Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жыл

“Бірлігі кеткен ел жаман”

     Соңына сөнбес қасиет пен өлмес өсиет қалдырған Қаздауысты Қазыбек би дегенде, көкірегі ояу қазақтың көз алдына дала демократиясының даңқты тұлғасы елестейді. Немесе 17-18 ғасырларда Орта Азия жерінде жауласқан қуатты хандықтар – Қазақ, Қалмақ арасындағы бітіспес дау-жанжалды өз ұлтының пайдасына шешіп, жоңғар билеушісін күшімен емес, мысымен, сөзінің сұсымен ықтырып отырған айрықша айбат иесін тани кетеміз. ХҮІІІ ғасырда «Танысуға келмесең, Шабысқалы келгенбіз» деп, қаһарлы Қазақ хандығының портретін Қазыбек бабамыздай қалыптаған тұлға кем де кем. Жыраулар поэзиясында кездескенімен, дәл мұндай дәлдікке құрылған образ… қайдам?.. Алаш іргесін бекіткен әулиелі бидің бұл сөзі – ұшан-теңіз мұрасының бір бөлшегі ғана. Анығында, бабаңның әр өсиеті мыңжылдықтарда мұқалмас мұрат. Осыны ескерген біз бәрін қамтымасақ та, газет бетінің көлемі көтергенше Қазыбек бидің биліктері мен шешендік сөздерінің бірсыпырасын жіпке тізгенді жөн көрдік. Мархабат!

 

♦ ♦ ♦

Бір дегеніңіз — бірлігі кеткен

ел жаман.

Екі дегеніңіз — егесіп өткен ер жаман.

Үш дегеніңіз — үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман.

Төрт дегеніңіз — төскейге

шыға алмаған кәрілік жаман.

Бес дегеніңіз — білікті адамнан белгілі бала тумаған жаман.

Алты дегеніңіз — аймағын билей

алмаған адам жаман.

Жеті дегеніңіз — жетем деген

мақсатына жете алмаған жаман.

Сегіз дегеніңіз — серкесіз бастаған

қой жаман.

Тоғыз дегеніңіз — толғанғаныңыз.

Он дегеніңіз — өткеніңіз,

о дүниеге жеткеніңіз.

♦ ♦ ♦

Балаң жаман болса,

Көрінгеннің мазағы емес пе!

Атың жаман болса,

Шыбын жанның азабы емес пе!

Қатын жаман болса,

Бұл жалғанның тозағы емес пе!

Туған балаң жақсы болса,

Тән мен жанның шырағы емес пе!

Мінген атың жақсы болса,

Бұл дүниенің пырағы емес пе!

Алған жарың жақсы болса,

Жиғаның мен мейманыңның

тұрағы емес пе?!

♦ ♦ ♦

Ерден ердің несі артық,

Ептестірген сөзі артық.

Малдан малдың несі артық,

Бір-ақ асым есі артық.

Жерден жердің несі артық,

Бір-ақ уыс шөбі артық.

Міндетіне алған сөзден

шегінген жігіттен,

Өлген аюдың өті артық.

♦ ♦ ♦

Арық емес, қатумын,

Бала кезден татумын.

Көшершілік кезде түйе азады,

Көктемде бие азады.

Жетімдік көрсе, қыз азады.

Жаугершілік кезде ер азады.

Ермен бірге ел азады.

Тағындағы хан азады,

Табындағы би азады,

Сендей бейқам би

Арғынның түбін қазады.

♦ ♦ ♦

Байлық мұрат емес,

Жоқтық ұят емес.

Теңін тапқанды тегін бер

Қосағымен қоса ағарсын!

♦ ♦ ♦

Ауруын жасырған ажалсыз өледі,

Зорлықтан қорыққан амалсыз көнеді.

Айтайын десе бұған сор.

Айтпайын десе елге сор.

Отыз тістен шыққанды

отыз ру ел білер.

Қазақтың қайғысы қалмақ еді,

Ептеп жауын алмақ еді.

Мынау берекені бұзатын құрт ауру.

Не қылған ауыр салмақ еді.

Қазақтың түбіне жететін ауыр дерт,

Зығыр майындай жайылмаса игі еді?!

♦ ♦ ♦

Бір бала бар —

Атаға жете туады.

Бір бала бар —

Атадан өте туады.

Бір бала бар —

Кері кете туады!

♦ ♦ ♦

Өркенім өссін десең,

Кекшіл болма —

Кесапаты тиер еліңе.

Елім өссін десең,

Өршіл болма,

Өскеніңді өшірерсің.

Басына іс түсен пақырға

Қастық қылма –

Қайғысы көшер басыңа.

Жанашыры жоқ жарлыға

Жәрдемші бол асыға.

Қиын-қыстау күндерде

Өзі келер қасыңа.

Бүгін сағы сынды деп,

Жақыныңды басынба!

♦ ♦ ♦

Алтын ұяң — Отан қымбат,

Құт берекең — атаң қымбат,

Аймалайтын анаң қымбат,

Мейірімді апаң қымбат.

Асқар тауың — әкең қымбат,

Туып өскен елің қымбат,

Ұят пенен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат.

♦ ♦ ♦

Тату болса, ағайын жақын,

Ақылшы болса, ағайың жақын.

Бауырмал болса, інің жақын,

Инабатты болса, келінің жақын.

Алдыңа тартқан адал асың,

Қимас жақын — қарындасың.

Сыбайлас болса, нағашың жақын.

Адал болса, досың жақын.

Еркелейтін немерең жақын.

Өз ұрпағың — шөберең жақын.

Жан серігің жас кезіңнен

Бәрінен де қатының жақын.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button