Биыл өңір ауылдарында 42 фельдшерлік-акушерлік пункт салынады
Ақтоғай ауданының Ақжарық ауылы, Бұқар жырау ауданының Қарақұдық, Новоузенка, Ақтөбе ауылдары, Қарқаралы ауданына қарасты Томар, Ақжол, Татан ауылдары, Шет ауданының Ақшатау, Төменгі Қайрақты, Жұмыскер, Босаға, Көктіңкөлі, Киікті, Бұрма ауылдарында биыл жыл соңына дейін фельдшерлік-акушерлік пункттер салынады. Бұның бәрі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге аспақ. Бұл үшін республикалық жəне жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, мердігерлер де анықталған.
Аталмыш жоба аясында қазір 14 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары үшін республикалық жəне жергілікті бюджеттен – 2,2 млрд. теңге бөлінген.
Негізі, биыл жалпы 42 жоба жоспарланған. Оның қалғаны «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Аталған бағдарлама бойынша Абай ауданының Юбилейное ауылында, Бұқар жырау ауданының Қызылжар мен Қызылқайың ауылдарында, Нұра ауданының Байтуған, Заречное ауылдары мен Осакаров ауданының Озерное ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынады.
Қалған 28 жоба үшін 212 млн. теңге қарастырылып отыр. Ал, келесі жылы 50 нысанның құрылысы жоспарда.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz