Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау басталды
Астанада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев және оқиға болған гастро-орталықтың директорына қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды, деп хабарлайды ortalyq.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Іс елорданың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Судья — Айжан Құлбаева.
Айта кетсек, алдын ала тыңдауға 80-ге жуық БАҚ өкілі қатысып отыр.
Соттың ақпаратында айтылғандай, күдікті Қуандық Бишімбаевқа ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша адам өлтіру, қасақана, аса қатыгездікпен адам өлтіру, Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша материалдық жағынан тәуелдi адамды жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылып отыр.
Ал екінші күдікті Бақытжан Байжановқа (оқиға болған гастро-орталықтың директоры – ред.) Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша аса ауыр қылмысты жасыру және Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған.
Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА