Биыл 600 мың қазақстандықтың жалақысы 20 пайызға өседі
2025 жылы Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің жекелеген санаттарының жалақысы 20 пайызға өседі. Бұл туралы 6 қаңтарда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (ЕӘҚМ) баспасөз қызметі мәлім етті.
Кең таралған ақпаратқа сәйкес, жалақыны көтеру келесі мамандықтар бойынша жұмыс істейтін 600 мыңға жуық мемлекеттік қызметкерге әсер етеді:
- бухгалтерлер,
- экономистер,
- заңгерлер,
- мұрағатшылар,
- кітапханашылар,
- мұражайтанушылар,
- орманшылар,
- техникалық қызметкерлер және т.б.
Мәселен, сарапшылар 2022-2025 жылдар аралығында мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы 2 есеге өсетінін түсіндірді.
Сондай-ақ, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық Банк айқындаған инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінің мөлшері 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақылар – 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға жоғары.
Сонымен қатар, 2025 жылы қазақстандықтардың зейнетақысы мен жәрдемақысына бюджеттен бөлінетін сома белгілі болды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА