Бітімі бөлек бұрынғыдан
Мен өмірімді шежіресіз көз алдыма келтіре алмаймын. Менің барлық саналы ғұмырым осы шежіреге байланып қалған. Не жазсам да бір ұшығы қалайда барып шежіреге ұласып жатады.

Сол ұстанымымнан бүгін де тайған емеспін.
Шамамыз жеткенше басқа аталардың да шежіресін түздік. Содан байқағаным шежіре өз алдына тарихсыз, нақты дерексіз де өмір сүре алады екен. Тек, тарихи шындықтан, тарихи санадан ауытқымасақ жеткілікті.
Аңғар Смағұл бауырымыз өзін оқырманына әлі таныта алмай жатыр. Кінә өзінен. Бороздасын кеш тартты. Тау-тасты аралап кетті, жер қазды, кен шығарды, соларға бастық болып кетті.
Бірақ сонда да жазудан қол үзбей келді. Бұл – оның болмысы. Бұл – оның бақыты.
Мәшекең түзген шежірелерден көркем әдебиет оқығандай мағмұрланасың. Шәкәрім шежіресі қиялыңа ерік беріп, шартарапқа жетелейді. Әлихан шежіресін жүгіртіп оқу атымен мүмкін емес, оған түсу үшін кәдімгідей дайындық керек.
Қазіргі шежірешілеріміздің бұған түкіргені бар. Кімнен кім туды – соны тізіп шығады. Ең қасіреттісі соны өздері шежіре деп қабылдайды. Және елге солай таратады.
Әрине, ондай түзілімдерде жеке бастың, болмаса жекелеген рулардың мүддесі жатады. Алайда оларының қазақ шежіресіне кіріге қояды деп айта алмас едім.
Шежіре түзу үшін моральдық құқығың болуы керек. Шежіре түзу деген ең алдымен – жауапкершілік. Орынсыз шежіре ел арасын ашуға дейін барады. Ал, бұл өте қауіпті. Шежіре деген – ел мен елдің басын қосатын айрықша жанр.
Жасыратын ештеңесі жоқ, бүгінгі шежіренің маңыздылығын түсінбеушілік бар. Текті білмеу тексіздікке апарып ұрындырады. Әрі-беріден кейін елге қарай алмастай қарабет қылады.
Тартынатын ештеңесі жоқ, ұнап қалған жаныңның тегін алдымен сұрау керек. Қалғаны содан кейін!
Қазақ шежіресінің отбасылық сипаты осылайша бірден көрінеді. Әрбір қазақ баласы кемі жеті атасын, кемі жамағайынын тарата білуі керек. Мұндай түзілімдер ешуақытта да көптік етпейді.
Адамның өзін-өзі тануы осы шежіреден басталады.
Аңғар Марғозыұлының мына «Терең тамыры» сондай шежіре!
Мұнда не жоқ дейсіз – бәрі жүр. Шежіре де, тарих та, этнография да…
Олай болса, бұл кітап оқылады. Олай болса, бұл кітап өзін-өзі ақтап тұр.
Төрехан МАЙБАС,
жазушы