Теміртау

Бірегей кешен бой көтерді

Жуырда Теміртау қаласында ҚР Конституциясы күні қарсаңында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, химиялық қалдықтарды қайта өңдеу кешені іске қосылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бой көтерген жаңа кешеннің басты мақсаты – үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыра отырып, химиялық қалдықтардың аймақ экологиясына тигізеті кері әсерінің көзін жою.

Елбасы еңбек жолын бастаған қаладағы қай жағымды жаңалыққа болсын құлағымыз түрулі жүреді. Қарағандыдан шыққан соң, Астанаға апарар жолда алдымен алдыңнан шығатын шаһар да сол – Теміртау. Заңғар зауыттардың бұлт бүркіп жатқан мұнара-мұржалары көзге шалынған сайын көк жүзіне көтерілген қалың түтіннің қалай лезде желмен жұтылып жатқанына таңданасың. Таңданасың да, темірден берік тастардың ұндай ұнтақталғаннан қалғаны түтіндей түтіліп біткен-ау деп ойланасың. Әй, бірақ барлық қалдық буға айналып, жоқ болып кете ме? Әлбетте, олай емес.

Кейінгі жылдары «Арселор­Миттал Теміртау» АҚ аса маңызды экологиялық жобаны: кокс-химиялық өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу және қалдықтар орналасқан аумақтың топырақ құнарлығын қалпына келтіруді жүзеге асыруда.

– Сөз бастамас бұрын, ең ал­дымен баршаларыңызды жаңа кәсіпорынның ашылуымен құттық­тағым келеді. ҚР Конституция күні мен Егемендігіміздің 25 жылдығына орайластырылған бұл жобаның «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен қатар, «Теміртау қаласының индустрияландыру картасына» да енетінін айта кеткен абзал. Экологиямызбен қатар өндірісіміз де өрге басып келеді. Келешегінен мол үміт күттіретін бірегей кешенде жаңадан 28 жұмыс орны ашылып, өзіміздің теміртаулықтар тер төгуде, – деді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Анатолий Костюшкин.

Қазақстанда өндірістік қал­дықтарды сақтау ҚР Экология жөніндегі Кодексіне сәйкес, арнайы жабдықталған орындарда жүзеге асырылады. Тіпті, қалдықтардың түріне қарай сақтау мерзімі де бекітілген. Полигонды қолдану мерзімі аяқталған кезде қалдық иесі оны кәдеге жаратуға, қайта өңдеуге және түбегейлі көміп тастауға міндеттеледі.

– Біз «Шайыр Тау» компания­сымен 2012 жылдан бері қызмет етіп келеміз. Біздің қызметтестік өндіріс қалдықтарын басқару бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бұған дейін «Шайыр Тау» компаниясы №1 үйіндіден қалдықтарды алдымен алып, Украинаға тасымалдап, содан кейін барып қана қайта өңдеу жұмысына кіріскен болса, ендігі кезекте, жаңа кешеннің ашылуымен барлық жұмысты бір жерде жасау мүмкіншілігіне ие болды. Қазір өздеріңіз сезіп тұрғандай, сұйық қоймадағы химиялық қалдықтардан қышқылтым иіс шығады. Қалдықтар алаңының қаладан 4,5 шақырым жерде орналасқанына қарамастан, жаз айларындағы аса ыстық күндері бұл иіс тіптен күшейе түседі. Яғни, сәйкесінше ауаға бөлінетін зиянды заттар да болады. «Шайыр Тау» компаниясы бұл қалдықтарды толығымен өңдеп, сұйыққоймаларды тазартқаннан кейін, біз жоғарыда айтылған жағымсыз әсерлерден біржола арылатын боламыз, – деді «Арселор­Миттал Теміртау» АҚ экология мәселелері жөніндегі директоры Галина Дроздовой.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының химиялық қал­дықтарын сақтайтын екі үйіндісі бар. Біреуі 1990 жылға дейін, келесісі 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста болды. Қос үйіндіде барлығы 100 мың тоннаны құрайтын кокс-химиялық өндіріс қалдықтары бар. Атап айтқанда, фус пен қышқыл смолка. Бұл екі зат та қауіптіліктің қызыл деңгейіне, 1-ші топқа енетін қалдықтар саналады. Сондықтан, экологиялық заңнамаларды сақтау мақсатында кокс-химиялық өндірісте фус пен қышқыл смолканы кәдеге жаратуға арналған қондырғылар қолданысқа енгізілген. 1990 жылы жабылған, жалпы аумағы 9,3 гектарды құрайтын 60 449,2 тонна химиялық қалдығы бар №1 үйінді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ болат департаментінен оңтүстік-шығысқа қарай 3 шақырым және ең жақын елді мекеннен 4,5 шақырым қашықтықта орналасқан. Үйінді – гидрооқшауланған және химиялық қорғаныс жасалған темір-бетон құрылымды арнайы екі сұйыққоймадан тұрады.

2012 жылы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы «Сплав» ЖАҚ компаниясымен (2014 жылдан бастап «Шайыр Тау» ЖШС) №1 үйіндіден химиялық қалдықтарды алып, ары қарай қайта өңдеу және жұмыс аяқталғаннан кейін қалдықтар орналасқан аумақтың топырақ құнарлығын қалпына келтіру бойынша келісім-шарт жасасқан болатын. Сөйтіп, 2014 жылы қалдықтар орналасқан аумақтың топырақ құнарлығын қалпына келтіру жобасы бойынша «Шайыр Тау» ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, мемлекеттік эко­логиялық сараптама нәтижесінде оң қорытынды шығарылды. Ал, өткен жылы осы үйіндіде «Шайыр Тау» компаниясы инвестиция тарту арқылы қалдықтарды қайта өңдеу қондырғысын құрастырып, қоршаған ортаға әсерін бағалау жобасы жасалды. Нәтижесінде, көп жылдар бойы жиналған кокс-химиялық өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу және қалдықтар орналасқан аумақтың топырақ құнарлығын қалпына келтіру жұмысы аймақтың экологиялық жағдайын жақсартады.

– Қала әкімдігіне үлкен ал­ғысымды білдіргім келеді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, аз күш жұмсаған жоқпыз. Барлығы 194 миллион теңге қаражат жұмсалды. Бір жылға жуық уақытымыз кетті. Украиналық серіктестерімізді де тарттық. Тағы бір айта кетерлігі, бұл кешен елімізде теңдессіз дүние болып отыр. Қазақстанның бір өңірінде де мұның баламасын кездестіре алмайсыз. Сондықтан, тыңнан жол салған оңай емес қой. Енді, кешеннің жұмыс жасау технологиясына тоқталатын бол­сақ, сұйыққойма бетінде тұрған қалқымалы кешенде өнім 100 градусқа дейін қыздырылып, сорғышпен реакторға жіберіледі. Ол жерде түрлі реогендер қосылып, араластырылады. Сөйтіп, жол төсемелеріне байланыстырушы және қазандықтар жанармайын алмастырушы сынды екі түрлі дайын өнім аламыз. Өнімді өз еліміз бен қатар жақын және алыс шет елдерге (Ресей, Украина) саудалайтын боламыз. Ал, бұл үйіндіде төлқұжаты бойынша шамамен 70 мың тонна қалдық бар. Іске қосылған жаңа кешен күніне 60-70 тонна қалдық өңдеуге қауқарлы. «АрселорМиттал Те­міртау» компаниясымен 5 жылға келісім-шарт жасастық. Сол бес жылдың ішінде аянбай еңбек етіп, Теміртау қаласын бұл химиялық қалдықтардан арылтамыз, жұмысымызды толықтай аяқтаймыз деп ойлаймын, – деді «Шайыр Тау» ЖШС директоры Қанат Қымызкенов.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button