қызмет еткен, қоғамдық ойды қозғап, ақпарат саласында өзіндік мектебін қалыптастырған ұжымның мерейтойы. Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі, журналист Сүйіндік Жанысбаймен аз-кем сұхбаттасқанбыз. Журналистика мектебі, кәсіби тәжірибе жайында сөз қозғап, баспасөздің қоғамдағы рөлі турасында әңгіме өрбіттік…

Сурет газеттің мұрағатынан

– Сонау жылдары журналис­тика мектебі өте керемет еді. Өзіңіз де сол мектептің қалыптас­қан өкілісіз. Бүгінгі күні сондай кәсіби мектеп туралы Сіз қалай ойлайсыз?

– «Ortalyq Qazaqstan» газетіне 1980 жылдың бесінші мамырында келдім. Оған дейін Қарағанды ТРК-да (қазіргі облыстық Saryarqa телеарнасы) бес жылдай істедім. Сол жылдардан бері С.Тұрғынбеков, А.Жанғожин, Е.Лұқпанов сынды жігіттермен етене араласатынбыз. Ол уақытта сенбіде айына бір рет журналистердің саяси оқуы өткізіледі. Бәріміз сол жерде бас қосамыз. Сонда жігіттер «Бізбен бірге «Орталыққа» жүрсеңші. Қазірдің өзінде көлемді мақалаларың газет бетіне жарияланып жүр ғой» деп қолқалады. Ия, ол кезде менің мақалаларым газет бетіне жиі басылатын. Кейін ойлана келе, редактор Р.Сағымбеков ағамызға келіп, жолықтым. Ол кісі қарсы болмады. Сонда 31 жасқа енді толған шағым еді…
Газеттің ауыл шаруашылық бөліміндегі Қ.Сәденов, саясат бөлімінде Қ.Әубәкіров, Б.Мұстафин, өнеркәсіп бөлімінде Қ.Шаяхметов сынды ағаларымызды бұрыннан танитынмын. Бәрі «сен тұр, мен атайын» ақмылтық журналистер. Кейде мақаламызды сынап тастайды. Тіпті, өздері де бір-бірінің мақалаларын сынап, кемшін тұстарын бетке басады. Бірақ, ол кезде «Менің мақаламды сынап тастады. Маған теріс пікір айтты» деген көзқарас мүлдем болмаған. Бәрі дұрыс түсініп, сол кемшіліктерді екінші қайтара қайталамаушы еді. Мінекей, біз осындай ағаларымыздың мектебінен өттік.
Әр журналистің сөз қолданысы мен сөйлем құрауына ерекше мән берілетін. Бір жерден қате кетсе, ол бірден байқалып, сын айтылатын. Сол сынның өзі бізді жауапкершілікке үйретіп, келесі жолы мұқият болуға жетелейтін. Қазіргі таңда басылымдарды парақтап отыр­ғ­анда, тілдік және стильдік қателер жиі көзге түседі. Кейде жас журналистердің сөйлем құрылымында да олқылықтар байқалып жатады. Әрине, бұл – заман ағымымен өзгеріп жатқан ақпарат кеңістігінің бір көрінісі болуы мүмкін. Дегенмен, журналистикада тіл мәдениеті мен сөз дәлдігі әрдайым басты талап болып қала бермек.
Біздің кезде ай сайын журналистерге арналған саяси оқулар ұйымдастырылатын. Облыстың қаламгерлері бас қосып, жарияланған материалдарды талдап, жіберілген қателіктерді бірге саралайтынбыз. Бүгінде сондай кәсіби талқылаулар жоқ. Ал, қазіргі ақпарат тасқыны күшейген кезеңде мұндай тағылымды кездесулердің қажеттілігі сезіліп-ақ тұр.

Алдында отырған Қайыркен Сұлтанов, (солдан оңға қарай) Сүйіндік Жанысбай, Орынбай Аймағамбетов, Жәнібек ­Түсіпбеков, Дәулет Мақашев, Рымқұл Сүлейменов, Амантай Сағындықов, Сапар Әйтенов, Темірғали Шайхин, Зейнолла Ыдырысов.

– Заман ағымына сай өзгеріс – заңды құбылыс. Алайда, фельетон, репортаж, очерк, жолсапар очерктері, шолу мақала секілді классикалық жанр түрлері қолданыстан шығып бара жатқандай. Қайтпек керек?

– Мен ең әуелі қара металлургия және құрылыс бөлімінде жұмыс істедім. Ол бөлімде Аман Жанғожин бөлім меңгерушісі болды. Біз Теміртаудың және облыстағы салынып жатқан құрылыстарға, оның ішінде, ақ, қаңылтыр цехына жауапты болдық. Оған дейін Л.Брежнев Алматыға келіп, «Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткізу керек. Қазақстанда металлургия комбинатында ақ қаңылтыр шығару мүмкіндігі зор. Өйткені, бізде консерві жасайтын металдар жетіспей жатыр» деген болатын. Сол жылы бірден ақ қаңылтыр цехының құрылысы басталған еді. Біз сол жерден үнемі репортаж жазатынбыз. Жалпы, осы бөлімде болғанымда домна пешінен, мартен, конвертер, химия цехына да жиі барып, ондағы қызу жұмысты көзімізбен көріп, репортаж жазып жүрдім. Қара жұмыс жасап жүрген жандар жайында очерк те жаздым. Тіпті, ол жерден сын мақала да жарық көрді. Ол кезде бәрі ашық. Кез келген адам мәселесін өзі-ақ айтып беретін. Қандай жұмыс жасалмай жатқаны, оған нендей дүниенің кедергі келтіріп тұрғаны жайында бүге-шігесіне дейін айтады. Ал, біз сол мәселеге тереңірек үңіліп, проблемасын ашық көтеретінбіз. Егер ондай мәселе газет бетіне шықса, бірден жоғарғы жаққа «Газеттің осы санында мынандай мәселе басылды. Осыған шара қолданып, жауабын беруіңізді сұраймыз» деп хат жолдайтынбыз. Сол кезде газеттің, журналистердің беделі күшті-тін. Іле-шала жолдаған хатымызға жауап келіп, сол жауапты қайта газет бетіне басатынбыз.
Бізде хат бөлімі болды. Оған С.Аңсаров деген ағамыз жауапты. Өте сауатты кісі еді. Журналистердің жоғары оқу орны саналатын Алматыдағы партия мектебін бітірген. Сол кісінің қарамағында да істедім. Әуелде бізде «Бесеудің бұрышы» деген болатын. Оны К.Ермекбаев деген ағамыз жүргізді. Айына бір рет шығатын. Ал, біз фельетон, сықақ әңгімелер беріп тұрамыз. Ол жерде жарияланған мақалаға міндетті түрде жауап келетін. Сол жауапты да сол бұрышқа жариялап тұрушы едік. Кейіннен сол бетке Т.Жүсіпов редактор болып келген соң атауын «Қарағанды қақпаны» деп ауыстырып, көлемін кішірейттік. Сосын «Қақпанға түскен кім еді?» деп біздің жазған фельетондарымызға келген жауаптарды басамыз. Кейінірек, «Қарағанды қақпанын» өзім жүргіздім.
Қазіргі таңда өтірігі жоқ, барлық мекеме өз кемшілігін жасыруға тырысады. Бүгінгі саясат тым басқа. Журналист проб­лемалық материал әзірлесе, жауаптылар «Мынау журналистің жеке пікірі» деп қолды бір сілтейді. Тіпті, баспасөзге назар аудару да күрт төмендеп кетті. Қазіргі қоғамның көзқарасының өзі сондай…

– Сіздің шығармашылық жо­­л­ыңыз­да осы жанрларда жазылған материалдар аз емес екенін білеміз. Соның ішінде, өзіңізге сабақ болғаны туралы айтып берсеңіз…

– Ауылдық жерден хаттар көп түсетін. Соларды іріктеп, ішінен мақалаға арқау болатын тақырыптарды жеке алып, іссапармен барамыз. Күндердің күнінде Молодежный ауданынан (ол кезде жеке аудан еді) Қ. есімді адамнан хат түсті. Өзі кәсіподақ комитетінің төрағасы қыз­метінде екен. Директоры басқа ұлттың өкілі. Қысым жасап, жұмыс істетпей жүрген көрінеді. Сосын деректерді келтіріп, редакцияға хат жолдапты. Сөйтіп, редактордың тапсырмасымен ол жаққа өзім барып қайттым. Әлгі директордың есімі есімде қалмапты. Әйтеуір тегі – Кивелев. Жан-жақты ақпарат жинап, «Бір хаттың ізімен» айдарына көлемді материал әзірледім. Ол кезде «Ара» (Шмель) сатиралық журналының Қарағанды облысындағы меншікті тілшісімін. Оған да жазған фельетонымды жариялап жібергенмін. Кейін «Араға» басылған дүнием орысшаға аударылып, «Шмельге» де басылды. Уақыт өте келе, әлгі директор маған хабарласып: «Сіз менің тегімді қате жаздыңыз» деп дүрсе қоя берді. Сөйтсем, Кивелев емес, Кивелеев екен. «Е» әріпі түсіп қалған ғой. Кейін партия ұйымы редакцияға хат жазып, «Журналистеріңіз басшының тегін қате жазып, мазақ қылды» деп сотқа да берді. Сонымен не керек, одан кейін одақ тарап кетті. Сосын сот та жайына қалды. Екеуіміздің арамыздағы жанжал да сол күйі қалды. Содан кейін адамның есімін жазғанда сақ қарайтын болдым. Тіпті, өз қолымен есімдерін жаздыртып та алып жүрдім.

– Бүгінгі цифрлық дәуірде журналистің рөлі өзгерді ме? Әлде, тек құралдары ғана жаңарды ма? Беделі қандай?

– Қазіргі журналистерге бәрі оңай. Сөзіңді түсіретін диктофон, қарпіңді қатесіз түсіретін компьютерің бар. Одан бөлек, аудармаңызды да қолма-қол жасай аласыз. Өз басым алыс сапарға баратынымда радиоаппаратты ала кететінмін. Оның өзі салмағы алты келідей болатын. Арқалап жүруің қиямет-қайым. Іссапарыңды лентаға жазып, кейін жұмыста тыңдап отырып жеке түсіресің.
Сол кезде журналистердің беделі ерекше жоғары еді. Қайда барсаңыз да, алдыңыздан шығып, «Журналист келді», «Газет қызметкері келді» деп күтіп алатын. Қазіргі таңда журналистерге қатардағы қызметкер ретінде қарайды. Кезінде ел «Есіміміз газетке шығып, жұмысымыз сыналмаса екен» деп алаңдап отыратын.
Журналистердің беделін көтеру үшін, ең алдымен билік өкілдері тарапынан құрмет көрсетілуі қажет. Қазіргі кезде кейбір басқарма басшылары журналистерді қабылдамай, сұрақтарына жауап бермей, немқұрайлы қарайтыны жасырын емес. Осы тұрғыда бүгінгі журналист әрдайым бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды жетік білуі тиіс. Оны тиімді пайдаланып, заң аясында белсенді күресіп жүрген журналистер де аз. Егер біз өз беделімізді шынымен арттырғымыз келсе, заңды жан-жақты меңгеріп, кәсіби әрекетімізді дәлелді негізге сүйеніп жүргізуіміз керек. Сонымен қатар, бұл заңды тек тәжірибелі журналистер емес, жоғары оқу орындарынан бастап, жас мамандарға да жүйелі түрде оқыту қажет. Сол кезде ғана әр журналист өз құқығын қорғауды, жауапкершілікпен жұмыс істеу­ді және кәсіби беделін қалыптастыруды меңгеретін болады.

– Қазіргі таңда баспасөзге жазылу күрт төмендеп кетті. Бұл жайында не айтасыз?

– Республикада бұрын алты күн шығатын төрт-ақ газет болатын. Сол кезде пошта қызметі күнбе-күн жеткізіп, ақпарат жылдам қолына тиетін. Бұл баспасөзге жазылуды белсенді ұстап тұратын маңызды факторлардың бірі еді. Қазіргі жағдай керісінше. Бір аптаның газетін жинап, апта соңында ғана жеткізеді. Соның салдарынан ақпарат ескіреді. Ал, «газет келмейді» деп жазылудан бас тартатын оқырмандар да аз емес. Сондықтан, пошта қызметінің мәселесін жүйелі шешу қажет.
Пошталық мекеме қызметкерлері: «Бізде кадр жетіспейді, айлығы аз жерге ешкім барғысы келмейді. Сол себепті бір адам бірнеше учаскені қатар алып жүр» деп түсіндіреді. Бұл мәселені де шешуге болады. Алайда, түптеп келгенде, кейбір жеткізушілерде газеттің мән-маңызына деген жанашырлық жоқ. Егер басшылық қызметкерлерге дер кезінде жеткізуді қадағалап тапсырса, жағдай басқаша болар еді.
Біздің кезімізде пошта қызметкерлері үлкен қара сөмкені асынып алып, газеттерді уақытылы тарататын. Қазіргі пошташылардың сөмкелері кішкентай, ішіне 3-4 газет қана салып тасып жүреді. Шындығында, әр оқырман газеттің жеткізу қызметі үшін ақша төлейді. Бірақ, сол қаржы жеткізушілерге жетпейді. Міне, баспасөздің пошта арқылы уақытылы қолжетімді болмауының негізгі түпкі себептері осыдан бастау алады.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

Сұхбаттасқан Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button