Басты тақырыпЖаңалықтар

Бірегей биіктерге – бекем бірлікпен

     Кеше облыс әкімдігінде облыс активінің мәжілісі өтті. Алқалы отырыста ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауында көрініс тапқан тапсырмаларды аймақта жеделдетіп жүзеге асыру жолдары пысықталды. Әр салада атқарылуы қажет міндеттер айшықталып, тиісті мекемелердің жауапкершілігі нақтыланды.

 

Актив жұмысын облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жүргізіп отырды. Биылғы жылы ел жылнамасы аса маңызды оқиғаларға толы екендігін атап өткен аймақ басшысы айшықты сәттердің қатарында Елбасы Жолдауының да салмағы зор екендігіне тоқталды.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстанның Үшінші жаңғыруы туралы баяндап, елімізді одан әрі дамыту жолында баршамызға зор міндеттер жүктеді. Осы міндеттер мен тапсырмаларды іске асыру арқылы тәуелсіз Қазақстан Республикасы әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің қатарынан орын алатын болады. Біздің халқымызда «Бірлігі бекем ел мықты» деген қанатты сөз бар. Бірлігі мықты және ынтымағы жарасқан қазақстандықтар қандай қиындықты да жеңе алатынын Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде қол жеткізген тамаша табыстарымызды көрсетіп берді, – деді Нұрмұхамбет Қанапияұлы өз сөзінде.

Елбасы Жолдауда ел дамуы келешек бағдары ретінде 5 негізгі басымдық туралы айтты. Олар – экономиканы жедел технологиялық жаңғырту, кәсіпкерлік ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адам капиталы сапасын жақсарту, институционалдық жаңғыру, қауіпсіздік және жемқорлықпен күрес. Аталған басымдықтардың барлығы экономиканың өрлеуін қамтамасыз етіп, әлемнің 30 дамыған елі қатарына қосылу үрдісін жеделдетеді.

Қазақстанның Үшінші жаңғыру кезеңіне Қарағанды облысы биік көрсеткіштермен аяқ басты. Мұны төмендегі деректерден-ақ байқауға болады.

Жыл қорытындысы бойынша ай­мақтық жалпы өнім көрсеткіші 1,3 пайызға артты. Ауыл шаруашылығы өнімдері көлемі 108,6 пайызға жетті. Тұрақты жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес нысандарының саны 7 пайызға ұлғайды. Негізгі капиталға 315,4 млрд. теңге инвестиция тартылып, 340 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 2809 пәтер пайдалануға берілді. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды көрсетті. Сондай-ақ, былтыр Индустриаландыру картасы аясында құны 100 млрд. теңге болатын 10 жоба іске қосылып, 1 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Еңсерілген белестерге көңіл толары анық. Десек те, Елбасы Жолдауында айтылған әлемдік қатерлердің алдын алу үшін өңірдегі жұмыстарды ширата түсу қажеттілігі де туындауда. Сондықтан, облыс әкімі салалар бойынша атқарылуы тиіс ауқымды шаралар легін жауапты мекемелер міндетіне жүктеді.

Алдымен, экономиканы жедел технологиялық жаңғырту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап көрсетті аймақ басшысы.

Индустрияда цифрлық технологияны қолдануда облыстың едәуір тәжірибесі бар. Қарағандыда өндірісте электронды интеллектті белсенді қолданып келе жатқан республикалық фармацевтикалық хаб орналасқан.

Білім беру және қызмет көрсету саласында цифрлық технология жеделдетіп енгізілуде. Бұл тұста оқушының электронды күнделігі, дәрігерге онлайн жазылу мысалдарын айтуға болады. Мұның барлығы тұрғындар тарапынан қолдауға ие болуда. Елбасы 3Д-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету сынды келешегі жарқын салаларды дамытуды тапсырды. Бұл үшін Қарағандының қуатты өндірістік базасы және жоғары ғылыми әлеуеті жеткілікті.

Осы орайда, облыс әкімі облыстың өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасына Технопаркпен бірлесіп, аймақтық инновациялық кеңсе жұмысын ұйымдастыруды міндеттеді.

Жаңашыл технологияларды да­мытқанда дәстүрлі базалық салалар да уақыт ағысынан қалыспауы тиіс. Бұлардың қатарында өнеркә­сіп, ауыл шаруашылығы, көлік логистикасы, құрылыс секторының заман ағымына бейімделе өркендеуі маңызды.

Қарағанды облысында аталған экономикалық базалар ертеден қалыптасқан. Және бұл салалар уақыт тынысымен үндесе қанат жая алатындығын бірнеше қысылтаяң кезеңдерде айқын дәлелдеді.

Қазақстанның Үшінші жаңғыруы аталған дәстүрлі бағыттарда заманауи технологияларды кеңінен қолданып, автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллектті пайдалану үрдісін ауқыммен қолдана отырып, еңбек өнімділігін арттыруға, сол арқылы бәсекеге қабілетті өнім шығаруды міндеттейді. Бұл үшін, әрине, шетелдік инвесторларды көптеп тарту қажет. Сол себепті, жиында облыс әкімі тиісті мекемелерге трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асатын жобалар санын арттыруды алға қойды.

Елбасы Жолдауында шикізатты кешенді қайта өңдеу туралы айтылды. Яғни, металл құрамы аз кендерді тездетіп кәдеге жарату қажет. Бұл бағытта Қарағанды облысында «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС тәжірибелік гидрометаллургиялық зауыт құрылысын қолға алуда. Бұдан бөлек, Жезқазған кен орнында қышқылданған мыс кендерін қайта өңдейтін зауыт құрылысы жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы саласында да жаңашыл жобалар жолға қойылмақ. Мәселен, алдыңғы қатарлы агротехнологиялар, мал сапасын арттыру жұмыстары белсенділікпен қолданысқа енгізілмек. Бұл үшін облыс әкімі облыстың ауыл шаруашылығы басқармасына субсидиялар берудің ережесін өзгерту бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныстар жасау, өңірлердің әкімдерімен бірге селолық жерлерде кооперативтер ұйымдастыру мен жеке қосалқы шаруашылықтардың санын көбейту, жер қатынастары басқармасымен бірге жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру туралы тапсырма берді.

Сонымен қатар, Нұрмұхамбет Қанапияұлы автокөлік жолдары, құрылыс, шағын және орта кәсіпкерлік, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы басымдыққа ие болуы қажет жұмыстар туралы айтты.

Жиында бірқатар сала мамандары сөз алып, Елбасы Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асырудағы мақсаттарымен бөлісті.

ҚарМТУ ректоры, техника ғылымдарының докторы Марат Ибатов, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, «Білім меценаты», Қазақстан халқы Ассамблеясының Жезқазған қаласындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Нұрқазған байыту фабрикасының директоры Мұрат Бөрібаев, «Гиппократ» ЖШС директоры Надежда Хохлова, Кәсіпкерлікті дамыту және қолдау қоры директорының міндетін атқарушы Сайран Сыздықова және Шет ауданындағы «Ақатан» шаруа қожалығының басшысы Біржан Иманов стратегиялық құжатта көрсетілген басымдықтарды орындау бағытында табанды тер төгу қажеттігін жеткізді.

Біржан ИМАНОВ, «Ақатан» шаруа қожалығының басшысы:

Елбасы Жолдауында агро­өнеркәсіпті дамыту туралы айтты. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар іс жүзінде жүзеге асуда. Мәселен, мен мемлекет қолдауы арқасында екі жыл ішінде шаруашылығымды аяғынан тік тұрғызып, қолдағы малды асылдандыруға көңіл бөлудемін. Ресейден 200 асыл тұқымды ірі қара мал әкелдім. Малға, техникаға субсидияны толығымен алып отырмын. Елбасы Үкіметке жергілікті жерлерде кооперативтер санын арттыруды тапсырды. Былтыр Шет ауданында 28 жеке аула бірігіп, «Алға» кооперативін құрды. Бүгінде кооператив 67 млн. теңге жеңілдетілген несие алды. Ал, облыста 230 отбасылық мал бордақылау алаңы мен 8 кооператив жұмыс істеуде. Дені – жастар. Енді, бұл жастар сапалы ет өндіріп, оны шетелге шығаруға күш салмақ. Елбасы ауылдағы жастардың тұрмысын көтеруді тапсырды. Ал, ауылдағы әр жас жігіттің арманы – қора толы мал, үлкен үй және жол талғамайтын көлік. Бұл арманға, тек, мемлекет қолдауы арқылы қысқа уақытта қол жеткізуге болады. Сондықтан, осы керемет мүмкіндікті пайдалана отырып, біз – жастар еңбек етуден қашпаймыз.

Жиынды қорытындылай келе облыс әкімі Елбасы міндеттеген жұ­мыстарды қарағандылықтар дер ке­зінде орындай алатындығына сенім білдірді. Бір жұдырықтай жұмыла, бекем бірлікпен биік мақсаттар жолында талмай тер төгуге шақырды.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Суреттерді түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button